Клининг қызметiне жүгінетіндер көп

Среда, 10 Февраль 2016 08:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7337 раз

Клининг – елімізде енді дамып келе жатқан қызмет түрі. Клинингтік компания өкілдеріне қоңырау шалып, шақырсаңыз болғаны, үйіңіздің іші-сыртын айнадай етіп жуып, кілеміңізді қағып, басқа да шаруаларыңызды тап-тұйнақтай тындырып береді. Соңғы кездері бұл қызметке жүгінетіндердің қатары артып, баяу болса да дамып келеді. Шымкенттік Әйгерім Исрайл осындай қызмет көрсететін «ШымКлинингСервис» ЖШС-ін ашып, сапалы қызмет көрсетуді қолға алды. Қаршадай қыздың бір сүрлеуге түспей, өзінше жол салғысы келгеніне сүйсініп, сұхбат құруға асықтық.

 MG 1865Әйгерім Ж. Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназияның түлегі екен. Кейін «Авиценна» медицина колледжінде «медбике» мамандығында оқиды. Жеке кәсіппен айналысу – бала күннен бергі арманы. Қалайда ашамын деп мақсат қойған ол түрлі шаруаның басын қайырады. Қаржы жинайды. Сосын «Кәсіпкерлік мектебіне» оқуға шақырған хабарландыруды көзі шалады.

– «Кәсіпкерлік мектебі» туралы естігенім болмаса, жол түспеген еді. Оқуға шақырған хабарландыруды көре сала барып жазылдым. Екі апта кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтым. Білім ала жүріп клинингтік компания ашу туралы ой келді. «Кәсіпкерлік мектебінің» қызметкерлері жобамды талқылап, құжат жинауға көмектесті. Осылайша «ШымкентКлинингСервис» ЖШС-і құрылды, – дейді жас кәсіпкер.
Ресми деректерге сүйенсек, біздің елімізде жеке тұрғын үйлер мен кеңселерді, биік ғимараттарды кәсіби тазалаумен айналысатын 200-ге жуық клинингтік компания бар екен. Оның жетеуі Шымкентте.
Әйгерім еліміздегі клинингтік компанияларға зерттеу жүргізіп көріпті. Бұл қызмет көрсету саласы бойынша 24 пайызбен Алматы қаласы көш бастаса, Астана екінші, Қарағанды үшінші орында, ал біздің Оңтүстік Қазақстан облысы алты пайызбен, төрттікті түйіндеп тұр. Бұл клинингтік сала баяу болса да дамып келеді деген сөз.
– Біздің мекемемізде он қызметкер бар. Тазалау, жуу аппараттарын Германия мен Польша елінен арнайы алдырттық. Мысалы, кілемді тазалайтын, жуатын, адамның қолы жетпейтін шаңды сүртетін бір ғана шаңсорғыштың бағасы 700 мыңнан асады. Басқа да қажетті құрылғылар, қоспалар зерттеуден өткен, сапалы шетелдік компаниялардың өнімі. Менің мақсатым – қызметкерлерге ауыр жұмыс істеткізбеу, – дейді Әйгерім.
Жас кәсіпкер ең бірінші қызметкерлерден адалдықты, жауапкершілікті, өз мамандығына құрметпен қарауды талап етеді. Бұл туралы мекеме қызметкері Раушан Әйтенова бізбен әңгімесінде айтып берді. Ол бұған дейін дәл осындай қызмет көрсететін басқа компанияда қызмет атқарыпты. Қысқартылғаннан кейін, жұмыс іздеп жүріп осы «ШымкентКлинингСервистің» хабарландыруына кез болған.
– Жас болса да Әйгерімнің арманы асқақ. Шыны керек, бұрын біз тапсырыспен барған жеке үйлерді, кеңселерді қолымызға сыпыртқы, шүберек пен шаң-тозаңға қарсы қоспаны алып, қолмен жуып-тазалап шығатынбыз. Саусақпен тексергенде шаң жұқпаса болды деп ойлайтынбыз. Осы жерге жұмыс ауыстырғалы бері бағыт-бағдарым, мақсатым мүлдем өзгерді. Өйткені, тазалық жұмыстарына да білім керек екен. Терезені, есікті, еденді, жұмсақ жиһаздарды жуғанға бөлек-бөлек қоспа қосу қажет. Және қанша мөлшерде қосатыныңды білуің керек, – дейді Р. Әйтенова.
Әйгерім осы сала бойынша Алматы қаласындағы арнайы курстарда білімін жетілдірген. Барлық қызметкерін оқытуға қаржы қолбайлау болғандықтан қазір өзі сабақ өтіп жүр. Бүгінде мекеме қызметкері Алексей Герман Алматыда оқып жатыр. Ол арнайы арқан байлап, биік ғимараттардың терезесін жуып-шаяды. Өндіріс альпинисінің арнайы аттестатына қол жеткізгеннен кейін, қабырға бояп, әйнек орнатып, шатырды қар мен қатқан мұздан тазалайды. «Техниканың мүмкіндігі жоқ жұмысты ертең біздің қызметкеріміз атқаратын болады», – дейді.
– Жаңадан ашылған кезде аялдамаларға жарнама жабыстырып жүре беріппіз. Бір күні бір апай қоңырау шалып, шақырды. Біз дайын емес едік. Базарға барып, қажетті затымызды сатып алып, айтқан мекен-жайға бардық. Сөйтіп сол үйде ыдыс-аяғынан бастап, кілеміне дейін екі күн қона-жатып, жуғанбыз. Ол апай риза болып, қолымызға 18 мың теңге ұстатты. Одан кейін оқыдық, іздендік. Алдағы уақытта клинингтік компания қызметін халықаралық деңгейге көтерсем деген мақсатым бар. Сол арқылы қала тұрғындарының тазалыққа деген ойларын өзгертіп, «еден жуушы екен» деген менсінбеушілік көзқарасты жойғым келеді, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіби клининг алғаш Ұлыбританияда пайда болған. 19 ғасырдың басында ағылшын елінде түрлі ғимараттарды жинастыратын мамандандырылған компаниялар ашыла бастаған. Содан кейін Британ институты құрылып, 1834 жылдан бастап «ғимараттарды тазалау, жинастыру» мамандығы бойынша маман дайындала бастайды. Бұл сала жедел дамып, үлкен индустрияға айналды.

Последнее изменение Среда, 10 Февраль 2016 08:49