Баланың балалығында әкенің даналығы бар

Понедельник, 15 Июль 2024 10:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 947 раз

akenin-danalygy

Халықта «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген қанатты сөз бар. Ащылау айтса да, шындық осы. Осы жағдай Еуропа елдерінде қатты білінеді. Көбіне бір баламен шектелетін елдер уақыт өте жер бетінен жойылудың алдында тұр. Әлемді дағдартып отырған демография мәселесі жері ұланғайыр, халқының саны аз Қазақстанды айналып өтпейді. Қала ғана емес, ауылдарда да бала санын шектеу алаңдайтын-ақ жағдай. Қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртаза дүниеден өткенше «Азсың қазақ, көбей қазақ» деп кетті. Бұл ретте біздің қос редакция «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» мақтанса да болады. Әріптесіміз Тағабай Қасымов – 8 ұл-қыздың әкесі. Бүгін балдай тәтті балаларының қызығына тоймай жүрген бақытты шаңырақтың отағасы, белгілі журналист Тағабай Қасымов туралы айтсақ дейміз.

Тағабай 1988 жылы Жетісай өңірінде дүние келген. Айтуынша, кішкентай күнінен мақта теріп, әке-анасына көмектеседі. Университетке түсіп, студент атанғанша, ауылда егістік алқабында шаруамен айналысады. Отбасында 5 перзенттің екіншісі. Мектепте бұзықтау болса да, үздік оқушы болған. Ал, газет-журналға құмарлығы 6-сынып оқып жүргенде басталыпты. Аудандық, облыстық газеттерді жібермей оқып, бұл әдетке, әдеті мамандығына айналған.

– Университетте тек білім қудым. Кітапханалардан шықпай, түннің батқанын, таңның атқанын білмей қалатынбыз. Бұл әрекетімнің де пайдасы көп болды. Біріншіден, оқу орнын жақсы аяқтауға септігін тигізсе, екіншіден, қыдыруға уақыт болмады. Ал, келіншегім Перизатпен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Алғашқы күннен отбасыммен таныстырып, сырттай айтқаным бар еді. Әжем тезірек үйленгенімді қалады. Өзімнің де ойым осы еді. Перизатқа 3 айдан кейін ұсыныс жасадым. Екі жақ келісіп, құдаласу мен сырға салу, қыз ұзату дәстүрлерін жасадық. Ол кезде мен 23 жаста, келіншегім 19 жаста болатын. Осылай шаңырақ көтеріп, біздің отбасылық өміріміз басталды, – дейді әріптесіміз.

Оның еңбек жолы 2011 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінен басталған. Кейін «Оңтүстік Рабат» газетіне жұмыс ауыстырады. 2013 жылдың тамыз айынан «Шымкент келбеті» газетіне келеді. 2014-2016 жылдар аралығында республикалық «Спорт» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін қатар атқарған. Ал, 2021-2022 жылдары Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде тілші болған.

– Журналистика саласының маған берері көп болды. Жаза білген адамның жолы ашық, еңсесі биік болары сөзсіз ғой. Мен үшін жұмыс барысында ең алдымын ұлтқа қызмет ету тұрды. Шығаршылықты дамытумен қатар, өзімді жеке бренд ретінде қалыптыстыру – менің басты мақсатым, – дейді ол.

Тағабай Қасымовтың жасы
35-те, 8 баланың әкесі. Өзі «Адамның ата-анасы таңдап берген есім оның өмірінде маңызды рөл атқарады» деген ұстанымда. Тұңғышы Нұрбақыт 11 жаста, 6-сыныпқа көшті. Үйдің үлкені болғандықтан, анасының көмекшісі, бауырларының қамқоршысы. Грек-рим күресінен қалалық спорт мектептері арасындағы турнирлерде жүлдегер боп жүр.

Інжу қызы 3 - сыныпты аяқтады. Нұрайы 1 - сыныпты тәмамдады. Зере 6 жаста. Айкөркем 2021 жылы, Айсана 2022 жылы туылған.

Осы жылы егіз қыз дүниеге келіп, Іңкәр-Сезім деп ат қойды.

– Қыздарымды шығыс жекпе-жек өнеріне: каратэ, дзюдо, таэквондоға бергім келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы. Біздің үйдің де өзіндік ережелері бар. Ол – сыйластыққа, тәртіпке негізделген тәрбие. Үйдегі басты ереже: «Ешнәрсені ертеңге қалдырма». Үлкен отбасы болғандықтан, белгілі бір жүйе, әркімнің өзінің міндеті болуы керек. Отбасымыздың он мүшесінің әрқайсысы жеке тұлға, бір-біріне ұқсамайды. Кейде шаруа атқаратын тұста қыздарым, үлкен ұлым жәрдем береді. Кез келген жұмысты маңыздылығына байланысты бөліп, реттеп аламыз. Бір адам бірнеше міндетті қатар орындауға тырысып, әр істің басын бір шалғанша, бір адам өзінің қолынан келетін жақсы іспен айналысқаны абзал. Балаларыма осыны үйретемін. Тағы бір маңызды нәрсе, ол – спорт. Ұлым Нұрбақыт грек-рим күресіне қатысады. Үйдегі жаттықтырушысы өзім. Таңертең жүгіру, кешкі жаттығуды мүлт жібермейміз. Ойын баласы болған соң кейде доп тебуге, достарымен қыдыруға сұранады. Сондай сәттерде әке мен бала арасындағы келісіммен шешеміз, – дейді көп балалы әке.

Бұл отбасыға да Шымкенттей үлкен қалаға келіп, орнығып кету оңай болған жоқ. Бір ғана қызметпен отбасын асырау, баспана алу мүмкін емес. Бұл отбасы той жасамай, баспана алған.

– Қазір қоғамда жас отбасылардың көбі балалы болуды қалағанымен, кейін оны өсіру, асырау, оқыту, бағып-қағу туралы ойлағанда, бойларын қорқыныш билейді. Демографиялық ахуалды жақсарту үшін алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген аталы сөз бар ғой. Әр баланың өз несібесі болады. Ол сол несібесімен дүниеге келеді. Сондықтан, Құдай берген сыйдан бас тартпай, үлкен отбасы болуға ұмтылу керек. Үлкен отбасының ырысы да көбірек болады,-дейді әріптесіміз.

Бүлдіршіндері туралы жүзі бал-бұл жанып әңгімелейтін Тағабай Қасымов көпке үлгі. Қаламы қарымды әріптесіміз жақында ғана Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Өзі спортшы. Кір тасын көтеруден қалалық, облыстық жарыстарда дараланып жүр. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматты мерекемен құттықтай отырып, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.

 

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.