ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП ТУРАЛЫ АШЫҚ ӘҢГІМЕ БОЛАДЫ Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 724 раз

Елімізде 24-30 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Репродуктивті денсаулық апталығы өтеді. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сансызбайқызы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы апталықтың Шымкентте қалай өтетінін айтты.

JaBik

 

Репродуктивті денсаулық апталығы аясында барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, оқушылар лагерьлері мен жастар орталығында Ашық есік күндері өтеді.
Сондай-ақ, білікті мамандар жастардың репродуктивті денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, отбасын жоспарлау, адам папилломавирустары, ерте жастан жүктіліктің алдын алу бойынша жұмыс жүргізбек.
– Қазір репродуктивті денсаулық мәселелері жыныстық өмірдің ерте басталуы, отбасындағы жыныстық тәрбиенің жеткіліксіздігі, білім беру бағдарламаларының болмауынан жасөспірімдердің тағдыры бұзылуы жиі кездеседі. Бұл бүгінде қоғамдағы өткір мәселе болып тұр. Бұл қауіпті жыныстық мінез-құлыққа, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыру қаупінің жоғарылауына, қалаусыз жүктілікке, мектепке нашар қатысуға және үлгермеуге әкелуі мүмкін. Жыныстық қатынастың ерте басталуы осы саладағы білімнің төмендігімен, контрацепциялық құралдар мен әдістер туралы нашар білумен және оларды жеткіліксіз қолданумен бірге жасөспірімдерде жүктіліктің өсуіне, түсік жасатудың көбеюіне және жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады, – деді Сәуле Сансызбайқызы.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі Айнұр Жүгінісова бұл мәселенің тікелей тәрбиеге байланысты екенін баса айтты.
– Тәрбие – тал бесіктен. Ұлтымыздың өткеніне зер салсақ, ешқашан қыз баласы оң босағада отырып жүкті болмаған. Қазір бұл біздің қоғамда үйреншікті жағдай. Республикалық статистика бойынша Шымкент қаласы жасөспірімдердің жүктілігі және зорлық-зомбылық бойынша екінші орында тұр. Бұл – мән беретін мәселе. Сондықтан алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасау арқылы бұл дерттің алдын аламыз деп сенемін,–деді ол.
Жиын барысында бұған дейінгі атқарылған жұмыстар мен іс-шаралардың нәтижелері де айтылды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында ДСО-ға барлығы 11 163 жасөспірім мен жастар жүгінген. Оның ішінде 10 -14 жас – 3158, 15-18 жас – 4593, 19 -24 жас – 2714, 26- 29 жас – 698.
Сондай-ақ, жастарды денсаулық орталықтарында қамтуды ұлғайта отырып, қашықтықтан қызмет көрсету енгізілмек.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.