×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Ақтөбеде маусым айының 5-жұлдызында орын алған лаңкестік шабуылдың салдарынан қайтыс болған оңтүстікқазақстандық жауынгердің денесі Шымкентке жеткізілді. Ақтөбе қаласындағы 66/55 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Шардара ауданының тұрғыны Сапар Досбол Еркінбекұлы антитеррорлық операция кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапқан болатын. 19 жасар бозбаланың денесі кеше, сейсенбі күні жер қойнауына тапсырылды.

13393387 914310405346238 1327575845 n

Еске сала кетсек, өткен жексенбіде Ақтөбедегі «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне лаңкестік шабуыл жасалып, бейбіт 2 тұрғын оқиға орнында қаза тапқан. Тек мұнымен шектелмеген содырлар қоғамдық жолаушылар автобусын басып алып, Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне шабуылдаған.

13325628 988641747918831 5135779619686537795 n

Өткен жылдың 15 желтоқсанында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Ақтөбедегі Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне оңтүстік өңірінен барлығы 60 бозбала аттанған болатын. Жарақаттанған жас сарбаздардың қатарында тағы бір оңтүстікқазақстандық Сырым Сүндетов те бар.

Қазіргі кезде 12 қылмыскердің көзі жойылып, 5-еуі ұсталған. Қалған қылмыскерлердің жеке басының мәліметтері анықталып, оларды ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Ал қапылыста қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 500 айлық есептік көрсеткіш есебінде материалдық көмек көрсетілмек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігі исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуіне орай жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап брифинг ұйымдастырды. Брифингте қасиетті Рамазан айының шарттары, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, рухани іс-шаралар, ауызашар рәсімдерінің жоралғысы, пітір садақасының көлемі мен айт намазының уақыты атап өтілді.

oraza

– Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазанда адамзатқа Құран Кәрім түсірілген. Сондықтан бұл күндері Жаратушыға құлшылық етіп, жетім-жесірлерге жебеу көрсету – сауап болмақ. Хижри күнтізбесі бойынша биылғы Ораза 29 күнге созылады, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек.

Биыл Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 200 теңге болып белгіленді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітіліпті. Яғни, мүбәрак Рамазан айының алғашқы күнінен айт намазына дейінгі аралықта пітір садақасы беріледі.

– «Пітір» сөзі араб тілінен тікелей аударғанда «жаратылыс» деген мағынаны білдіреді. Сол себепті, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа – күнделікті қолданатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшерінен (85 грамм алтын немесе соның құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіб етіледі, – деп атап өтті ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.

Брифингте сондай-ақ, азаматтардың қажылыққа бару мүмкіндіктері де жан-жақты қарастырылатыны айтылды. Сауд Арабиясымен екі жақты келісімге сәйкес, биыл елімізден жалпы саны 3 мың адамға квота бөлінген. Онда баратын азаматтар діни білімін жетілдіру үшін арнайы дәріс алып, іріктеуден өткізілетін болады. Айта кетейік, Мәдина қаласына еліміздегі 20 туристік фирмалар арқылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей әуе рейстері қатынамақ.

Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай. Бұл айда тек ішіп-жеуден тыйылып қана қоймай, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылуға мүмкіндік бар. Бұл сәт ең алдымен мұсылман қауымы үшін үлкен сабыр мектебі болып табылады. Жаз маусымымен тұспа-тұс келген бұл қасиетті айда күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген жандар ендігі сәттен бастап өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға мойымай, сабырлық таныта білуге бейімделеді.
1-2 шілде Қадір кеші болып саналады. Ал қасиетті Ораза айт намазы шілде айының 5-жұлдызында, сағат 07:00-де оқылады.

ШЫМКЕТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША 
2016 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН  ОРАЗА ТҰТУ КЕСТЕСІ

Маусым,
Шілде айлары

Рамазан айының күндері

Апта
күндері

Ауыз
бекіту
уақыты

Ауыз ашар
 уақыты

 

06.

1

Дүйсенбi

04:03

20:55

 

07.

2

Сейсенбi

04:02

20:56

 

08.

3

Сәрсенбi

04:02

20:57

 

09.

