МЕКТЕП АШУ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛМАСА ЕКЕН Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 657 раз

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылы халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елімізде 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жететінін мәлімдеп, сол кезеңге дейін кемінде 1000 мектеп салу туралы тапсырма берген. Президент межелеген 2025 жылға да көп қалған жоқ. Жарты жыл уақыт бар. Осы төрт жылға жуық мерзімде мектептердегі орын тапшылығы мәселесі қаншалықты шешілді?

Mektep

 

«Мешіт емес, мектеп сал!»

Президент осы Жолдауында тығырықтан шығудың жолын өзі ұсынды. «Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн» деген еді.
Содан беріде жеке сектордың қатысуымен мектептер салу қарқын алып келеді. Қазір Шымкент қаласында 275 мектеп болса, оның 150-і – мемлекеттік, 125-і – жекеменшік. Ресми дерекке жүгінсек, 2021 жылы пайдалануға берілген 32 мектептің – 28-і, 2022 жылы іске қосылған 46 мектептің 41-і – жекеменшік мектептер. Ал, 2023 жылы 19 928 орынды 23 мектеп ашылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін тапқан, ыңғайластырылған мектептер саны 5-тен 4-ке, оқушы толымдылығы артқан мектептер саны 32-ден 21-ге төмендеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың мәлімдеуінше, 2027 жылға қарай елімізде балалар саны 8 миллионға дейін артады. Қазір елімізде 6,8 млн. бала бар. Оның 3,8 миллионы – мектеп жасында. Республика бойынша балалардың 40,6%-ы, яғни жартысына жуығы Шымкентте тұрады. Осыны ескерсек, мегаполистің мектептердегі орынға қатысты мәселесін шешуге әлі біраз күш керек сияқты.
Қалалық білім басқармасы басшысының осыдан біраз бұрын алқа мәжілісінде жариялаған деректеріне жүгінсек, 2024-2028 жылдар аралығында 50 340 орынды 63 мектеп: 2024 жылы 13 мектеп (17 340 орын), 2025 жылы 11 мектеп (13 500 орын), 2026 жылы 13 мектеп (5450 орын), 2027 жылы 2 мектеп (450 орын) 2028 жылы 23 мектеп (13 400 орын) салу жоспарланған.
Бұдан бөлек 2024-2025 жылдарға Шымкентте 18 жайлы мектеп салу жоспарланған, оның 12-сі – биыл, қалған алтауы келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл биыл 17 300 орын, келесі жылы 10 700 орын тапшылығын жоюға ықпал етеді.
Биыл наурыз айында Атырауда өткен ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы елде кәсібін жасап, байыған адамдарды мешіт емес, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызуға шақырды. Бұл – әлі де мәселелер өткір тұр деген сөз.
Рас, жеке білім ордалары еліміздегі мектептерде орын тапшылығын шешуге оң ықпал етуде. Осыдан біраз жыл бұрын тек бай-бағланның балалары оқитын жекеменшік мектептерде қазір қарапайым отбасының балалары да білім алып жүр. Бұрындары жекеменшік мектептерде оқыту ақылы еді, қазір тегін оқытатын мектептер көп. Өйткені, жекеменшік мектептерге әр келген оқушы үшін мемлекеттің өзі ақысын төлеп береді. Яғни мектептерге қаржы оқушы саны, жан басына қарай бөлінеді. Ал, жекеменшік мектептерге берілетін мемлекеттік тапсырыс соңғы үш жылда үш есеге дейін артқан.
Алайда, бұл қадам орта білімді дағдарыстан шығара ала ма? Жекеменшік мектептер білімді емес, бизнесті күйттеп, түбінде сан соғып қалмаймыз ба? Жекеменшік мектептер санының артуы білім сапасын құлдыратып жібермей ме? Бүгінде көпшілікті осындай сұрақтар алаңдатып отыр.

Қай мектеп жақсы?

«Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова жекеменшік мектептердің көбеюі сапасыздыққа алып келеді деген пікірде.
– Жекеменшік мектептерде кадр мәселесі әлі дұрыс шешілді деп айта алмаймын. Бұл мектептерде жалақы мәселесі де тұрақты емес, орташа айлық 150-200 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік мектепте кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен, жоғары жалақы алатын білікті мұғалім мұндай игіліктерді қиып, жекеменшік мектепке бара қоймайды. Сондықтан да жекеменшік көп мектепте кадрлық проблема бар. Сондықтан мамандар тәжірибе жинағанша, білім сапасына зардабы тиеді. Ал, көп ата-ана үшін баласын жекеменшік мектептерге берген ыңғайлы. Біріншіден, мемлекеттік мектепте бала сабағы бітсе үйіне қайтуы керек, ал жекеменшік мектептерде бала таңнан кешке дейін жүреді. Үй тапсырмасын осы жерде әзірлеп, үйірмелерге қатысады. Екіншіден, жекеменшік мектептерде 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, көп жеке мектепте оқушыларды тасымалдау (үйінен әкету және жеткізу) мүмкіндігі бар. Бұл таңнан кешке дейін жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте қолайлы. Бір өкініштісі, жекеменшік мектептердің көбінің атауы ағылшынша қойылған немесе қазақша атаудың өзін латын қарпінде жазған. Бұл дұрыс емес. Білім ордаларына ат қойғанда сақ болған жөн, – дейді Баян Жандосова.
Шымкент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Әйгерім Асанова, керісінше, мемлекеттік мектептерде білім сапасы төмен деген пікірде.
Оның ойынша, мұндай мектептерде бала саны көп, мұғалім әрбіріне жеке-дара көңіл аударып үлгермейді.
– Соңғы жылдары мектеп салу ісі қарқынды дамып кетті. Алайда ол бизнес көзіне айналмауы тиіс. Мемлекетке қарасты мектептерде білім сапасы төмен. Біліктілігі төмен мұғалімдер мұндай мектептерде де өріп жүр. Тек жалақы үшін жүрген маман көп. Сол үшін қалталы азаматтар балаларын ақылы болса да жақсы білім беретін мектептерге береді. Қарапайым отбасыларда айына бір баласы үшін орта есеппен 100-200 мың теңге төлейтін мүмкіндік жоқ. Небір талантты, дарынды балалар орта мектептен ашылмай қалып қоюда. Сол үшін ата-аналар қаласа да, қаламаса да балаларын мемлекеттік мектепке беруге мәжбүр. Ұстаздарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау жасалып келеді. Соған сай адал жұмыс істесе деймін. Өзім 4 баланың анасымын. Екі балам мектеп жасында. Баламызды 1-сыныпқа беру үшін өтінішті уақтылы тапсырмасақ, үй маңындағы мектептерде орын тапшы болады, – дейді Әйгерім Асанова.
Журналист, қоғам белсендісі Бейбіт Бисенбай мектеп ашуды табыс көзі деп қарайтындардың бала қауіпсіздігін ескере бермейтініне алаңдаулы.
– Бүгін мейрамхана, дүкен ретінде жұмыс істеп тұрған ғимарат, коттедждердің ертең балабақша немесе жекеменшік мектеп ретінде жұмысын жалғастырып жатқанын көргенде, амалсыз қынжыласың. Көптеген кәсіпкер мектеп ашуды табыс көзі деп тауып, бала, білім мәселесін кейінгі орынға ысырып қойды. Сондықтан бұл мәселеге қатаң талаптар қоя отырып, олардың лицензиялануына, тіркелуіне қатысты талаптарды күшейту қажет. Мектепке инвестиция салу – балаға сапалы білім беру ғана емес, оның қауіпсіздігіне де кепілдік беру, – дейді ол.

«Тегінде болмаса, бәрі бекер»

