ЕСІРТКІ ТАРАТУДЫҢ ЖАЗАСЫ АУЫР Избранное

Пятница, 14 Июнь 2024 06:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 215 раз

Шымкентте аса ауыр санаттағы қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, сондай-ақ тонау, зорлау, бұзақылық және қорқытып алу бойынша ашылмай қалған қылмыс жоқ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде полиция департаменті бастығының орынбасары Арман
Бейсенбаев айтты.

esirtki

 

Полиция полковнигі жыл басынан бергі 5 айда мегаполисте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Арман Бейсенбаевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген құқық бұзушылықтар 28,6 пайызға азайған. Қабылданған шаралар және профилактикалық жұмыстар нәтижесінде бірқатар негізгі қылмыс түрлерінің саны едәуір төмендеген. Оның ішінде пәтер ұрлығы 23,6 %-ға, мал ұрлығы 66,7%-ға, алаяқтық 34,1%-ға азайған.
Ал, аса ауыр және ауыр санаттағы қылмыстар 100 пайыз ашылған. Бұл – профилактикалық бағыттағы жұмыстарға басымдық берудің нәтижесінде жеткен көрсеткіш. Профилактикалық жұмыстардың арқасында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 29,1 пайызға, көшелерде жасалғандар 26,8 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қатынастағылар 23,1 пайызға, кәмелетке толмағандармен жасалғандар 23,1 пайызға азайған. Дегенмен, жыл басынан кәмелетке толмағандармен жасалған 3329 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуы, үйден тыс ата-ана немесе заңды өкілінсіз жүруі, тіпті жөспірімдердің қоғамдық орындарда алкогольді мас күйінде жүруі де кездескен. Осының салдарынан кәмелетке толмаған 249 жасөспірім мен 138 жайсыз отбасы есепке алынды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарауына 11 материал жолданып, оның шешімімен 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектепке жіберілген. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 323 бала орналастырылды. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар тек жергілікті атқарушы органмен ғана емес, қалалық білім басқармасымен бірлесіп жүргізілетін іс. Әйтсе де, үйдегі ата-ана жауапкершілігі мен тәрбиесі зор ықпал етеді.
Дегенмен, атқарылған жұмыстарға қарамастан, полиция органдарының ерекше алаңдаушылығын тудырып отырған негізгі екі мәселе бар. Оның біріншісі – есірткі қылмыстары. Екіншісі – жастардың есірткі саудасына қатысуы.
– Есірткі сату бойынша ұсталғандардың 70 пайызы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың көбі интернеттегі есірткі кәсібінің құрбаны болып отыр. Бүгінде интернетте, әлеуметтік желілерде есірткі қылмыстарымен байланысты жұмыстарға тартатын көптеген хабарландыруларды көруге болады. Оны ұйымдастырушылар қомақты ақшалай қаражат үшін, кейде аптасына 200 мыңға дейін табыс әкелетін есірткі жасырушы, яғни «закладчик» немесе «курьер» секілді қызметтерді ұсынады. Ең өкініштісі, осыған алданған жастар заңсыз қызметке кіріп, есірткіні жасырын орындарға қойып кетумен және тасымалдаумен айналысып, түбінде полиция қызметкерлерінің құрығына түсіп жатады. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан 35 кг астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Есірткіні жарнамалайтын 4 мыңға жуық граффити суреттер жойылды. Басқа өңірлердегі әріптестермен бірлесе есірткіге байланысты 2 мыңнан астам интернет сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілді, – деді Бейсенбаев.
Осы орайда айта кетейік, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. Ал, дәл осы әрекет білім беру ұйымдарында немесе көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізумен байланысты болса, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін алып барады.
Қазір қоғамда белең алып бара жатқан тағы бір қылмыс – интернет алаяқтық. Қаншама аңғал халық осындай қылмыстың құрбаны болып, ақшаларын белгісіз адамдарға салып жіберген. Осындай 100 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, оларды жасаған 38 тұлға ұсталған. Азаматтарға келтірілген 57 млн. теңге шығын кері қайтырылды.
Сөз соңында полиция өкілі тұрғындарды интернет-алаяқтардан сақ болуға, нашақорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.