Көрмедегі екі күн

Пятница, 23 Июнь 2017 07:56 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 617 раз

ЭКСПО! Әлемнің ең танымал 35 қаласында 63 рет өткізілген халықаралық көрме! 1851 жылы Англияның «Хрустальды сарайы», 1889 жылы Францияның «Эйфел мұнарасы», 1958 жылғы Брюссельдің «Атомиум» атракционы, 1962 жылы АҚШ-та «Спейс Нидл» тамашалау мұнарасы және 1967 жылы Канадада «Хабитат 67» тұрғын үй кешені осы дүниежүзілік көрмені өткізу кезінде арнайы салынған-ды. Әйгілі ғимараттар бүгінде тарихи оқиғаның жәдігері болып қалды. Ал 2017 жылы Халықаралық көрмені өткізу бақыты Қазақстанға бұйырды.

DSC 0337

Шымкент қаласынан алғашқылардың бірі болып Астанаға жол тартқан 150 оқушымен бірге «Шымкент келбеті» газетінің атынан мен де іссапарға аттандым. Іссапарда менен бөлек, 1 педиатр, 1 медбике және әр 10-15 балаға жауапты болып бекітілген бір-бір мұғалім бар еді. Экскурциялық команда «Zhana Talap» спорттық-туристік агенттігі директорының орынбасары Ғани Назарбектің жетекшілігімен жүріп отырды.

Астанаға 12 маусым кешкісін жетіп, Назарбаев университетінің жатақханасына жайғастық.

DSC 0393

Жас қала, арман қала – Астана балалардың қиялына қанат бітіргендей. Тіпті, олар Назарбаев университетінің жатақханасына түскенін жақсы ырымға балап, «осы университетте жоғары білім алу бақыты бұйырсын» деп тілек тіледі.

 

ЭКСПО – ертегілер әлемі

Ертеректе самұрық құс, желаяқ, таусоғар, көлтауысар және саққұлақ жайлы ертегілерді тыңдап өскен балалар бір ғасыр өткенде оның шындыққа айналғанына куә болды.

DSC 0318

Ал қазіргі таңда фантастикалық фильмдердің эпизодынан көретін дүниелерді Астанадағы халықаралық көрмеден кездестіру – тағы да сол шындыққа айналған ертегіні еске түсіргендей болды.

Астанада бастау алған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдады. Мақсат – адамзатты жауапкершілікке шақыру, пікірталастарға жағдай жасап, табиғатқа келтіріп жатқан залалды азайту және жер шарында энергия тұтынуды жоспарлау, оны бақылау бағытында білім мен біліктілікті арттыруды көздейді. Себебі, жылдан-жылға адамзат саны артып, технология дамып, тұтыну мөлшері ұлғая түскен. Ал жерасты қазба байлықтары мен энергия қуаты азайып барады. Бұл халықаралық қауымдастық мамандарының да алаңдаушылығын туғызып отыр. Экологиялық сұрақтардың да күн өткен сайын маңызы артып келеді.

DSC 0454

ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысуда. «Болашақтың энергиясын», баламалы қуат көздерінен жарық өндірудің, экологиялық ахуалды жақсартудың мүмкіндіктерін әр елдің ғалымдары өзінше зерттеп, бүгінде кәдеге жарайтын жаңалықтарын көрмеге алып келген. Павильондардың барлығы менмұндалап тұр. АҚШ, Жапония, Чехия, Ресей, Швейцария елдерінің павильоны көрме қонақтарына технология саласындағы болашақта орын алатын жаңалықтар туралы мәлімет беруде. Ал Қытай, Корей, Мысыр, Венесуэла, Венгрия, Тайланд, Катар, Латвия павильонынан сол елдердің салт-дәстүрі, кәсібі туралы біле аласыз.

Сонымен қатар, Вьетнам павильонына келушілер саны өте көп. Вьетнамдықтардың қарапайым тұрмысы, кәсібі көрмеге келушілерді ерекше қызықтырды. Салт-дәстүрімен танысып, павильонның бір бұрышында орналасқан сауда сөресінен тек вьетнамдықтарға тән бас киім, тағы басқа да заттарды сатып алуға болады.

DSC 0407

• Халықаралық көрме алғаш рет 1851 жылы Англияның Лондон қаласында, ал соңғы рет 2015 жылы Италияның Милан қаласында өткен.
• 2012 жылы 161 мемлекеттің өкілі дауысқа салу нәтижесінде Халықаралық көрме 2017 жылы Қазақстанның Астана қаласында өтетіні белгілі болды. Онда Астана 103 дауысқа ие болса, Бельгияның Льеж қаласы 44 дауыс жинаған.
• ЭКСПО – 2017 көрмесін 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысуда.
• 2020 жылы өтетін халықаралық көрме БАӘ, Дубай қаласында өтеді деп жоспарланды.

Сингапур павильоны да қызық. Тасыр-тұсыр, тоқ-тоқ еткен дыбысқа құлақ түріп жан-жағыңыздан сол дыбысты іздесеңіз, Сингапур павильонына жақындаңыз. Қабырғаға өрмелей отырғызылған гүлдердің ыдысын кішкентай ғана қара түйме, тетіктер соғып, дыбыс шығарып тұр. Жай дыбыс емес, бұл жүйкені тыныштандырып, шаршауды басатын Сингапур халқының ұлттық әні. Бұл сиқырлы әуенді тыңдап жүріп жоғарғы қабатқа көтерілсеңіз, сізді «Тілек» галереясы қарсы алады. Таза және тұрақты болашақты құруға шақырған бір жапырақ қағазға гүлдердің тұқымын қоса береді. Қағазға тілегіңізді жазып қалдырып, гүлдің дәнін сол жерге егесіз, қалғанын үйіңізге алып қайтасыз. Яғни, Сингапур павильонынан алып қайтқан гүлдің тұқымын өндіріп, баптау арқылы сіз де таза болашаққа және өз тілегіңіздің орындалуына бірінші болып үлес қосасыз. Осыған ұқсас «тілек ағашы» Венгрия павильонында да кездеседі.

DSC 0415

Қазақстанның «Нұр Әлемі»

Әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат – «Нұр Әлем» Қазақстанның ұлттық павильоны көздің жауын алады. Құрылысының әр бөлігі ерекше. 8 қабатты ғимараттың бірінші қабатында ұлттық павильон Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді.

«Нұр Әлем» сфералық ғимараттың ең биігінен Астана қаласының бүгінгі кескін-келбетін тамашаласаңыз, сол 8 қабатта орналасқан көрме көрнекілігі Астананың болашағы туралы мәлімет береді. 7-2 қабаттарда Болашақ Энергия мұражайы орналасқан. Олардың қатарында ғарыш, күн, жел, биомасса, су және кинетикалық энергия көздері бар. 

«Қай павильонды аралаудан бастасам екен» деп абдырауыңыз әбден мүмкін. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның әрқайсысы ашқан павильондар өзінше қызықты. ЭКСПО – 2017 көрмесіне жолыңыз түссе, «Нұр Әлемді» араламай қайтпайтыныңыз анық. Ал өзіңізді қызықтыратын елдердің тізімін алдын ала жасап алыңыз. Сол тізім бойынша асықпай сүйікті елдеріңіздің сырына қанық бола аласыз.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.