Абысын тату болса...

Пятница, 15 Апрель 2016 06:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 11997 раз

Отбасының шырайын кіргізіп, айрандай ұйытып отыратын әйелдер екені белгілі. Қонағы үзілмей, берекесі асып-тасып отыратын шаңырақтағы әйелдің көпшіл, дастарханы қашанда астан арылмайтынын аңғаруға болады. Ал тұтас әулеттің  келіндері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсе, бұл олардың енелері мен өмірлік серіктерінің абыройын одан сайын асқақтата түседі. Ауыл-аймақ, дос-жаранның алдында да қадірі артады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп бекер айтылмаса керек. Ал бір шаңырақтың астында бір-бірімен сөзге келмей өмір сүретін келіндер нағыз үлгі-өнеге. Сондықтан болар, қазақ халқында болашақ келіннің шыққан жеріне, тегіне назар аударылады.

Келiнi жақсының керегесi алтын

Келіннің жаңадан ақ босаға аттаған сәтінен бастап, оның әрбір сөзі мен қимылын, әдеп тәртібін байқап, сынайды. Осындай сындардан сүрінбей өтіп, сыйластығы артқан абысын-ажындар жоқ емес. Бірге тұрып, кез келген мәселені бірлесе шешіп үйренген, «сенікі, менікі» деп бөлінбей, қазан-ошақтың басындағы жұмысты ұршықша иіре жөнелетін абысындар отбасылық өмірдегі қиындықтарды бірге еңсереді. Өйткені, оларда ауызбіршілік бар, жанашырлық басым. Қуаныштысы, Шымкентте де сондай отбасылар бар. Солардың бірі – Қанаркүл Бижанованың отбасы. Бүгінде Қанаркүл әженің жасы 70-ке келді. Дүниеге 10 перзент әкелсе, соның жетеуі қыз. Алтын алқа таққан көпбалалы ананың қыз бен келін тәрбиесіне қатысты айтар ақыл-кеңесі мол. Ақ жаулықты әже небәрі 19 жасында келін атанып, ата-енесінің, қайнылары мен қайынсіңлісінің бабын тапқан кісі. Алған ақ батасының қайтарымы шығар, бүгінде қос келіні қолында тұрады. Ата-ененің тәлімін алып, өз ата-анасындай көреді. Әлия мен Шолпан бұл үйдің босағасын бір мезетте аттаған. Екеуі түйдей құрдас болғанымен, Әлияның жолы үлкен. Сондықтан, ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, өз орнын жақсы біледі. Апалы-сіңлідей бір шаңырақта өмір сүруде. Бірнеше айдан соң, екеуі де ата-енесіне немере сыйлағалы отыр. Қанаркүл әже мен Махан ата ол күнді тағатсыздана күтуде. Қариялар келіндерін қыздарындай көреді. 

DSC 0006

– Келіндеріме де, ұлдарыма да күн сайын тәрбиелі болуды, үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлауды құлақтарына құйып отырамын. Келін енемен немесе ененің келінмен шығыспай жүргені туралы көп естимін. Сондай жағдайларды алдын алу үшін ақыл-кеңесімді айтудан жалықпаймын. Атасы да ара-тұра өнегесін айтып отырады. Әлия мен Шолпанның да осы шаңырақтың табалдырығын аттағалы бері артық әрекеттерін, бейәдеп қылықтарын байқамаппын. Абысындардың өзара тату болғаны жөн. Ыдыс-аяқты сылдырлатпай, бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асырып отырады. Мен соған қуанамын. Біз ұл-қыздарымызға жақсы сөз айтып, аялап өсірдік. Олардың таңдаған жарларына да жылы сөзімізді аямаймыз, – дейді Қанаркүл әже.