4

Бейсенбi

04:01

20:57

 

10.

5

Жұма

04:01

20:58

 

11.

6

Сенбi

04:00

20:58

 

12.

7

Жексенбi

04:00

20:59

 

13.

8

Дүйсенбi

04:00

20:59

 

14.

9

Сейсенбi

04:00

21:00

 

15.

10

Сәрсенбi

04:00

21:00

 

16.

11

Бейсенбi

03:59

21:01

 

17.

12

Жұма

03:59

21:01

 

18.

13

Сенбi

03:59

21:01

 

19.

14

Жексенбi

04:00

21:01

 

20.

15

Дүйсенбi

04:00

21:02

 

21.

16

Сейсенбi

04:00

21:02

 

22.

17

Сәрсенбi

04:00

21:02

 

23.

18

Бейсенбi

04:00

21:02

 

24.

19

Жұма

04:01

21:02

 

25.

20

Сенбi

04:01

21:02

 

26.

21

Жексенбi

04:02

21:02

 

27.

22

Дүйсенбi

04:02

21:02

 

28.

23

Сейсенбi

04:03

21:02

 

29.

24

Сәрсенбi

04:03

21:02

 

30.

25

Бейсенбi

04:04

21:02

 

01.

26

Жұма

04:05

21:02

 

Қасиетті «Ләйләтул- Қадыр»  кешінде Құран Кәрім аяттарының түсе бастаған кеші.

 

02.

27

Сенбi

04:05

21:02

 

03.

28

Жексенбi

04:06

21:02

 

04.

29

Дүйсенбi

04:07

21:01

 

Біз лагерьге барамыз...

Среда, 01 Июнь 2016 09:40

Жаймашуақ жазғы демалыс оқушыларға ұмытылмастай әсер қалдыратыны сөзсіз. Уайымсыз, қамсыз балалық шақтың бал дәурен сәті осы кезеңмен де байланысты. Балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстары биыл да назардан тыс қалған жоқ. Шымкент қаласындағы 124 жалпы білім беретін мектептерден 136 851 оқушы жазғы демалыс маусымындағы лагерлерге аттанғалы отыр. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 7791 оқушыға артып отыр.


Қуантарлығы, қала әкімдігінің қолдауымен игілікті шараға 4894 жартылай жетім, 607 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тартылған. Бұл қатарда «Ақсу» лагерінде 1200, «Балдаурен» сауықтыру алаңына 600 балаға жолдама берілді.
Жасөскіндерді еңбекке баулу бағытында қаладағы білім мекемелерінде жұмыс істейтін 848 үйірмелерге 25 584, 494 спорттық секция үшін 44 405 бала тартылады. Осы оқу жылында 14 аула клубында жұмыс істейтін үйірмелерге 3614 бала тартылып, түрлі бағытта еңбек сүйгіштікке тәрбиеленуде.

Жазғы демалыс маусымында білім ұяларында спортық үйірмелер жасақталып, көгалдандыру бригадалары, үйірме жұмыстары жүргізілуде. Жас-өспірмдердің рухани дүние танымын байыту мақсатында қаламыздың мұражайларына, тарихи орындарға туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырылады.

Атап айтар болсақ, Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының әкімшілігімен және кітапханалармен келісім шарт түзе отырып, тәрбиелік мәні бар, балдырғандарды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін, салауатты өмір салтын ұстануға үгіттейтін тақырыптағы кинофильмдер көрсетіледі. «Үлгілі оқырман» байқаулары ұйымдастырылады.

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Бұл – елдің басқару билігін өз қолына алуы, мемлекеттік шекарасын айқындауы, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерін жасау, оны халық талқысына салу, арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның сараптамасынан өткізу – аса маңызды міндет еді. «Туымыздың түсі қандай болады?», «Елтаңбамыздың ерекшелігі неден байқалады?», «Әнұранымыз ұлттық рух беріп тұра ма?» – деген сауал ұлтжанды қазақ азаматтарының дегбірін алғандай еді.

