ЖОРҒАҢ БОЛСА, ӨРГЕ САЛ, ІСІҢ АҚ БОЛСА, КӨПКЕ САЛ Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 310 раз

Басқа жекелеген басқарма, жеке салаларға қарағанда ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бауы мен шуы мол тарқатылатын, қоғамда қиыстайтын мәселесі жоқ мекеме. Сондықтан да «Анау қайда? Мынаның жөні қалай болады?» деген мың сауал таусылмайды.

4BET-2

 

Алқа мәжілісінде Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев атқарылған жұмыстар бойынша жан-жақты толымды баяндама жасады. Селкеу қалған сала жоқ. Істеген жұмыстарды жіліктеп, бұтарлап берді.
Алдын-ала озып айтайық. Көңілге сызат түсірген жағдаят та болмай қалған жоқ. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұрындары шағын топпен өткізілетін жиынды халық талқысына салуды жөн көрген. Құптайтын бастама. Президентің талабы. «Еститін Үкімет» деген осы.
Әйтсе де осындай жақсы мүмкіндікті бұрынғы әбден айтылып жүрген, жауыр болған мәселелерді қайта көйітіп, микрофонның сағасына сағыздай жабысып алып тұратындар әлі де көп екен. Өкініштісі, бұл аға буынның өзінен табылды. Екі сөзінің бірінде «жастарды бүйтіп тәрбиелеу керек, жастар бізден өнеге алсын, басқарма жұмысын былай үйлестірсін» деп кеудесін ұрған сол ағаларынан сөз зорға тиген жастар өкілі: «Алқа мәжілісі басқарма жұмысын нақты талқылау емес, аға буынның бір-біріне сөз бермей, бір-біріне қыр көрсеткен жиынына ұқсап кетті. Бұл жиынға жастарды, студенттерді шақырмай-ақ, өздеріңіз неге өткізе бермедіңіздер? Жастарды қалай тәрбиелеуіміз керек деп даурығып жатырсыздар, ең алдымен өздеріңізді тәрбиелеп алсаңыздаршы» деді.
Өте ауыр айып, ауыр сөз. Бірақ, айтпасаң сөздің атасы өледі. Осындайда ер Баукеңнің, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының аға буынды топқа бөліп айтқаны еске түседі.
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: "Шал, қария, ақсақал, абыз" деп төртке бөлген.
1. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт - Шал.
2. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап билік жүргізген қартты ҚАРИЯ деп,
3. Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты АҚСАҚАЛ деп,
4. Бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты АБЫЗ деп атаған.
Айтарымыз, сөз тимей қалса жұлқылып кететін ағайын осының ішінен өзін танып, өзін тәрбиелеп алса дұрыс болар еді, абзалы.
Енді орынды ұсыныстарға келейік.
Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев мемлекеттік жастар бағдарламасы бойынша тағлымды жұмыстар атқаруға болатындығын мысалдармен дәйектеді. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойларын мысалға келтіріп, жат қылықтардан арылудың жайын айтты. Мәселен, есірткі. Былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Ең өкініштісі, көпшілігі өрімдей жастар. Сондықтан, осы бағыттағы өнімді жұмыстарды өрістету керек. Масылдық пиғыл да қатты байқалады.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы осы бағытта қандай жұмыстар атқаруға болатындығын жіліктеп берді.
Сөз түйіні, еңбек қана адамды тәрбиелейді.
«Аmanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева бүгінгі қоғамдағы ішкі қайшылықтың мәнін ашып берді. Көзге ұратын жайт, аға буын консервативтік, ал жастар либерал бағыт ұстанып жүр. Яғни, Еуропаның барлық өзгерістерінен хабардар болып отырған жастарға құрғақ ақыл жүрмейді. Осы бос кеңестікті аңдаған қаптаған психолог, коучтар жастарға Еуропа мәдениеті, көзқарасын тықпалап адастырып келеді. Жанар Әлібекқызы осының жай-жапсарын айта келіп, нақты ұсыныс – «Саналы ұрпақ. Саналы ата-ана» үш жылдық бағдарламасын ұсынды. Яғни, бүгінгі ағымның жетегінде кете бермей, тиісті салаларды қоғам қажеттілігі, мемлекет бірлігі негізінде қайта даярлықтан өткізу керек.
Шымкент телеарнасының директоры, ҚР Журналистер одағының Шымкент филиалының төрағасы Уәли Қыдыр мен «Серпіліс» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова БАҚ саласына бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың жайын тарқатты. Әлеуметтік жобалар – біз шөптің арасынан ине іздеп жүрген қалыптағы ұлттық идеологяның қайнар көзі. Сондықтан, қаржы көлденең көк аттының қажетіне емес, ұлт тәрбиесіне пайда беретін жобаларға берілсін. Бейсенкүл Нарымбетова Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіретін кеңес керектігін айтты. Дұрыс ұсыныс. Сөйлеушілердің бәрін тізбелемедік, оның қисыны жоқтығын жастар аңғартқан.
Жауырды жаба тоқуға болмайды. Алқа мәжілісін қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының ойларынан осыны ұқтық. Басқармада ақсап жатқан жайттарды айтты. Жақсы ұсыныстарға қолдау болатынын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы тапсырмаларының қандай деңгейде орындалып жатқандығын айтты. Қалай болғанда да құқықты, зайырлы мемлекетіміз өркениетті елдердің бел ортасынан табылу үшін барлық іс-қимылдарды тиімді ұйыстыру керек. «Барлық мәселе ұятқа келіп тіреледі. Ұят жоқ жерде иман жоқ. Иманның қабы – ұят» деді.
Мәнін түсінген адамға бұл – мемлекеттік мәселенің темірқазығы. Расында, қоғамда алаңдайтын мәселе көп. Жастар арасында суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық жыл сайын көбейіп бара жатқандығы қоғамды қатты алаңдатады. Мешітке жас балалардың, студенттердің сабағынан қашып баратындығын тиісті сала басшылары жиі айтып жүр.
Алаңдайтын-ақ мәселе. Зайырлы мемлекет діни сенімге кесе-көлденең тұрмайды. Бос уақытында үйінде оқысын. Ал, жастарға бүгінгі керегі: оқушы сабағын жақсы оқысын, студент мықты маман болуға барын салсын, ғылым қусын. Қазақстанның өзге мықты мемлекеттермен терезесі тең болуы үшін еліне пайда әкелсін.
Мемлекетіміздің іргетасының беріктігі, күш-қуаты ішкі бірлік, ынтымаққа көп қатысты. Бірақ, бұл жұмыстарды мемлекет мойнына іліп қоймай, бәріміз бірлесіп, қауымдасып жұмыс істеуіміз керек.
Бұл дана қазақтың «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген нақылының түйіні болды. Алқа мәжілісіне қатысқандар үлкен сабақ алып қайтқандығы кәдік.