Орта білім беру саласында 30 жылға жуық тәжірбиесі бар, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайна Жақыпованың пікірінше, тегінде болмаса, қанша ақша құйса да, оқымайтын бала оқымайды.
– Кез келген кәсіпкер өз бизнесін дөңгелетуді көздейді. Сондықтан, «ақшасын төлей алсаңыз, 3 айда ағылшын тілін меңгертеміз, 1 жылда математик, 5 айда физик болып шығады» деп жарнаманы жақсылап жасайды. Бірақ, алма ағашынан алыс түспейді ғой. Отбасында не әкесі, не анасы білімге жақын болмаса, бұл да балаға генмен беріледі. Бұл – табиғи заңдылық. Мұны тек дейді қазақ. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтпаған. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушылар тест тапсырып түседі. Межелі балды жинай алмаса, оқуға қабылданбайды. Осы мектептерге түкпірдегі ауылдың қарапайым ғана мектебінің, ешбір репетитор көрмеген оқушылары да түсіп жатады. Оқуға құштарлық олардың тегінде бар. Әр жыл сайын оқушылардың сабақ үлгерімі тексеріліп, бағаланып отырады. Осы мектептен шыққан түлектер қазіргі таңда мұхит асып, шетелде біліктілігін арттыруда. Жекеменшік мектептер – балаға көңіл аударуға уақыты жоқ адамдарға тиімді,– дейді Жайна Жақыпова.
Шымкент қаласындағы жекеменшік мектептердің біріне хабарласып көрдік. Айына 1 балаға – 95 мың теңге. Тамақтану, жеткізіп салу дейтін қосымша шығындар тағы бар. Мектеп формасына – 150 мың теңге. Бассейнге жазғыңыз келсе, тағы 20 мың теңге төлейсіз. Ал, бір үйдің 2 баласы қатар оқыса, 10% жеңілдік бар. Оқу жылына толық төлем жасалса, 5% жеңілдік қарастырылған.
Жалпы, қалада жекеменшік мектептердің құны әрқалай. Оқыту ақысы айына – 50-300 мың теңге, жылына 2-3 млн теңге аралығында.

«Мемлекет қолдауын тоқтатса, жабылады»

№80 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Баянсұлу Серікқызы жеке мектептерді мемлекет қаржыландыруын тоқтатса, ол мектептер жабылып қалуы мүмкін дейді.
– Жекеменшік мектептердің көбеюінің себебі – мемлекет тарапынан метериалдық қолдау болғандықтан. Бұл жағдайда жеке кәсіпкерлер білім сапасына, қауіпсіздігіне көңіл бөлмей, тек базасына мән береді. Күндердің күнінде мемлекет қаржыландыруды тоқтатса, ол мектептер жабылып қалуы мүмкін. Жекеменшік мектептер балаларды өзіне шақыру үшін материалдық базасымен әлек болады. Бірақ, мамандардың білім, біліктілігі жоғары деп айту қиын. Жеке мектепте бестік бағамен оқыған оқушының білімі мемлекеттік мектепке келгенде үшпен бағалануы мүмкін. ҰБТ-да баланың балдық деңгейі төмен болып, оқушының сағы сынуы мүмкін. Өйткені жеке мектептер баланың біліміне өте жеңіл қарайды. Мысалы, мемлекеттік мектептер шағынаудандар бойынша бөлінеді. Сол аудандағы мектеп жасына жеткен балалар мектепке тартылмай қалмау керек. Біз осы мәселеге баса назар аударамыз, – дейді Баянсұлу Серікқызы.
Жаңа оқу жылында мемлекеттік мектептерде орын тапшылығы болуы мүмкін бе?
– Мектептерде орын тапшылығы болмайды. Бір мектеп толғанымен, екінші мектепке баруға мүмкіндігі болады, – деді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әшір Адеев.
Ал, жекеменшік мектептердің білім сапасына қатысты қойған сауалымызға Әшір Адеевтен білім басқармасы жауапты емес деген жауап алдық.
– Жекеменшік мектептердің құрылтайшылары бар. Сонымен қатар, жекеменшік мектептерге лицензияны білім саласындағы уәкілетті орган береді. Уәкілетті орган бізде – білім сапасын қамтамасыз ету департаменті. Жекеменшік мектептерді жоспарына сәйкес аттестациядан да департамент өткізеді, – дейді бөлім басшысы.
Қазір Шымкентте жекеменшік мектептер саны 125-ке жетті. Оның көбі – бастауыш мектептер. 1-4-сыныптарға төрт мұғалім жалдау кәсіпкерлер үшін тиімді. 5-11-сыныптарға әр пәнге жеке-жеке мұғалім тарту – жатқан-тұрған шығын. Бастауыш мектептің көбінің ғимаратын мектеп деуге келмейді. Бұрынғы тойхана, шағын ғана коттедж, бизнес-орталық бүгінде мектепке айналған. Бір көшенің бойында осындай бірнеше «мектеп» тұр. Біздіңше, мектеп деген – мектеп сияқты болуы керек. Еңселі, биік, жарық.
Мектептерде орын тапшылығын шешу керек. Тек мектеп ашу бизнеске, табыс көзіне айналып кетпесе екен...

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.