1359266490 arka

Егемендiктiң еңселi тұғыры

Еліміз толық тәуелсіздікке 1991 жылы ғана қол жеткізді. Әлемдік қауымдастық елімізді дербес мемлекет ретінде тани бастады. 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңдармен тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді. Ал 1992 жылдың 11 желтоқсанында мемлекеттік Әнұранымыз туралы Заңға қол қойылды. Бұл мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміздің айғағына айналды. 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойылды. Яғни, мемлекеттік рәміздер бір заң аясына топтастырылды.
Егемендіктің ең басты белгісі – тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің рәміздері. Рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Әлемде мойындалған қанша мемлекет болса сонша рәміз бар. Сол арқылы ғана біз дүниеде «терезесі тең» елдердің қатарын танимыз әрі өзімізді де өзгеге танытамыз. Ендеше кез келген елдің тәуелсіздігінен оның рәміздерін бөле-жарып қарау мүмкін емес. Оның үстіне егемен ел болып, өзінің тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты болса, соның бастысы – тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы. Осылайша, бұл күн елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Көгімізде Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды бекіткен сәттен бастап елдігіміздің белгісін әлем жұртшылығы тағы бір мәрте мойындады. Ендеше қазақ үшін, оның ішінде елдіктің тірегін сақтаушы өскелең ұрпақ пен оның патриоттық тәрбиесі үшін 4-і маусым ерекше күн ретінде саналып, қастерленуі шарт.

0034

Еліміз тәуелсіздік алған сәтте мемлекеттік рәміздерді дайындау ісі қолға алынып, жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы кеңес төралқасының арнайы қаулысы жарық көрді. Соған сәйкес комиссия құрылып, оның құрамына С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов сынды азаматтар кірді. Осыдан кейін Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына байқау жарияланып, бұл іске еліміздің талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар белсене қатысып, өз жобаларын ұсынды. Мәселен, мемлекеттік Тудың байқауына 600 адам қатысса, 1200 жоба қаралған мемлекеттік Елтаңбаға 245, ал мемлекеттік Әнұранға 750 жоба ұсынылған.

1359266490 arka

Ұлттың рухы танылады

Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жеңісінің құрметіне шырқалып жүр. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі – тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар ел тәуелсіздігінің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытады.
Мемлекеттік мекемелерде елдігіміздің рәміздері көзге айрықша шалынып тұрады. Мемлекеттік Туға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде, бүгінде Астананың қақ ортасында биіктігі 115 метрлік ғажап Көк туымыз желбіреп тұр. Бұл «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені аумағындағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік Туы саналады. Төбе басына орнатылған алып ту мен тұғырының берік құрылымы елдің күш-қуаты мен даңқын, оның ұлы тарихы мен болашағын бейнелейді. Тудың биіктігі – 15, ұзындығы 30 метрді құрайды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне ашылған Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағы да қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласпен назарын өзіне аударған ғажайып кешенге айналды. Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны ол – «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр. Мұны мемлекеттік рәміздерге айрықша құрметтің белгісі деп білген жөн.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады.

1359266490 arka

Стандартқа сай келуi керек

Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Ал ауыстырылуға жататын мемлекеттік рәміздерді жою, оларды қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру арқылы жүргізіледі. Әрі мемлекеттік нышандарымыз «ҚР мемлекеттік рәміздері бейнелерін орналастыру тәртібіне» сай орналасуы қатаң қадағаланады. ҚР Конституциясының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді» деп нақты көрсетілген. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» 317-3 бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын немесе Мемлекеттік Әнұранын қорлау – бір мың айлық есептiк көрсеткiштен екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», – деп жазылған. Өз кезегінде, бұл – қоғамдық санамызда тәуелсіздік идеясын орнықтыру және жастарды биік отаншылдық сезімге баулу мұраттарын жан-жақты ескере отырып, жасалған отансүйгіштік қадам екендігі сөзсіз.


