«АБАЙЛАҢЫЗ, МОПЕД КЕЛЕ ЖАТЫР...» Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 717 раз

Жол ережесін сақтау – ішкі мәдениетіміздің көрінісі

Соңғы кездері жол-көлік оқиғаларының көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Бұған Шымкент пен еліміздің өзге де ірі қалаларында мопед, скутер мен электрлі самокаттар секілді көліктің жаңа түрлерінің күрт көбеюі себеп болып отыр.

Moped

 

Соңғы кездері жол-көлік оқиғаларының көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Бұған Шымкент пен еліміздің өзге де ірі қалаларында мопед, скутер мен электрлі самокаттар секілді көліктің жаңа түрлерінің күрт көбеюі себеп болып отыр.

Аталған мәселеге Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы тоқталған болатын. Президент: «Шын мәнінде, біз жол көлік апаттарынан жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты», – деген еді.
Осы мәселе өткен аптада қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен өткен жиында да талқыға салынды. Шымкент қаласы полиция департаменті басшыларының сол жиында келтірген деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша қала аумағында 686 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 496, 5 пайызға (2023 жылғы алғашқы 5 айда 115 ЖКО тіркелген), яғни, 5 есеге жуық өскен. Сонымен қатар, жиында шаһарда мопед, скутерлердің қатысуымен 57 жол-көлік оқиғасы тіркелгені де айтылды.

