Он мыңнан аса ота жасаған Избранное

Пятница, 22 Апрель 2016 07:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5473 раз

Ол көп сөйлемейтін, нақты істің адамы. Өз жұмысына берілген азамат. Бос уақыты да аз. Қашанда шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген науқастарға көмек қолын созуға даяр. Оны әріптестері «алтын дәрігер» деп атайды. Біздің кейіпкеріміз – Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасының жоспарлы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Әбсаттар Пайзахметов.

IMG-20160421-WA0004Әбсаттар Хәшімұлы өткен жылы ең көп ота жасаған хирург. Ол бір жылда 279 науқастың дертінен арылуына көмек берген. «Отасыз өткен күнім жоқ» дейді абзал жан. Күніне бір ота жасалынады. Кейде, жоспардан тыс шұғыл түрде хирургиялық әрекетке көшуге тура келеді. Медицинада еңбек сіңіргеніне 36 жыл болғанын ескерсек, осы уақытқа дейін орташа есеппен 10 мыңнан астам ота жасап үлгерген екен. Бұл статистикаға ой жүгіртсек, оның артында қаншама адамның алғысы мен қуанышы жатыр.
«Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбатты болуы керек» деген талаптар халық арасында кең тараған. Бұл қасиеттердің барлығы да Әбсаттар Хәшімұлының бойында бар. Оған қоса, аз сөйлеп, көп іс тындыру қанына сіңген. 1980 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азиялық медицина университетін бітіріп келген соң, алғашқы еңбек жолын Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасының жансақтау бөлімінен бастаған. Әлі күнге дейін алғаш рет жасаған отасы есінде. 1985 жылы Түркістан қаласында бір отбасына қарақшылық шабуыл жасалып, қанды оқиға тіркелген еді. Онда күйеуі мен әйелін аман алып қалу үшін санавиацияның көмегімен ұшып барған
Әбсаттар Хәшімұлы мен бір топ дәрігерлер әл үстінде жатқан жергілікті тұрғындарға ота жасап, аман алып қалды.
– Алғаш рет ота жасаған кезде бойымда үрей болды. Өйткені, мен сол адамдардың өміріне жауапты едім. Тәжірибесі мол дәрігерлердің арқасында білімімді одан сайын толықтыра түстім. Ондай кісілер барда өзіңді әрқашан сенімді ұстайсың. Атап айтсам, Антон Дмитриевич және Марат Әшірұлы деген ұстаздарым болды. Ұзаққа созылатын ота кезінде де хирургтердің шаршайтыны рас. Бірақ науқастың өмірі үшін күресуіміз қажет. Шүкіршілік етемін, ота кезінде көз жұмған пациенттер болған емес, – дейді дәрігер.
Ауруханадағы нейрохирургия орталығында омыртқа мен жүйке жүйесінің аурулары бар, нерв талшықтары кесілген науқастар емделеді. Ал диагнозы күрделі, мысалы бас миында ісігі бар науқастарды Астана қаласына жібереді. Онда жол апатынан зардап шеккендер де жиі түседі. Бір ай бұрын Қазығұрт ауданына барар жолда көлік апаты орын алып, бірден алты адам ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығына ота жасалып, аман қалды.
Әбсаттар Хәшімұлы қазір медицинаға көп көңіл бөлінетінін және құрал-жабдықтардың диагноз қойып, емдеуде зор көмекші екенін айтады. Ол медицинаға араласа бастаған сәтте рентген аппараты ғана болатын. Әрбір сәтті жасалған ота – хирургтың білімділігін дәлелдейтін емтихан іспетті еді. Осындай сынақтардан сүрінбей өткен дәрігердің марапаттары көп. Өткен жылы «Алтын дәрігер» деген номинацияға ие болып, өзі жұмыс істейтін аурухананың беделін асқақтатты.
Кейіпкеріміз медицинаға тектен-тек келген жоқ. Жастайынан анасының инсульт алып, қиналғанын көріп өсті. Сол кезде «бір отбасына бір дәрігер керек екен» деген тұжырымға келеді. Ол әулетіндегі жалғыз дәрігер екен. Ұл-қыздары басқа саланы таңдаған. Тәжірибелі нейрохирург алты немересінің бірі болашақта дәрігер болады деп сенеді.

Последнее изменение Понедельник, 25 Апрель 2016 09:10
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.