2Анарбек ОРМАН,
«Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан
облыстық филиалының төрағасы:

Елдiк нышанымыз жоғары бағаланады

– Рәміздер біртұтас елдің ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрбірінің шығу тарихы бар. Бұл – қазақ халқының қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін паш ететін киелі қазынасы. Туымыз жиырма жылдан астам көгімізде желбіреп келеді. Әнұранымыз шырқалып, Елтаңбамыз өшпес белгіге айналды. Алға қарай да жас ұрпақ мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтса, олардың мән-мағыналарын терең ұғына білсе, тұғырымыз берік болары айқын.


sajdhasiuЕрбол ДАЙРАШОВ,
«Ернияз» баспа үйінің директоры:

Құндылықты дәрiптеу – перзенттiк парызымыз

– Туымыздың зеңгір көк түсі – біртұтастықтың, бірліктің және бейбіт те ашық көк аспанның белгісі. Күн астында шалқып қалықтап ұшқан дала қыраны. Ұлы даланы мекендеген көшпенді жұрты ықылым заманнан ақ қыран құсты күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде біледі. Шын мәнінде, «Рәміз» ұғымының мәні ерекше. Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. Аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз ретінде саналады. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру – басты мақсат, перзенттік парызымыз болуы керек.

Шымкент еліміздегі ірі агломерациялық орталыққа айналады. Қала әкімдігінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен Шымкент қаласының агломерациясын құру жөнінде өткен келелі жиында қаланың даму барысы кеңінен талқыланды.

Күн тәртібінде барлығы үш мәселе қаралды. Шымкент қаласының агломерациясын құру, облыс орталығын индустрияландыру және Шымкент қаласының Бас жоспарын Агломерация бағдарламасымен сәйкестендіру – облыс және қала активінің талқылауына ұсынылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.

akimat-2

Алдымен, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың агломерациялық аумақтар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасарлары Д.Сатыбалды мен С.Тұяқбаев өз салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың ретін баяндады. Өз кезегінде, қала әкімі Ғ. Әбдірахымов ҚР Үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстары бойынша баяндады. Сондай-ақ, қала бюджетінің өткен жылмен салыстырғанда 22 миллиард теңгеге артып, 105 миллиард теңгеге толыққанын жеткізді.

– Қарапайым тілмен айтсақ, агломерация – инвестициялық күштердің бір арнаға топтастырылуы. Урбандалу процестерінің негізінде индустриалдық аймақтарға болатын өзгеше даму әдісі. Қала аумағында орналасқан қаншама зауыт, фабрикалар келешекте көптеген жұмыс күштерін өзіне тарта түсетінін анық, – деп атап өтті Ғ.Рахматоллаұлы.

Қала әкімінің айтуынша, Шымкент қаласының іргесіндегі елді мекендер, өндіріс орындары қалаға «қызмет етушілер» болып табылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Себебі, Нью-Йорк, Париж, Лондон нағыз агломерацияның айқын жемісі екендігін уақыт дәлелдеп берді. Әрі оны күллі әлем көрді. Сондықтан, өзімізде бар табиғи шарт жағдайды пайдалана отырып, Шымкентті Оңтүстік өңірдің агломерациялық «жүрегіне» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Шымкент өзінің жарқын даму жолында өзімен көршілес аудан-қалаларды да бірлікте алға сүйрей түсетіні анық. Бұған қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті жеткілікті.

akimat-1

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, келешекте қала жолдарында ЛРТ (жеңіл рельсті көлік) жүйесін салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта А – 2 автомобиль тас жолын, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысы, Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және қаланың Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс бөліктерін байланыстыру көзделген. Қала әкімі өз баяндамасында агломерациялық процесстерді тиімді ұйымдастыруда транспорт саласының маңызы зор екендігіне тоқталып, қолданыстағы темір жолдармен Ленгір – Шымкент, Түлкібас – Сайрам – Шымкент бағыттарына жолаушылар тасымалдауды «Электричка» (электрлі темір жол және осындай жолдың пойызы) арқылы жүзеге асыру ұсынысын айтып өтті.
Бұл біріншіден, қалаға кіре берісте көлік кептелісін азайтып, уақыт үнемдеуге, екіншіден, елді мекендердегі тауар өндірушілердің өнімдерін дер кезінде қала аумағына жеткізуде ыңғайлы болмақ.

