Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілуіне байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі өзгерді. Жүйедегі өзгерістер, жарна төлеуден кімдер босатылады және кәсіпкерлер үшін қандай тиімді тұстары бар екенін облыстық балалар ауруханасының №2 педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Ерғали Қалыбаев айтып береді.
ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР – ӨЗГЕРІССІЗ
Жаңа жүйеде медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу тәртібі жұмыс берушілер үшін өзгермейді және аударатын аударымдар мөлшері 2018-2019 жылдары - 1,5%, 2020 жылдан бастап 2%-ды құрайды.
Сонымен қатар қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді.
Жеке тұлғалар жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылады. 2018-2019 жылдары олардың табысынан жарна ұсталмайды.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс табатын тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендетілді. Олар 2020 жылдан бастап табыстың 1 пайызы, 2021 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна төлейді.
Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары ЖК ретінде өзі үшін жарна аудармайды. Бірақ қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды (2018-2019 жылдары - 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%).
Жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2020 жылы - 1%, 2021 жылдан бастап 2% ұстап, қорға аударады.
Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдан бастап аударады. Аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4 пайызына жетпек. Ал жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын тұлғалар ең төменгі жалақының 5 пайызын төлеп, сақтандыру жүйесіне қосыла алады.
КӘСІПКЕРЛЕР ЖАРНАНЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙДІ?
Жалпы тәртіптегі жеке кәсіпкер 2017 жылы шілде-желтоқсан айлары үшін жарна аударады. Жарна келесі айдың 25-інен кешіктірілмей төленуі тиіс. Яғни, 2017 жылдың желтоқсаны үшін жарнаны 2018 жылдың қаңтарында төлеуге болады (2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылған).
Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың шілде-желтоқсан айларында жеңілдетілген декларация салық органдарына салықтық есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен, ал, салықтар есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей өткізіледі. Сондықтан соңғы төлем 2018 жылдың 25 ақпанынан кешіктірмей төленуі тиіс.