ЖАСТАРДЫҢ ЖҰМЫССЫЗДЫҒЫ ТЕРЕҢ ЗЕРДЕЛЕУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ Избранное

Среда, 30 Март 2022 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 741 раз

Шымкентте жастар саясатын жүзеге асыру бағытында Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Бүгінде бұл орталықтың жұмысын жетілдіру үшін 5 бағытты іске асыру жоспарда тұр. Сонымен қатар, биыл қаладағы 18 425 жасты жұмыспен қамту да көзделуде. Бұл туралы қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М.Шотанов қала әкіміне жастар ресурстық орталықтары тарапынан атқарылған жұмыстар жайын баяндау барысында айтты.

75

 

– Бірінші кезекте жастарды әлеуметтік қызметтермен қамтуды қолға аламыз. Оған 45 мыңға жуық жасты қамту көзделуде. Екіншіден, 93 мыңнан астам жасты волонтерлік қызметке тарту болса, үшіншісі – елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру үшін 30 іс-шара өткізу жоспарлануда. Төртіншісі – жоғарғы оқу орнында оқымайтын және жұмыспен қамтылмаған жастар санын азайту, бесіншісі – «Жасыл ел» жобасына жастарды жұмылдыру. Негізгі бағыттар – осылар, – деді басқарма басшысы.
Биылғы бірінші тоқсанда қалада 25 қоғамдық, 12 қайырымдылық, 44 ақпараттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 7 мыңға жуық жас қатысты, волонтерлік ұйымдар мен мектептер арасындағы бекітілген жоспарға сәйкес 62 іс-шара ұйымдастырылып, ол іс-шараларда 13 мың шамасында жас қамтылған. Басқарма басшысы жұмыс істемейтін, NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,7 пайызға төмендегенін, 2022 жылы бұл көрсеткішті 6,5 пайызға түсіру бойынша жұмыс жүргізілетінін айтып, жыл басынан 2 066 жас жұмыспен қамтылғанын мәлім етті.
Сонымен қатар, М.Шотанов қала әкіміне жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында көшпелі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылатынын баяндады. Мемлекет тарапынан жастарға берілетін мүмкіндіктерді мәлім ететін көшпелі жәрмеңке жыл басынан бері 19 орында өткен. Мұндай жәрмеңкелер барлық жасқа қолжетімді болуы үшін саябақтар мен сауда орталықтарында, шалғай елді мекендерде және Жастар ресурстық орталығында ұйымдастыру қолға алынған. Алдын ала құлағдар болуы үшін өтетін орны БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланады.
Биыл көшпелі жәрмеңкелердің нәтижесінде 2 066 жас жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, 540 адам – жастар практикасымен, 745-і қоғамдық жұмыс орындарына бағытталса, 50 жас алғашқы жұмыс орнына орналасқан. Сонымен қатар, 50 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 701 жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Басқарма басшысының сөзінше, жыл соңына дейін тағы 60 көшпелі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Жиын соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту секілді бағдарламаларды кеңінен түсіндіруді тапсырды. Сонымен бірге мегаполис жастарының қолынан көп іс келетін еңбекқор жандар екенін айтып, жұмыссыз жастарды терең зерделеп, оларға мамандық бойынша дұрыс бағыт-бағдар беру жұмысын жандандыруды жүктеді.
Сонымен қатар, жастарға ресми түрде жұмысқа орналасу маңызды екенін айтты.
– Жас маман үшін жұмыс өтілі өте маңызды. Сондықтан оларға ресми түрде жұмысқа орналасуды түсіндіру қажет. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі терең зерделеуді талап етеді. Мамандығына сай жұмысқа орналасуы үшін білім, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау секілді басқармалармен бірге жұмыс жасауды қолға алу керек, – деді қала әкімі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.