Жиын барысында облыс әкімі Б.Атамқұлов қала агломерациясын құруда Астана мен Алматының тәжірибелерін пайдаланып, қала басшылығымен бірлесу арқылы бірқатар жұмыстарды жандандыру бойынша тапсырмалар берді. Атап айтқанда, аймақ басшысы агломерацияны дамытуда әрбір елді мекеннің нақты функциясын ескеру қажеттігін, ең бастысы, Шымкент тұрғындарына қолайлы болуын ескертті. Сондай-ақ, ол Шымкентте «ІТ хаб» жүйесін құру қажеттігіне тоқталып, оны мектеп бағдарламасына енгізу керектігін жеткізді. Ал қалаға инвестиция тарту мәселесінде Б.Атамқұлов барлық жұмыстарды ширатуды ескертіп, бірталай жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан Қорғасын зауытының мәселесін алдағы бір ай ішінде жолға қоюды тапсырды.

Әрбір күні жылға азық болар көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуде биыл қалалық шаруа қожалық иелерінің де жоғары белсенділігі байқалады. Қала аумағында ауыл шаруашылығы саласын түлетуге ден қойған шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін сан-салалы қолдаулар да айтарлықтай сеп болуда. «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында белгіленген нақты міндеттер ауқымы да жаңа жобаларды түлетуге лайықты бетбұрыс жасап отыр.

teplitsa

Айта кетерлік жайт, жаңа қосылған елді мекендердің есебінен қаладағы агроқұрылымдардың саны 3,5 мыңға артқан. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбайдың айтуынша, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, бүгінде жалпы көлемі 1221 гектарды құрайтын арнайы жер аумағы белгіленіп отыр. Бұл қатарда, мал сою алаңдары, индустриалдық тамақ өнеркәсібі, жылыжай кешені, көкөніс пен бақша егуге және мал шаруашылығын дамытуға беріледі. Сондай-ақ, 300 гектар аумақта қарқынды бау егілсе, 100 гектар жерге гүл және ағаш питомнигі құрылмақ. Мұндағы басты мақсат – шаруаларға қолдау көрсете отырып, сапалы өнім алуды көбейту. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде интенсивті бау егу, жылыжайда тамшылатып суару секілді жаңа технологияларды қолданған, ауыспалы егісті жүзеге асыру мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге қызығушылық танытқан шаруаларға лайықты қолдау жасалады. Дегенмен, өнім алуда шаруалардың мейлінше озық технологияларды қолданғандығы ескеріледі.

Жалпы, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері 62 219 гектарды, оның ішінде, егістік жерлер 41 33, жайылым 19 523, шабындық 244, көпжылдық екпелер 1023 және басқа да мақсаттағы жерлер 396 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланып, озық үлгідегі жаңа технологияларды тәжірибеге енгізудің нәтижесінде, биыл жалпы көлемі 17 250 тонна өнімді жинап алу жоспарлануда. Тек, ағымдағы жылдың 4 айында 4 мың тоннаға жуық өнім алынған. Мемлекеттің нақты қолдауын сезінген шаруалардың белсенді қимылының нәтижесінде, биыл қаладағы жылыжайлар алаңы 10 гектарға ұлғайғалы отыр. Ол үшін қажетті 69 ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланбақ. Тамшылатып суару технологиясын 200, терең қопсыту технологиясын қолдану аясын 4200 гектарға ұлғайту жоспарда тұр.

