Олар – қала тазалығына жауапты Избранное

Пятница, 12 Февраль 2016 06:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8697 раз

Күн сайын көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамайды. Өйткенi, олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді.

Тыным таппайтын
жұмысшылар

DSC 0031Қазір қаламызда бірнеше тазалық мекемелері бар. Соның бірі – «ЛТД Тұрмыс» ЖШС. 2006 жылы құрылған мекемеде 840 адам жұмыс істейді. Тазалық бөлімінде 7 бригада бар. Сондай-ақ, тазалық бөлімі, механикалық тазалық бөлімі, ирригация, автотранспорт, көгалдандыру бойынша 380 адам жұмыспен қамтылған. Бригада 96 көшенің тазалығын қадағалайды. Біз «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысымен танысып қайтқан едік.
Таң алакеуімнен тыным таппайтын тазалықшыларды Республика даңғылынан оңай таптық. Бұл бөлімнің №1 бригадасы екен. Түні бойы жауған қарды жұмысшылар жол жиегіне жинап, үйіп жатыр. Бет қаритын аяз болмаса да, суық бар. Көлікті де, жүргіншілерді де әбігерге салатын мұз екенін ескерген тазалық қызметкерлері темірмен ойып жатыр. Қар тазалау оңай дейсіз бе? Жұмыс ауыр.
Иә, қыста адамдарды түрлi жарақаттардан аман сақтап қалатын да осы адамдар. Тау болып үйiлiп жатқан қарды тазалайды, көктайғақта адамдар тайып, құламасын деп халықтың жайлы жүрiп-тұруына жағдай жасайды. Жалпы көше сыпырушылар қала көркін қалыптастыратын жандар. Егер көшелер тазаланбаса бірнеше сағатта Шымкенттің қоқыс астында қалары анық.

Көше тазалаушы – қажеттi кәсiп

DSC 0031-1Біз қызу жұмыстың қарбаласына қарамастан, бригада шебері Гүлмира Егембердиеваны сөзге тарттық. Ол бөлім құрамында 60 адамның бар екенін, тазалықшылардың барлығы жұмыс киімімен қамтылғанын, адамдардың арнайы көлікпен жеткізілетінін баяндады. Алдымен көше тазалаушы болып жұмыс істеген Гүлмира жұмыстың ауырлығын да жасырған жоқ.
– Біздің жұмысшыларымыздың еңбектері адал. Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Және қызметкерлерімізді кемсітетіні. Менің ойымша, адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар?! Біздің жұмысшыларымыздың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да техникамызбен аяқтан тік тұрамыз, – дейді бригада шебері.
Ал көше тазалауға қандай адамдардың келетіні айтпаса да түсінікті. Көбісі зейнет жасындағы ер кісілер мен әйелдер. Өздері көңілді. Қабақтары ашық. Кейбірі әндетіп, көше сыпырып жүр. Ауыр жұмыс үстіне күннің суытуы да дөп келген сияқты. Таңертеңгі бой қаритын ызғарды елейтін емес. Көше жинаушылардың бірі Замира Байтілеуова қолдарының бұлшық еттерінің сырқырағанын елеген де жоқ. Жұмысынан ләззат ала ма, көңілі шат.
– Туып-өскен жерім болғандықтан Шымкенттің мен үшін орны бөлек. Күн сайын көркейіп, өсіп келе жатқан қалаға өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Бірақ қалалық тұрғындардың тазалық жөніндегі мәдениетін көтеру керек деп ойлаймын. Кейбір ата-аналар қоқыс төгуге балаларын жібереді. Арнайы жәшікке апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме сұрамайды. Тіпті кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгеді. Еңбегiмiздi бағаламайды, – дейдi көше сыпырушы.

DSC 0031-2№1 бригаданың жетекшісі Мақсат Ермекбаевтың айтуынша, қалада бұрынғыдай емес, тазалық, көгалдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлінеді. Ағаштарды отырғызып, гүлдерді егетін де «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшылары.
– Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Шымкентте ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі зор, – дейді бригада жетекшісі.
Көшелердi тазалауда тазалықшыларға Жол полициясы қызметкерлерi көмектеседi екен. Қарды сүретiн ауыр техникаларды үнемi солар бастап жүредi. Ал жол жиегiнде кедергi келтіретін көлiктердiң иелерiн табуға, болмаса оларды эвакуатордың көмегiмен жылжытуда да жол сақшылары жәрдем береді.
Мiнеки, осыдан-ақ көше сыпырушылардың тегiн кәсiп емес екенiн аңғаруға болады. Сондықтан, бұл кәсіп иелеріне құрметпен қараған жөн. Сонда қаламыздың тазалығы да, қауiпсiздiгi де сақталады.

Дерек көздеріне сүйенсек, аула, көше тазалаушылардың шетелдерде беделі жоғары. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федарациясының экс-президенті Д. Медведов те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған. АҚШ-тың экс-президенті Б. Клинтон да көше сыпырған. Сондықтан көше тазалықшыларының қоғамда да өзіндік орны бар. Оған дәлел ретінде Ресейдің 10 қаласында аула сыпырушыларға арналған ескерткішін айтуға болады.

Последнее изменение Пятница, 12 Февраль 2016 10:58
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.