ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАСЫМЕН ЖҮЗЕГЕ АСҚАН САЯСИ РЕФОРМАЛАР МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАМУЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРДІ

Понедельник, 27 Ноябрь 2023 10:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 498 раз

bahafr

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жүйелі саяси реформаларды жүзеге асырмай, ұзақ мерзімді, әрі орнықты дамуға қол жеткізу мүмкін еместігін айтқан болатын.

«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз бар. Президент осы қағидаға сүйене отырып, саяси реформаларды өзінің өкілеттілігін шектеуден бастады. Атап айтқанда, Президент ешқандай саяси партияға төраға немесе мүше бола алмайды. Өткен жылғы референдум кезінде осы норма конституциялық негізде бекітілді. Бұл қадам биліктің бір адамның қолына шоғырлануын шектеумен қатар, саяси партиялар арасында әділ бәсекелестіктің орнауына да мүмкіндік беріп отыр.

Парламент Сенатындағы Президент тағайындайтын депутаттардың саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы аудан және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдеріне дейін тағайындау немесе жұмыстан алу секілді көптеген өкілеттіліктерден бас тартты. Осының бәрі биліктің бөлінуі мен билік тармақтарының бір-бірінен дербес әрі ықпалды болуы үшін қабылданған шешім.

Еліміздің дамуы және әділетті қоғам орнауы үшін саяси жүйедегі таразының екі басы тең болуы шарт. Яғни, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің құзіреті мен мүмкіндіктері тең болуы керек. Жалпы, Парламенттің қос палаталы болуы халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, АҚШ-та, Францияда қос палаталы кәсіби парламент қызмет атқарады. Әрі бұл тәжірибе өзінің тиімділігін дәлелдеген. Парламентті қос палаталы етудегі негізгі мақсат – заңдардың халыққа тиімді әрі мемлекеттің мүддесіне де нұқсан келтірмейтіндей сапалы болып қабылдануына ықпал ету.

Осының барлығын ескерсек, Сенаттың қызметі үлкен маңызға ие екенін байқаймыз. Дегенмен, Қазақстандағы саяси реформаның ең маңызды бағыттарының бірі Парламент Мәжілісінің өкілеттілігін кеңейтіп, ықпалын арттыруға бағытталды. Бүгінде Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат бұрынғыдай кері қайтарып жібере алмайды. Жоғары палата тек Мәжіліс депутаттары қабылдаған заңдарды қолдайтыны немесе қолдамайтыны жөнінде пікір білдіруге құқылы. Ал, заң қабылдау құзіреті Мәжілістің еншісіне берілді. Мұндай шешім неліктен қабылданды десеңіз, сенаторлар мәслихаттар арқылы жанама түрде сайланады. Бір бөлігі Президент квотасы арқылы тағайындалады. Ал Мәжіліс депутаттары партия арқылы және мажоритарлы жүйе бойынша тікелей халықтың дауыс беруімен сайланады. Соның есебінен Мәжіліс депутаттарын сайлаушыларға жақынырақ деп айтуға да негіз бар.

Басқаша айтар болсақ, Мәжіліс – қоғамдағы әртүрлі топтардың атынан өкілдік ете алатын, олардың пікірі мен көзқарасын жеткізіп, мүддесін қорғайтын палата. Олай болса, заң қабылдау процесінде Мәжілістің соңғы сөзді айтып, шешуші рөл атқарып отырғаны заңдылық деп айта аламыз.

Төменгі палатаның құзіреті артқанының тағы бір көрінісі ретінде Есеп комитетінің орнына бюджеттің орындалуын қадағалайтын Жоғары аудиторлық палата құрылып, ол жылына кемінде екі рет Мәжілістің алдында есеп беріп жатқанын айта аламыз. Мәжіліс депутаттары халықтың салығынан құралған қазына қаржысының тиімді әрі заңға сәйкес жұмсалуын бақылап отыр. Бұл депутаттардың іс жүзінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қызметін де бақылап отырғанын көрсетеді.

Саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны әуелі 40 мыңнан 20 мыңға дейін, одан кейін тағы 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылды. Әр өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылып отыр. Яғни, талаптар едәуір жеңілдеді.

Мемлекет басшысының Жолдауында аудан әкімдерінің сайлауы туралы да айтылған болатын. Биыл Президенттің бұл тапсырмасы пилоттық режимде жүзеге асты. Мәселен, көршілес Түркістан облысында 3 ауданның әкімін халық тікелей дауыс беру арқылы сайлады. Бұл – билікті орталықсыздандыру және қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Себебі, аудан әкімдерін халықтың сайлауы жергілікті жердегі жағдайға тұрғындардың ықпал етуіне мүмкіндік береді және аудан әкімдерінің халықтың алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі.

Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформалардың нәтижесінде жергілікті өкілетті орган – мәслихаттардың да беделі мен ықпалы күшейіп, оған деген халықтың сенімі бұрынғыдан да арта түсті. Бұған, біріншіден, еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихат сайлауының аралас жүйе бойынша өтуі ықпал етті. Биыл наурыз айында өткен сайлауда депутаттардың 50 пайызы бұрынғыша партиялық тізім бойынша сайланса, 50 пайызы бір мандатты округтер арқылы халықтың тікелей дауыс беруімен сайланды. Нақтырақ айтар болсақ, Шымкент қаласы мәслихатының VІІІ шақырылымдағы жаңа депутаттық корпусына 32 депутат сайланса, соның ішінде 16 депутат бір мандатты округ арқылы сайланды. Ал, партиялық тізім бойынша «Amаnat» партиясынан – 11 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 3 депутат және «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды. Яғни, бір жағынан тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланған депутаттардың есебінен, екінші жағынан мәслихаттың көппартия құрамының жасақталуы арқылы өкілетті орган халыққа, қоғамға етене жақындай түсті.

Екіншіден, мәслихатқа қосымша бірқатар өкілеттіліктер берілді. Солардың ішінде ең елеулісі қала әкімінің мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы таңдалуы дей аламыз. Бұған дейін әкім лауазымына кандидат болатын бір азаматты Президент ұсынып, мәслихат оны мақұлдайтын еді.

Бұған дейін Президент ұсынған кандидатты мәслихаттың қабылдамай, кері қайтаруы практикада кездеспеген. Неге десеңіз, Президентті бүкіл халық сайлайды ғой. Сондықтан оған құрметпен қарау, оған сенім арту – заңдылық. «Осы кадрдың қаланы басқаруға лайық екенін бізге қарағанда көбірек зерттеп, білген шығар» деген ойлар болатын. Ал, ендігі жерде әкім лауазымына екі немесе үш-төрт кандидат ұсынылады. Солардың арасынан қайсысы біздің қаланы басқаруға лайық екенін мәслихат депутаттары таңдайды. Яғни, бұған дейін біз әкімге Президенттің осындағы өкілі ретінде қарап келсек, ендігі жерде әкім тек Президенттің ғана өкілі емес, мәслихат депутаттары таңдаған саяси қызметкер. Әкім қалай да өзін дауыс беру арқылы таңдаған мәслихат депутаттарымен санасып, есептесе отырып жұмыс істейді. Осының өзі Мемлекет басшысы жүргізген түбегейлі саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттың дербестігін арттырып, мәртебесін көтерілгенін айғақтап тұр.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы

Последнее изменение Понедельник, 27 Ноябрь 2023 11:29
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.