– Шаруашылықтардың жер жырту және пар айдау жұмыстарын ұдайы жүргізу үшін жеңілдетілген бағада қажетті жанар-жағармай дер уақытында жеткізілуде, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай. – Мемлекеттің субсидия есебінен берген мол көлемді тыңайтқыштары да өз кезегінде, шаруалардың жоғары өнім алуына септігін тигізуде.
Бөлім басшысының айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарына 1470 тонна жанар-жағармай бөлінген. Сондай-ақ, 1523 тонна аммиак селитрасының игерілу көрсеткіші 67 пайызға орындалды. Күні бүгінге дейін таратылған 800 тонна минералды тыңайтқыштарға 27 миллион теңге субсидия беріліп отыр. Қазіргі таңда агроқұрылымдар мақсары, көкөніс сынды дақылдарға тыңайтқыш алуда. Өз кезегінде, мамандар жауын-шашынның мол түсуінің нәтижесінде, бидайдың өсу қарқыны өте жақсы екенін айтады. Күздік бидайға арнайы ұшақ және делтафландар арқылы тыңайтқыш шашу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Мемлекеттің шаруалар үшін ұсынып отырған тағы бір игілікті қолдауының бірі – жылыжай құрылысына кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу болып отыр. Аталған инвестициялық жоба аясында «Абдураимов» шаруа қожалығы «Қызылжар» шағынауданында жылыжай кешенін салуды қолға алған. Қожалық иесі Убайдулла Абдураимовтың айтуынша, тиімділігін көрсеткен аталмыш жоба шаруаны өрістетуге айтарлықтай қол болып отыр. Бүгінде шаруа бидайдың күзгі және жаздық түрі бойынша 10 мың гектар жерді игеруде. Бұдан бөлек, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс, бақша өнімдері де қазіргі күні алғашқы жемісін беруде.
Ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдарын қолға алып, шынайы қамқорлықты сезінген шаруалар шын мәнінде, Шымкенттің аграрлық саладағы мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

Келер ұрпаққа бүгінгі бейбіт өмірді тарту еткен Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерен ерлігі – қашанда үлгі, өнеге. Кеше Шымкент қаласының әкімдігі «Grand Holiday Hall» салтанат сарайында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнап мерекелік дастархан жайды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

DSC 0842

Салтанатты жиынның ашылуында қала әкімі қарт майдангерлерді Ұлы Жеңіс күні меркесімен құттықтады.
– Жеңіс мерекесі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі, тыл еңбеккерлерінің қаһармандығы, бейбіт күндеріміз үшін қантөгіс майданда жанын қиған батырларымызға арналады. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. Сұрапыл соғыс жылдары біздің қаламыздан майданға 23 мыңнан астам азамат аттанып, соның 11 мыңнан астамы майдан даласында мәңгілікке қалды. Елге оралған ардагерлер соғыстан кейінгі күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге үлесін қосты. Қазіргі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 143 ардагері және 7 мыңға таяу тыл ардагері тұрады, – деп атап өтті Ғабидолла Рахматоллаұлы.

DSC 0837

Арада неше уақыт өтсе де, жеңімпаздардың айбынды даңқы өшпек емес. Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан соғыс және тыл ардагерлеріне қаржылай сый-сияпат жасалды.

Өткен жұмада таң сәріден бастап Орталық саябаққа қала тұрғындары көптеп жинала бастады. Себебі, мұнда қалалық жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеде Шымкент қаласының 131 кәсіпорнынан барлығы 2006 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұдан бөлек, еліміздің солтүстік облыстарында мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы шеңберінде қызмет етуге ниетті өңір тұрғындары ұсынылған 665 бос жұмыс орнына өз өтініштерін берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты. Өз сөзінде олар облыста бірнеше мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мыңдаған азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отырғанын айтты. Бұл күнгі шараға елдің 4 облысынан келген 36 мемлекеттік орган және 11 оқу орнының өкілдері қатысып отырды.

Болашаққа нақты қадам

«Серпін» әлеуметтік жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне арнайы келген Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Медет Оспанов бүгінгі таңда өңірдегі қалыптасқан демографиялық ахуалға кеңінен тоқталып өтті.
– Тайынша ауданында барлығы 46 мың тұрғын мекен етсе, оның 28 пайызын ғана жергілікті қазақ ұлты құрайды, – дейді Медет Дулатұлы. – Өнеркәсіпті өркендету бағытында әсіресе, жас мамандарға деген зәруліктің барын да жасырмаймыз. Бұл тұрғыда, арнайы оқу тәжірибесінен өтіп, жаңа технологияны меңгерген қазақ жастарының аудан экономикасын түлектеріне сеніміміз зор.

