Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы! Избранное

Пятница, 14 Июнь 2024 06:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 207 раз

Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов келе жатқан Құрбан айт мерекесіне орай арнайы баспасөз брифингін өткізді. Қаланың бас имамы биылғы ұлық мерекенің ерекшелігін, құрбандық шалу тәртібін түсіндіріп, дайындық барысынан хабардар етті. Биылғы Құрбан айт намазы Шымкент қаласы бойынша барлық мешіттерде 16 маусым күні таңғы сағат 6.00-де оқылады.

kurbank

 

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Бақдәулет қажы Нұрматұлы мереке қарсаңында мал бағасын қымбаттатпау бойынша кәсіпкерлерге бас мүфтидің үндеуін жеткізіп, мерекеде барынша жақсылық жасауға шақырды.
– Биылғы мерекені ерекше өткізсек деген жоспарымыз бар. Жалпы қала тұрғындарына қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынып отыр. Атап айтқанда, қала әкімдігімен бірлесіп тұрғындар мен қонақтарға арналған «Балаларға базарлық» және QURBAN AIT FEST мерекелік, рухани іс-шаралары өтеді. Онда дәстүрлі әндеріміз насихатталып, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылады. Қаланың барлық мешіттері алаңында рухани іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мейрамда барынша жақсылық жасап жарысайық, – деді бас имам.
Қаржылай мүмкіндігі бар әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп амал, мұсылмандық міндет. Баспасөз мәжілісінде қашықтан құрбан шалуға арналған qurban2024.kz сайты таныстырылды. Сонымен қатар, қалада құрбандық шалуға арнайы 3 орын белгіленіп отыр. Онда барлық санитарлық-талаптар сақталған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.