Нәрестенi бесiкке бөлеу зиян ба?

Пятница, 16 Январь 2015 05:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5910 раз

Тәрбиенің бастауы саналатын бесік жайында мақал-мәтелдер де, өнегелі сөздер де аз емес. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тәрбиенің тал бесіктен басталатынын меңзесе керек. Кейбіреулердің бесікті сәннен қалған керексіз зат ретінде санайтындары өкінішті.

D91gKdKkt0oТоғыз ай, тоғыз күн көтерген баласын бауырына алған аналарға перзентхананың өзінде-ақ сәбиді бесікке бөлемеу туралы, оның бала үшін зиян екені дәрігерлер тарапынан ашық айтылып жүр. Тіпті, баланы ай сайын тексеру барысында педиатрлар бесікке бөлейтінін немесе бөлемейтінін анықтап сұрап алады. Қазір бұл мәселенің ашық насихатталып жатқаны жасырын емес. Керісінше, кейбірі медициналық тұрғыда пайдасы мол екенін айтады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ескінің сарқыншағы ретінде қарамайтын отбасылар да жеткілікті. Олар ата-баба дәстүрімен өмірге келген баланы алғашқы ақ отауы бесікке бөлеп, ұлан- асыр етіп, бесік той жасайды. Ұлы Абай да әжесінің ертегісі мен апасының әлдиін естіп бесікте жатқан. Ғасырлар бойы талай ұлылар мен батырлар жатқан бесікті бөтенсінгеніміз не?
Қазіргі кезде бесіктің маңызы мен қадыр-қасиеті туралы аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, елге танымал, әр сөзінен өнеге алатын жандар оның қажеттілігі туралы дәстүрімізбен байланыстырып түсіндіруде. Солардың бірі Зейнеп Ахметова апамыз.  Республикалық бұқаралық ақпарат құралының біріне берген сұхбатында: «Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған» дейді. Ал, Бауыржан Момышұлы бесігі жоқ елден қорқатынын айтқан. Тәрбиенің бастауы саналатын бесік жайында мақал-мәтелдер де, өнегелі сөздер де аз емес. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тәрбиенің тал бесіктен басталатынын меңзесе керек. Кейбіреулердің бесікті сәннен қалған керексіз зат ретінде санайтындары өкінішті. Оған қоса, медициналық көзқарас та өз әсерін тигізбей қоймады. «Нұрсәт» шағынауданындағы №3 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Сандуғаш Ергешова бесікті зиян деп үзілді-кесілді айтудан аулақ.
–Бесікке бөлемеу керек, зиян деп, дәстүрден бас тартпаймыз. Бесіктің іші жылы. Таза жатады. Инфекция түспейді. Бірақ, баланы бесікке бөлеулі кезінде емізбеген жөн. Артық еміп қойған жағдайда, құсығына тұншығуы мүмкін. Сонымен қатар, байлаулы тұрған баланың өкпесі қысылады. Қимылсыз, шалқасынан жатқан баланың бас сүйегі жалпайып кетуі мүмкін. Кальций жетіспеген балалар дұрыс дамымай қалады. Бесікте 1-2 сағаттан артық жатпасын деп кеңес береміз, – дейді Сандуғаш Ергешова.
Баланы бесікке бөлеу, оны қасиетті де құтты орын санау ауылды жерде әлі де жойыла қойған жоқ. Әсіресе, апа-әжелеріміз көптен көрген қуанышы – немере-шөберелерін бесікке бөлеп өсіруде. Сондай әжелердің бірі – Қазығұрт ауданының тұрғыны Ботагөз Әбдіжаппарқызы.
– Бесікке деген теріс көзқарас әсіресе, қалалық жерлерде көп кездеседі. Мәселен, кейбірі баланы бесіктің қай жағына отырып бөлеуді білмейді. Мұны көргенде таңғалдым. Бесіктің рахатын шымкенттіктер көріп отыр. Өйткені, бізде салт-дәстүр жақсы сақталған. Екі айға жуықтаған шөберем де бесікте жатады. Бала туылған кезде анасының ішінде жатқан қалпын іздей бастайды. Көп баланың алғашында бесікке көнбейтіні содан. Өзім бір етек бала, жарты етек немере мен ширек етек шөбере көрдім. Барлығы да бесікке бөленген. Қазіргі заманның зиянды қоспалары бар жаялығын киген емес, – дейді Ботагөз әже.
Ақерке Тасболатова екі ұлын да бесікке бөлеген. Үлкені жасынан асқанша бесікте жатыпты. Ал екіншісі ұйқысы келгенде өзінің құтты отауын іздейді екен.
– Балаларымды алғашында бесікке бөлемей жүргенмін. Қол-аяғын ербеңдетіп, шошып жылайтын. Бесікке бөлеген сәттен бастап, тынышталды. Екі-үш сағат рахаттанып ұйықтап алады. Енді ұйқысы келсе, бесігін іздеп жылайтын болды. Оған қоса, таза жатады, – дейді А. Тасболатова.
Киелі деп есептеген бесікті қазақ саудаласпай, керек десеңіз сатпай, алушы не берсе, соны риясыз көңілмен айырбастап ала берген. Бесік ұрпақтан ұрпаққа қалатын мұра болғандықтан, өз баласының бесігін сұраған адамға ұстата салмаған. Бесікті аяқ асты етпеу туралы да көп айтылады. Бірақ, өкінішке қарай, бесікті қоқысқа лақтырып, қорлағандар да табылды.  
Қорыта айтқанда, ана жыры бесіктегі баланың
бойына сіңеді. Бесік жырын  тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Көнеден мұра болып қалған бесіктің қадірін ұмытпайық. Әр үйде бесік тербелсін!

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.