zhumys-1

Шымкент қаласының тұрғыны Мөлдір Ерсейіт ҰБТ-де жинаған 72 балымен «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша білім грантын иеленгендердің бірі. Бүгінде ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша 1-курста оқып жүр. Мектеп түлектерін бағдарлама аясында білім алуға, болашағын нақ бүгінгі күн дұрыс бағдарлауға шақыруда.
– Мен өзім оқу грантын жеңіп алғанымда қатты қуандым. Ата-анама салмақ салмай, өз күшіммен оқуға түстім. Жат қалаға алғаш келгенімде бойымда қорқыныш сезімі болды. Кейінірек, замандастарыммен танысып, ортаға үйренісіп кеттім, – дейді ол.
Айтуынша, жатақханада студенттерге барлық жағдай жасалған – жатын бөлме, арнайы кір жуатын, шомылатын бөлме де бар.
– Біле білгенге, бағдарламаның жас өскіндерге берері көп, – дейді Мөлдір Бақытқызы. – Ердің емес, елдің баласы болуға ұмтылған талапкерлер ең алдымен, тәуекелшіл, өзгерістерден жасқанбайтын, белсенді, өнерлі, білімге құмар, өзге өңірлерде оқып, қажет болса сол өңірлерде қалып жұмыс істеуден қашпайтын болса ғана, бастапқы мақсатына қол жеткізе алады. Ұлттық мүддені көздейтін бағдарламаның белсенді мүшесі бола білгенімді бүгінде мақтаныш сезіммен айтамын.

«Мәңгiлiк ел жастары – индустрияға!»

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты жоба аясында қолға алынған «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысының жастарына арналған.
2014 жылдан бастап жүзеге аса бастаған бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан болса, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

zhumys

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі табысты жүзеге асқан әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Халықтың жобаға деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып отырғаны да байқалады. Сала мамандарының айтуынша, аталмыш бағдарлама жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беруде. Алғашқыда жоба бойынша 2050 жас грант негізінде оқуға мүмкіндік алса, өткен жылы «Серпінге» бөлінген грант саны 3 есеге өсіп, 6200-ге жеткен. Олардың 5 мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары. Демек, «Серпін – 2050» жобасы қанатын кеңге жайды деген сөз.
– Мемлекеттік грантқа ие болған студенттермен мұндағы ұқсастық сол – жоғары білім грантын иеленгендердің барлығы да шәкіртақыға ие болып, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындары өтеледі. Ал айырмашылығы – «Серпінмен» оқуға түскен жастар үшін екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Ал грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, бағдарламаға қатысушылардың алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндік бар, – дейді облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы, жұмысшы топ төрағасы Болат Жанәбіл.
Алғашқы жылы жоба бойынша жалпы саны 2050 грант бөлінсе, жобаға қатысуға 10 мыңнан астам азамат өтініш білдіріпті. Яғни, әр орынды иелену үшін 5 адам бәсекеге түскен. Бұл – өте жоғарғы көрсеткіш. Жобаға әсіресе, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары айырықша қызығушылық танытуда. Бөлінген 2050 білім грантының ең көп бөлігін Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген. Нақты айтқанда, 837 грантты жеңіп алыпты.

Жас талапкер ненi бiлуi қажет?

«Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы керек. ҰБТ мен кешенді тестілеуден жиған ұпайы 50 балдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 балдан төмен болмауы тиіс. Ал колледжде білім алуға ниеттілер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу тапсыру шарты жоқ. Колледждерге 11 сыныпты бітірген түлектер конкурс арқылы түсе алады.

DSC 0583

Айта кетейік, биыл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына 5000, кәсіптік-техникалық колледждерге 1000 мемлекеттік грант бөлінуі жоспарлануда. Ол үшін солтүстік аймақтардағы 19 жоғары және 33 кәсіптік-техникалық колледждерде педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша бағдарламаға қатысушылардың тегін білім алуына лайықты жағдай жасалған. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер де қатыса алады.
Аталмыш бағдарламаға қатысуға ниетті жастар құжаттарын 23 шілде мен 1 тамыз аралығында Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 5, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратында және А. Байтұрсынов көшесі 13, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимараттарының 1-ші қабатында орналасқан «Серпін» әлеуметтік жобасының «Қабылдау комиссиясына» тапсыруына болады. Ал колледждерге түсу үшін талапкерлерді қабылдау комиссиясы Шымкент қаласы, Гагарин көшесіндегі №3 және Қ.Жарқынбеков көшесінің бойындағы №4 колледж ғимараттарында орналасқан.

Страница 22 из 37