ӘДІЛ ШЕШІМ – СОТҚА АБЫРОЙ Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 692 раз

2200 жылдық терең тарихы бар көне қала әрі жаңарған, жасарған шырайлы Шымқаланың тарихын қалалық соттың тарихынан бөліп қарауға әсте болмайды. Оңтүстік өңірде орналасқан Шымкенттің тарихы тереңнен сыр шертеді десек те, Шымкенттің дербес қала болғанына 6 жыл толғанын жақында атап өттік. Қаланың солтүстік жағында Қаратау көлбей созылып жатса, Оңтүстік шығысында Талас Алатауы алыстан менмұндалап, күллі халқымыз кие тұтқан Қазығұрты, талай-талай алқалы кеңестер өтіп, ел тағдырын шешкен Мәртөбесі мен Ордабасы, сансыз баптардың ордасы болған Сайрамы Шымкентті төрткүл дүниеге танымал еткен. Қайырымды қала Шымкентке би жайлаған Алатаудың асқақтығы мен хан жайлаған Қаратаудың құт берекесі дарыған.

Sot

 

ЖҰМЫС БІР КҮНГЕ ДЕ ТОҚТАҒАН ЖОҚ

2018 жылы 18 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Шымкент қалалық сотының құрылғанына биыл 6 жыл толды.
Алғашқы кезде қаладағы 4 аудандық сотты айтпағанда, жаңадан құрылған Шымкент қалалық соты мен мамандандырылған 5 соттың ғимараты болғанымен, олардың жұмыс істеуіне қажетті құрал-жабдықтар мен дүние-мүліктер жеткіліксіз еді. Мамандандырылған соттарда төраға мен судьялардың, кеңсе меңгерушілері мен бөлім басшыларының және сот мәжілісінің хатшылары мен мамандардың орындары бос (вакансия), яғни кадр жағы тапшы болды.
Осы қиындықтарға қарамастан, қалалық соттың қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқалары төрағасының уақытша міндетін атқарған Әділ Керімшеев пен Мұқтар Парменовтың және Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесовтің тынымсыз еңбектері мен іскерлігінің арқасында қала соттарының жұмысы бір күнге де тоқтаған жоқ. Олар жоқтан бар жасап, үш айдың ішінде қала соттарының жұмысын бір қалыпқа түсірді.
Президенттің 2018 жылдың 9 қазандағы Жарлығымен Шымкент қалалық сотының төрағасы болып Ербол Рахымбеков, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Ербол Жанғазин және азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Мұхтар Парменов тағайындалып, қызметтеріне кірісіп, қалалық сот қалыптасу сатысынан өтіп, даму жолына түсті.
2019 жылы қала соттары қажетті құрал-жабдықтар және дүние-мүліктермен қамтамасыз етіліп, сотқа келушілерге барлық жағдайлар жасалды. Адвокат пен прокурорға кабинет, медиаторға татуластыру бөлмелері пайдалануға берілді. Қалалық сотта заманауи үлгідегі фронт-кеңсе мен «Азаматтарды қабылдау орталығы», «Ақпараттық орталық» ашылды. Бес жыл бойы осы орталықта сотқа келген азаматтарды басшылар қабылдап, баспасөз мамандары БАҚ өкілдеріне брифингтер мен баспасөз мәслихаттары, тағы басқа да түрлі шаралар өткізіп келеді.

Kabil


Мемлекет басшысының сот жүйесінің алдына қойған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында Жоғарғы Соттың басшылығымен Шымкент қаласының соттарында 6 жылда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Солардың қатарында, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, халықпен кері байланысты арттыру және қылмыстық процесте тараптардың шынайы бәсекелестігін қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды. Соңғы жылдары еліміздегі сот реформасы одан әрі жетілдіріліп, Ата Заңымыздың аясында азаматтардың заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау мақсатында қолдағы барлық мүмкіндіктерді қолданудың нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімінің арта бастағаны байқалады. Оған қала соттарының судьялары мен мамандары да өз үлестерін қосуда.

