«Қайнарбұлақ»: аулаларға – аяқжол, көшелерге – бейнекамера

Среда, 02 Август 2017 05:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 480 раз

Жақында ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабындағы бірқатар көшелерге 16 бейнебақылау камерасы орнатылды. «Қайнарбұлақта» 42 алап (массив), 213 көше бар. Жазғы маусымда 8 762 үйден 53 245 тұрғын тіркелсе, қысқы маусымда олардың саны 32 570-ке азаяды. Бұдан өзге «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында 3 дәріхана, 51 сауда дүкені, 2 шіркеу мен 1 орталық базар және 1 мектеп жұмыс істейді. Аталған аумақ тәртібін Қаратау полиция бөліміне қарасты №54 учаскелік полиция пункті бақылайды.

20170728 105108

Тәртіп сақшысына артылар жауапкершілік көп

Ғабит Патшаханұлының айтуынша, аудандағы құқық бұзушылық оқиғаның жартысынан көбі бір ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында тіркеледі.

– Бұл көрсеткіш көңілді көншітпей тұр. Құқық бұзушылықтың жиі орын алатын себебі, мұнда бұрынғы саяжай әлі де демалушылар үшін қызмет етуде. Демалуға 1-2 күнге ғана келетін адамдар көбіне тазалық тұрмақ, тәртіпті де сақтамайды. Спирттік ішімдік ішіп, бір-бірімен қақтығысып қалады. Жол жүру ережесін ескермейтін жүргізушілердің үстінен тұрғындар жиі шағымданады. Екіншіден, «Қайнарбұлақта» тұрғындар саны басқа шағынаудандарға қарағанда 3-4 есе көп. Үшіншіден, қаланың шетінде орналасқан, – дейді аудан әкімі.

Қылмыс жиі орын алатын аймақтағы жағдайды жан-жақты саралаған Ғ. Мәуленқұлов мәселені қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың назарына ұсынған.

 

Маңызды мәжіліс, нәтижелі жұмыс

«Қайнарбұлақ» тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықты жою, инфрақұрылым салаларын дамыту және басқа да өзекті мәселелердің шешімін табу мақсатында жыл басында мәжіліс өтіп, хаттама толтырылған. 

Ғ.Әбдірахымов төрағалық еткен алқалы жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қалалық құрылымдық бөлім басшылары мен қалалық және аудандық Жергілікті полиция қызметі, Қаратау ауданы прокуроры қатысып, нақты тапсырмалар алған. 

Қала басшысы міндеттеген шаруалар хаттама негізінде 6 айда аяқталуы тиіс болса, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Р.Аюпов оның бірқатарын атап өтті.

– «Қайнарбұлақ» тұрғындары енді коммуналдық қызмет төлемдерін төлеу үшін орталыққа келіп әуреленбейді. Олар үшін төлем қабылдайтын 7 терминал орнатылды. Сондай-ақ, «Қазпочта» АҚ басшысының келісімімен почта бөлімшесі ашылып, бүгінгі таңда саяжай тұрғындарына қызмет етуде, – дейді Рашид Абатуллаұлы.

Ғ.Әбдірахымов «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы және саяжайындағы жер телімдері мен үйлердің құжаттары заңдастырылуын, тұрғындардың тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркеуге алынуын орынбасары Н.Көшеров, құрылымдық бөлім басшылары Қ.Сайлауов, Н. Архабаевқа тапсырған. Бұл бағытта бүгінде тұрғындар тұрақты мекенжайы бойынша тіркеуге алынып, 96 үйдің құжаты заңдастырылды. 

20170728 112543

№83 жалпы орта мектептің де құжаты рәсімделді. Аудан әкімі Ғ. Мәуленқұлов осы орайда тұрғындарды қуантатын бір жаңалығымен бөлісті.

– Биыл қайнарбұлақтықтар үшін тағы бір жаңа мектеп пайдалануға беріледі. 1200 орындық білім ошағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жақында бұл аумақтан дәрігерлік амбулаторияны ашу жоспарланды. Қала орталығына қатынайтын қоғамдық көлік тұрғындардың жол жүруін жеңілдетті. Сондай-ақ, тұрғын алапта 7 аялдама, 2 бағдаршам орнатылды. Жол салу, шағал тас төсеу, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол құрылысы мен сапалы жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жалғаса бермек. Біз Ғабидолла Рахматоллаұлы міндеттеген тапсырмаларды 100% орындадық – дейді ол.

 

Сапалы бейнекамералар – сақтық кепілі

Мәжілісте «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы аясында қалалық ЖПҚ басшысы Д.Мейірхан мен Қаратау аудандық ЖПҚ басшысы С.Жұмановқа негізгі міндеттер жүктелді.

– «Қайнарбұлақ» саяжайы мен тұрғын алабында алдағы уақытта құқық бұзушылықты азайту үшін қала әкімінің тапсырмасына сәйкес учаскелік полиция инспекторларын 2 есеге арттырдық. Бүгінде 13 полиция инспекторы бар №54 учаскелік полиция бекеті Бақытжан Малдыбаевтың басшылығымен тәулік бойы қызмет етеді. Кешкі кезекшілікте 2 мамандандырылған көлік бар. Сондай-ақ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Талғат Әмірбековтың демеушілігімен 16 бейнебақылау камерасы орнатылды, – дейді Сейдалы Оразалыұлы.

20170728 113003

Кәсіпкер өзін сайлаған аумақтың жағдайына бей жай қарамайтынын тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадамымен дәлелдей алды.

– «Қайнарбұлақтағы» құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында орнатылған 16 бейнебақылау камераларының мүмкіндігі зор. Күндіз-түні және ауа рауының кез келген құбылысында көріністі анық жазып алады. Бұл камералар дыбысты да жазып алады. Ал жазбалардың орталық видеосервері 8 шақырымға дейін Wi-Fi қызметін де атқарады. Сондай-ақ, осы орталық жүйесіне тағы 200-ден астам бейнебақылау камерасын жалғауға болады, – дейді халық қалаулысы.

Бұл жекеменшік тұрғын үйлер орналасқан шағынаудандарда орнатылған алғашқы бейнебақылау камералары. Бұған дейін мұндай бақылау камералары көпқабатты үйлердің ауласы мен қаланың орталық көшелерінде ғана болған. Қаратау ауданының әкімі Ғ. Мәуленқұлов пен қалалық мәслихат депутаты Т.Әмірбеков алдағы уақытта тағы 30 бейнебақылау камерасын орнатуды ойластыратынын атап өтті. Бір ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабымен шектелмей, көрші шағынаудандарды да бақылау мүмкіндігін қарастырмақ. 

Тұрғындар атынан ризашылығын білдіре келген Айман Арысбаева қазірдің өзінде тәртіп сақтауда едәуір айырмашылық байқалатынын айтты.

– Көшемізге жаңа асфальт төселгеннен кейін көлік тізгінінде отырғандар жылдамдықты асыра айдайтын. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы да жиі қайталанды. Ал көшелерге камера орнатқалы көліктер шектеулі жылдамдықтан асырмайтын болды. Тағы бір оқиға жуырда біздің саяжайға демалуға келген жастар арасында орын алды. 2-3 минутта полиция қызметкерлері арнайы көліктерімен жетіп келіп, бұзақылықты тоқтатты, – дейді «Қайнарбұлақ» саяжайының тұрғыны.

Бүгінгі таңда «Қайнарбұлақ» саяжайы мен тұрғын алабын қауіпсіз аймаққа айналдыру барысында атқарылған жұмыстар оң нәтижесін бере бастады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.