Татулық кәсiпке жол бастады

IMG-20160413-WA0003Шымкентте абысындар бірігіп бастаған кәсіп бар. Ағайындылардың әйелдері ортақ мақсат үшін жұмыс істеуде. Әсел Орынбасарова мен Зульфия Айтпаева бірлесіп, Шымкентте дүкен ашқан. Бар ауыртпалығы мен жауапкершілігін бірге көтеріп келеді. Бұл кәсіпті бастауына өздерінің шеберліктері де түрткі болған. Қолдарынан іс тігу келеді. Әсел мен Зульфия бүгінде апалы-сіңлідей болып кеткен. Зульфия ата-ененің қолында қалса, Әсел қосағы екеуі еншілерін алған.

– Мен отбасында жалғыз қыз болғандықтан, сіңлім болса екен деп армандайтынмын. Сонда марқұм шешем «барған жеріңде абысының жақсы болса, сол саған сіңлі не әпке болады» деуші еді. Айтқаны келді. Шынымды айтсам, Зульфияның абысыным екенін ұмытып кетемін. Сыйластығы мен құрметі тасыған құрбылардаймыз. 10 жылдан бері дауыс көтеріп сөйлемеппіз. Енемізбен де тату тұрамыз. Өзім тұрмысқа шыққаннан соң бір жылдан кейін анам дүниеден озды. Сол кезде енем анамның орнын жоқтатпай, мейірімге бөледі. Жанашырлығын айтқан сөзі мен әрекетінен-ақ байқайтынмын. Сондай керемет қарым-қатынасты, шын пейілді көріп тұрып, біздің жаман келін болуға хақымыз жоқ, – дейді Әсел Орынбасарова.


Бақыт құшағындағы балалар

Келесі кейіпкеріміз – Рахат Ешімбетова «Бадам-2» шағынауданында тұрады. Әжей 12 ұл-қыз өсірген көпбалалы ана. Биыл 74 жасқа келді. Бүгінде 53 немере мен 23 шөберенің қызығын көруде. Жастайынан колхозда еңбектеніп, қазіргі кезде мәуелі ағаштай ұрпақтарының ортасында отырған бақытты жан. Тоғыз ұлдың жетеуі осы ауылда тұрады. Қалған ұлдары мен қыздары осы ауылда өсіп-өніп отыр. Үшінші ұлы қара шаңыраққа ие болып қалған. Қолдағы келіні Гүлжамалдың өзі бүгінде Райхан есімді келін түсіріп, ене атанған. Ол «ене болсам да, енемнің алдында келінмін» дейді. Ақ жаулықты әже келіндерінің сый-құрметіне шүкіршілік етеді.

DSC 0626

– Қолымда төрт келін бірнеше жыл тұрды. Сол кезде абысындардың әй-шәй дескенін естіген емеспін. Күнделікті өздеріне міндеттелген жұмысты атқарып жатты. Келіндерімнің басым бөлігі мұғалім болғандықтан, білген-түйгендері мол деп есептеймін. Олардың бөлек тұрғаны болмаса, барлығы да бір-бірімен көрші. Бала-шағаның барлығы қара шаңырақта. Ал мереке күндері бәрінің басы қосылып, мәре-сәре боламыз. Біле білсеңіз, біздің әулет үшін қонақ күту қиын емес. Барлығы жабылып жүріп, оп-оңай атқарып жібереді. Кейде көршілерім үйімнің балалардың мамыражай шуына толы екенін айтады. Енді қайтемін? Бәрі әжелеп қасымнан шықпайды, – дейді Р. Ешімбетова.
Шымкентте сыпайы да өнегелі келіндер аз емес. Сондықтан да болар, олар үшін арнайы сайыстар да жиі өткізіліп тұрады. Мысалы, жуырда әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Бесік жыры» атты келіндер байқауы өтті. Бес кезең бойынша келіндер сынға түсіп, ОҚМУ-дың 3 курс студенті Әсем Нұралиева бас жүлдені жеңіп алған еді. Жоғарыдағы кейіпкерлеріміздей келіндер көп болған сайын, абысындар арасындағы татулық пен ата-енеге деген құрмет азаймақ емес. Қызыңыз жақсы шаңырақтың иесі болсын десеңіз, тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл бөлген жөн секілді...

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Сән бе, әлде сенiм бе? Достықты дәрiптеуде »