СУДЬЯЛЫҚҚА ҮЛКЕН ДАЙЫНДЫҚПЕН КЕЛУ КЕРЕК

Өткен 6 жылда сот басшыларының игі бастамаларымен және судьялар мен сот қызметкерлерінің қолдауымен жүзеге асқан кейбір ауқымды шараларға тоқталып өтейін.
2019 жылы Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында «Билер аллеясы» ашылып, ол жерге судьялар мен сот қызметкерлері қарағай көшетін отырғызды.
Қалалық соттың бастамасымен «Мәртөбе – қазақтың дала парламентінің негізі» тақырыбында өткізген конференцияға судьялар мен ардагерлер, тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және Билер кеңесінің мүшелері қатысты. Мұндағы мақсат – қилы замандарда талай тарихи құрылтайлар өткен, дана билеріміз дайындаған «Жеті жарғы» дала заңына Тәуке хан таңбасын қойған қасиетті Мәртөбені халыққа танымал ету еді. Содан кейін 2020 жылы Шымкенттің сот қызметкерлері Мәртөбе тарихи кешеніне арнайы барып, болашақ заңгерлерге арнап «Келер ұрпаққа жазылған жолдауды» капсулаға салып қалдырған болатын.
Сонымен қатар, бес жылдан бері Шымкенттің судьялары мен бөлім басшылары әр тоқсан сайын бір күндік жалақысын Сайрамдағы №4 балалар үйі тәрбиеленушілерінің «Отбасы банкіндегі» жеке шоттарына аударып келеді.
2021 жылдың 1 шілдесінде Шымкентте жаңадан құрылған мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік соты өз жұмысын бастап, 3 жылда жүздеген азаматтың құқығын қорғап, оларға жерлері мен үйлерін, т.б. мүліктерін қайтаруға көмектесті.
Айтпақшы, 6 жылда Шымкент қалалық соты мен аудандық соттардан шыққан 6 адамның төртеуі облыстық соттың төрағасы, ал екеуі облыстық соттың алқа төрағасы болып тағайындалғаны көп нәрсені аңғартса керек! Атап айтсам, бүгінгі күні Е.Жанғазин Солтүстік Қазақстан облыстық сотының, М.Парменов Атырау облыстық сотының, Е.Рахымбеков Маңғыстау облыстық сотының төрағасы, ал Шымкент қаласының бұрынғы Еңбекші аудандық сотының төрағасы болған Айдос Сұлтанов Түркістан облыстық сотының төрағасы қызметін атқаруда. Шымкент қалалық сотының бұрынғы судьясы Нұрлан Биболов 2021 жылы Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалған.
Шымкент қалалық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламов, алқа төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков, 24 маусым – судья және сот қызметкерінің күніне арналған құттықтау сөздерінде: «Өткеннің өнегесі – болашаққа батыл қадам демекші, бүгінгі сот жүйесі – өткен ғасырларда қазылық айтқан билердің үрдісін жалғастырып, бүгінгі таңда еліміздегі заңның үстемдігі мен адам құқығының сақталуына үлес қосып келе жатқан мемлекеттік биліктің бір тармағы. Өткен 6 жылда Шымкент қаласы соттарының ұжымы сот төрелігін іске асыруда кәсіби деңгейінің өскендігін күнделікті қызметімен көрсетуде. Биыл үшінші рет атап отырған кәсіби мерекеміз құтты болсын!» – деді.
Шымкент қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Берік Мейірханов 24 маусымда сот қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай келе: «Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі құрылып, соған сәйкес, Шымкент қаласында аумақтық департамент құрылды. Бір жылда Жоғарғы Сот пен Сот әкімшілігі тарапынан қыруар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, сот қызметтерін тұтынушыларға арналған сервисті дамыту, сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдету, оны цифрландыру және судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда.
2023 жылғы 15 мамырдағы ел Президентінің Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандық соттарын біріктіру және бөлу жолымен Шымкент қаласының Азаматтық істер жөніндегі және Қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық екі жаңа соты құрылды. Олар бір күнде басқа ғимараттарға көшіп, бірақ жұмыстарын тоқтатпай жалғастырғанын адвокаттар мен прокурорлар және тараптар жақсы біледі. Алдағы уақытта департаментке жүктелетін міндеттер аз емес. «Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» демекші, қиын да жауапты қызметте абырой биігінен түспей, әрқашан халықтың алғысы мен ілтипатына бөлене берейік!» - деді ол өз сөзінде.
Судья мен сот қызметкері – егіз ұғым және бұл екеуі сот саласының тірегі! Судья заң карьерасының шыңы болып саналады. Судья болу үшін әрбір үміткердің ең алдымен ар-ожданы таза және құқық саласындағы тәжірибесі болып, жан-жақты үлкен дайындықпен келуі керек. Судья лауазымының жауапкершілік жүгі айтарлықтай ауыр.
Жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында еселі еңбегімен көзге түскен ардагерлеріміз бен судьялармыз және сот мамандары туралы басылымдарда мақалалар жарияланып, әлеуметтік желіде бейнероликтер көрсетіледі.

КЕЛЕР ЖЫЛЫ ӨЗГЕРІС КӨП

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заңға енгізілген өзгерістер Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау жөніндегі бірқатар тапсырмаларын орындауға бағытталған. Қылмыстық-процестік кодекске (ҚПК), Азаматтық-процестік кодекске (АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Заң жобасы азаматтық және қылмыстық істерді кассацияда алдын-ала қарауды алып тастайды. Сотқа жүгінудің бірыңғай ережелері енгізілуде.
АРПК әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін жасау бойынша жаңа міндетпен толықтырылды. Бұл азаматтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу практикасын бағдарлауға мүмкіндік береді. Азаматтардың сотқа деген сенімін арттыратын әкімшілік істерге экстерриториялық соттылықты кеңейту ұсынылады.
Аумақтық әділет органдарының басшыларына жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған жағдайда сот орындаушыларының қаулыларының күшін жоюға құқық беріледі. Олар сотқа талап қоюды бермес бұрын шағымды қарауы керек. Бұл сот ісін жүргізудің санын азайтып, атқарушылық іс жүргізудің жедел орындалуына ықпал етеді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша дербес кассациялық соттар құрылады.
Ұсынылып отырған кассациялық іс жүргізудің жаңа моделі Жоғарғы Соттың рөлін өзгертеді, оның негізгі мақсаты сот практикасын түсіндіру және біркелкілігін қамтамасыз ету болады. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Жоғары сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша қарайтын болады: егер шешімдер сот практикасына қайшы келсе немесе құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап етсе. Жоғарғы Сот төрағасының өкілдігі институтын жою ұсынылып отыр.
Алдағы уақытта да еліміздің судьялары «Ту көтерген ерің бар, қол боларлық елің бар, атадан қалған сара жолың бар», – деп Төле би бабамыз айтқандай, қазақтың ұлы көшін, елге құт болған билердің сара жолын жалғастыра береді!

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тіл жанашыры құрмет белгісінің иегері,
сот жүйесінің үздігі 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.