А.Кәрімов жағдайды тез арада жақсарту мақсатында кешенді шаралар қабылдау және осы салаға бекітілген әрбір қызметкердің жауапкершілігін күшейтуде тиісті тапсырмалар берді. Әрине тапсырма орындалып, ЖКО азайып жатса жақсы. Олай дейтініміз, қазір қала көшелерінде көлікпен жүру де, жаяу жүру де қауіпті бола бастағандай. Өйткені қалада да, далада да мотоцикл, мопед жүргізіп, скутер айдаған, электрлі самокат тізгіндегендердің саны артқан. Олар кейде бағдаршамның қызыл түсіне де, жол белгілеріне де қарамайды, аяқ жолмен де, жаяу жүргіншілерге арналған жолақпен де ызғып жүре береді.
Біздің ойымызша, екі дөңгелекті көлік иелерінің бұлайша еркінсіп кетуінің негізгі себебі олардың жауапкершілігінің заңда айқын көрсетілмеуіне байланысты болса керек. Бұған дейінгі заңнама бойынша мопед жүргізушілерінде жүргізуші куәлігі болуы міндетті емес, сондай-ақ, мұндай көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуден өткізбей пайдалана беруге болады. Мемлекеттің тіркеуінде жоқ деген сөз ереже бұзғаны үшін жауапкершілік те шамалы болатынын көрсетеді. Сондықтан мопед пен скутер жүргізушілерге кез-келген жол ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 615-бабы бойынша құжат толтырылады. Салынатын айыппұл көлемі – бар-жоғы 2 айлық есептік көрсеткіш. Есесіне, Ішкі істер министрлігінің деректері 2023 жылы еліміз бойынша мопедтердің қатысуымен 750 жол апаты орын алып, соның салдарынан 39 адам көз жұмғанын көрсетеді. Тағы 730 отандасымыз түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, зардап шеккен.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мамыр айында «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, заң күшіне енгеннен кейін мопед айдау үшін міндетті түрде А1 санатты жүргіуші куәлігін алуыңыз керек. Ал, бұрыннан А, В және С санатты куәлігі бар жүргізушілер автоматты түрде А1 санаты бар жүргізуші болып саналады.
Сонымен қатар мопед жүргізушілер бағдаршамның қызыл түсіне өткен жағдайда 10 АЕК көлемінде (2024 жылы – 36 920 теңге) айыппұл төлейді. Бұған дейін масаң күйде мопед айдағандар бар-жоғы 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеп құтылып кететін болса, енді ондай құқықбұзушылыққа жол бергендер 7 жылға кез-келген транспортты жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.
Заң жобасына сәйкес, мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда тіркеуден өтуі міндеттеледі. Сонымен қатар олар да автокөліктер секілді жыл сайынғы техникалық байқаудан өтіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруы тиіс. Дегенмен, әзірге мопедтерді мемлекеттік тіркеу рәсімі басталған жоқ. Бүгінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша түзетулер туралы» заң Мәжілістің қарауында жатыр. Күз айларында депутаттар оны мақұлдаған жағдайда мопедтерді тіркеуден өткізу басталады. Министрліктің жоспарына сәйкес, бұл процесс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мопедтер көшеге шыға алмайды деп күтілуде.
Заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер электрлі самокаттардың қозғалысын да ретке келтірмек. Электрлі самокаттар аяқжолдармен тек сағатына 6 шақырымға дейінгі жылдамдықпен ғана жүре алады. Ал, бұл көлік құралын мініп автокөлік жолына шықсаңыз жолдың оң жақ жиегімен жүруіңіз керек. Сондай-ақ, басыңызға қауіпсіздік шлемін киюіңіз, жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асырмауыңыз керек. Айтпақшы, ең бастысы электрлі самокатпен автокөлік жолына шығуыңыз үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігіңіз болуы шарт.
Біздің елде заңнамаға енді ғана өзгерістер енгізіліп жатса, көптеген шет мемлекеттерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тауып үлгерген. Мәселен, көліктің айнасын сындырып, бүйірінен қағудан қымсынбайтын мопедшілерге қатысты Өзбекстан әлдеқашан арнайы заң қабылдап қойған. Өзбек заңнамасында мопедтер мен скутерлерді А санатындағы жүргізуші куәлігі барлар ғана айдай алады. Шетелдегі көптеген мегаполистерде мотоциклдер үшін арнайы жолақ бар. Тайланд, Вьетнам, Үндістан, Индонезия мен Қытай секілді елдерде мопед ең кеңінен тараған көлік құралына жатады. Ол елдерде мопед жүргізушісі "А" категориялы жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Испания мен АҚШ-та да мопед көлігі міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, оны айдайтын адамның жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Қазір жастардың дені курьерлік қызметпен айналысып, ақша тауып жүр. Айта кететін тағы бір мәселе, пайда қуған жеке кәсіпкерлер де мопедтерді жалға беру бизнесін жандандырып отыр. Жоғарғы сынып оқушылары жазғы демалыс біткенше түні бойы мопед тебуді ермекке айналдырып алған.
Жалға мопед беру 2020 жылы басталған екен. Интернеттен алынған ақпаратқа сенсек, 2020 жылы интернет арқылы іздеу платформасында мопедті жалға алғысы келетін 805 сұрау салынған. Араға екі жыл салып, 2022 жылы ол көрсеткіш 36 мыңнан асқан. Қазір интернет арқылы жалға мопед алғысы келіп, іздейтіндер саны миллионнан асып кеткен. Шымкент қаласы бойынша мопедті жалға беру құны – аптасына 20-25 мың теңге. Шағын фирмадан мопедті жалға алсаңыз, барлық құжат пен арнайы сервис қарастырылған. Ал, жеке тұлғадан алу үшін тек қана жеке куәлігіңіз болса, жетіп жатыр. Сонымен қатар, жеке тұлғадан ұзақ мерзімге жалға алу кезінде айына 50-60 мың теңге төлей отырып, мопедті басы бүтін жекешелендіріп алуға да болады. Мопедті жалға берушілердің айтуынша, бір мопед немесе скутер айына орта есеппен 100 мың теңге кіріс кіргізеді екен. Егер 20 мопедті сатып алып, жалға берсе, ол 2-3 айда өз шығынын толық өтейді. Сондықтан, қазіргі таңда ірі қалаларда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ ондаған-жүздеген мопед пен скутерлерді жалға беріп отырған кісілер көп. Біздің ойымызша, мопедтер мен скутерлердің жолдағы қозғалысы ғана емес, оны жалға алудың тәртібі де заңмен реттелген жөн. Әсіресе, жалға алушылардың жасына қатысты шектеу енгізген дұрыс болар еді. Әйтпесе, екі дөңгелекті көлікті жалға алған жеткіншектің жол апатына ұшырамасына кім кепілдік бере алады?!
Иә, мемлекет тиісті заңдарды қабылдап жатыр. Бірақ, заң қабылдана салып барлық мәселе шешіле қоймайтыны белгілі. Бұл жерде көп мәселе азаматтардың көлік жүргіу мәдениетіне келіп тіреледі. Біздің ойымызша, кісінің көлік жүргізу мәнері, жол ережелерін сақтауы – оның ішкі мәдениетінің айқын көрінісі. Сол үшін жол ережесін өрескел бұзып алып, полицияға ұсталмай кетуді ерлік деп санайтын ескірген санадан арылып, заңға бағынуды адамгершіліктің, мәдениеттіліктің көрсеткіші деп қабылдайтын өреге жетуге ұмтылуымыз керек.
Ең бастысы жолға шыққан кезде Сіздің әрбір ереже бұзуыңыз бір адамның денсаулығы мен өміріне, кейде тұтас отбасының тағдырына әсер ететінін естен шығармайықшы...

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.