Жылу есептегiш құралдарының тиiмдiлiгi мол

Четверг, 07 Август 2014 07:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5625 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Өңірлік Даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тарапынан құрылған жұмыс тобының қатысуымен тұрғын үйге ортақ жылуды есепке алу құралдарын орнату жөнінде кеңес өтті. 

 

Кеңеске ҚР Өңірлік Даму министрлігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаменті директорының орынбасары Бегман Құлбаев, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Анатолий Шкарупа, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, қала әкімі Дархан Сатыбалды, сонымен қатар, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі департаментінің, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері қатысты. 

Жиында жалпы үйге ортақ жылу есептегіш аспаптарын орнату тетіктерінің өзіндік тиімді тұстары мен оны көпқабатты тұрғын үйлерге орналастыру жайы жиылған көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндірілді. Тұрғындардың экономикалық қызығушылықтарын жоғарылату мақсатында бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жылу энергиясы үшін есептегіш құралдары бар сараланған тарифтер енгізілген. Оның нәтижесі де айтарлықтай айырмашылыққа ие. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша былайғы тұрғындар пайдаланылған жылудың әр шаршы метрі үшін 86,6 теңге төлейтін болса, есептегіш құралдары бар тұрғын үйлерде бұл көрсеткіш 40,9 теңгеге тең болуда. 

- Шымкент қаласы бойынша бүгінде 1753 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтылған, - дейді облыс әкімінің орынбасары Берік Серікұлы. – Оның ішінде өткен жылы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» аясында 7 көпқабатты тұрғын үйге 9 жылу есептегіш құралы орнатылған. Ал биыл 293 көпқабатты тұрғын үйге 385 дана жылу есептегіш құралын орнату жоспарланып отыр. Бұл үшін тиісті кесте бекітіліп, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ-на тиісті өтінімдер жолданды. Қазіргі таңда келісім-шартқа тұру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, үйге ортақ жылу есептегіш құралын орнату үшін республикалық бюджеттен қайтармалы негізде 8 миллиард теңге бөлініп отыр. Тұрғындар өтініш берген жағдайда көпқабатты тұрғын үйдің техникалық дайындығы басты талап етіледі және ондағы үйлер апатты немесе ескі болмауы тиіс. Жылу есептегіш құралдары орнатылған жағдайда тұрғындар бұл үшін жұмсалған қаржы сомасын алдағы 4 жыл уақыт мерзімінде коммуналдық төлем қабылдау орындарында тиісті шот арқылы қайтаратын болады.

Өңірлік кеңестен кейін арнайы жұмыс тобы қаланың бірқатар көп қабатты тұрғын үйлерін аралап, тұрғындарға жылу энергиясын есептегіш аспаптарының өзіндік ерекшеліктерін түсіндірді. 

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.