БАЛАҢЫЗ ҚАНДАЙ ӘН ТЫҢДАП ЖҮР? Избранное

Пятница, 26 Июль 2024 07:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 640 раз

«Түрік, қырғыз аман болса, ән туа береді» деген екен бір композитор ағамыз туысқан халықтардан көшіріп, ұрлап алынған әндерді меңзеп. Рас, қазір ән көп. Әуенінен не пайда, мәтіннің мәні болмаса? Сөздің ашығы керек, айтары түсініксіз «жырлар» жетіп артылады. Селкілдеген, солқылдаған, әуені әр ұлттың нақышынан бір құралған, дүбәрә әндерді орындап, сахнаның сәнін құртып жүрген әншісымақтар да жетерлік.

Bala

 

Бір қызығы, мән-мағынасы жоқ өлең мен оған жазылған ән қазір бірден тарап, көп аудитория жинап жатады. Түсініксіз туындылардың көбейіп бара жатқаны да содан. Ән дегенде, өзінің не айтып тұрғанын түсінбейтіндер саны көбейген. Бастысы, тыңдалып жатыр. Мәтіннің түсініксіз болуына заманды айыптаудың керегі не? Мағынасыз әндерді айтса айта берсін, оның бізге не зияны бар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, мамандардың пікірі басқа. Мәнсіз болып қана қоймай, өмірден де түңілдіретін әндер кез-келген адамның психикасына, ой-санасына кері әсер етуі мүмкін. Ал, психолог мамандар балалардың ертеңіне алаңдайды. Музыкалық туындылардың кейбірі балалардың ішкі шиеленісі мен уайымын одан сайын үдете түсуі мүмкін екен. Қазіргі жасөспірімдердің талғамы «Мен ешкімді сүймейм», «Кетті, ляқты ол, тыңдамай», «Өсек кетті домалап» деген сынды сандырақтардан құралған ғой (Ән деген аяулы сөзді бұларға қимай отырмыз).
Бұрынғы әншілеріміз жүректен-жүрекке жеткізіп айтатын. Әннің әр шумағында мән-мағына тұнып тұратын. Мәселен:
«Асыл сөздің ұстасы-
Ақын болар ұрпақпыз.
Өнер, білім, еңбекке,
Жақын болар ұрпақпыз.
Он саусағы майысқан
Шебер болар ұрпақпыз,
Тұла бойы толған бір
Өнер болар ұрпақпыз». Иә, бұл бәріміз бала күннен айтып өскен «Айгөлек» әнінің мәтіні.
Неге қазіргі әншілер бұрынғыдай әсем әуен шығарып, соны жастарға насихаттамайды? Атақ қуған жастардың ертеңгі күні не болмақ? Қазіргі уақытта өлендердің саны көп, сапасы жоқ. Жастарымыздың шетелдің солықтаған әуендерін көп тыңдайтыны да шындық. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ батысқа қарап еліктейтіндер аз деп айта алмаймыз. Осылай кете берсе, не болмақ? Жас жеткіншектер есті де, ескі әндерді тыңдауға неге құлықсыз? Белгілі композитор Дүйсенәлі Бықыбаевтан сұрап көрген едік.
– Кеңестік кезеңде, одан кейінгі жылдары да балалар әніне көп көңіл бөлінген еді. Әртүрлі конкурстар, фестивальдар ұйымдастырылып, сазгерлердің, композиторлардың өзінше бір көзқарасы қалыптасқан болатын. Қазіргі әлеуметтік желілердің дамыған уақытында ақпараттар ағыны арқылы әртүрлі ритмдегі әндер қазақ әншілерінің мақамын өзгертуде. Көбіне шығыс, еуропа халықтарының әуездерін алу арқылы әндерді тойға бейімдеп шығару белең алуда. Бүгінде музыка тыңдайтын буын үшке бөлінген. Кеңестік кезеңнің және одан кейінгі уақытпен тәрбиеленген ұрпақ, олар лирикалық, ретро әндерге бейім болса, қазіргі жастар сөзі түсініксіз, ритмі жоғары әндерді әсіреленіп тыңдайды. Олар басқа бір әлемде жүргендей кейіпте болады. Бұл арадағы алшақтық бізге қатты байқалады. Ал, үшінші топ балаларға бейімделген музыка. Дегенмен, олардың ауқымы тар. Балабақшалар мен мектептерде, конкурста немесе жиындарда бір-екі жатталған әндер жоқ емес бар. Бірақ, оған ән жазып, қызығушылық танытып балалардың музыкасына бейімдейік деп жатқан композиторлар некен-саяқ. Қазіргі буынның арасында ескі, есті әндерді қайта жаңғыртып, халық әндерін әлем сахнасында орындап жүрген әншілерді айтпай кетуге болмас. Сол сияқты балалар әніне бұрынғыдай кең көлемде «Әнші балапан», «Жас қанат» сынды конкурстар мемлекет тарапынан ұйымдастырылса, сазгерлердің де, композиторлардың да қызығушылығы туатын еді, – дейді композитор.
Ұлттық арнада телевизиялық «Qazaqstan дауысы. Балалар» деген жоба бар. Әлемнің 100 елінде көрсетілген әйгілі «The Voice. Kids» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Жобаның басты ерекшелігі - қатысушылар вокалдық қабілеттеріне қарай таңдалады. Жас ерекшеліктері бойынша 8-14 жас аралағындағы балалар қатыса алады. Қарап, бақылап көрген едім. Айтылар әннің 80 пайызға жуығы махаббат туралы әндер. Қоштасу мен табысу, жырақтама жанымнан, сенші маған шын айтамын деген сарындағылар. Вокалист Сәния Тұрманның айтуынша, бұндай күрделі әндер баланың даусына кері әсер береді екен.
– Күрделі әндер баланың даусының дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, баланың психикасы бұзылады. Яғни, бала тез жетілгісі келеді. Дегенмен, бұл мәселенің оң жағы да бар. Әннің ішіндегі техникаларды (мелизм, субтон, фальцет) тез жаттауға көмегін береді. Бірақ бала өз жасына сай ән тыңдап және соны қайталап айтқаны ой өрісіне тез әсер етіп, миының жетілуіне көмегін береді,-дейді Сәния Тұрман.
Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Ескендір Хасанғалиевтің әндері – нағыз өміршең өнер туындылары емес пе?! Күн сайын бір ән жарыққа шығып жатыр. Әуені – тыңдап алып, «селкілде де билей бер»! Жастар бұдан қандай тәлім-тәрбие алып жатыр дейміз. Балалар психологы Салтанат Букешованың айтуынша, баланың ойлауы, дүниетанымы шектелуі мүмкін екен. Сондай-ақ, қазіргі балалардың кеш сөйлеуі, дұрыс қалыптаспауы да осы әуен ырғағымен байланысты екенін айтады.
– Бала психологиясына кері әсер етуі бойынша тікелей корреляция анықталмаған. Әлі де зерттеуді талап ететін тақырып. Алайда, бұл сұрақ келесі мәселелердің бетін ашады. Мәселен, балалардың сөздік қорын дамытуға арналған қазақ тілді құралдардың аздығын көрсетеді. Балалардың өз жасына сай материалдар мен ақпараттардың болмауы олардың дамуын, таным процесстерінің өз жасына сай жетілуін кешеуілдетуі мүмкін. Қазақ тілді әндер айту мен жаттауға жеңіл, мағынасы балаға түсінікті әрі көркем тілді, логикалық байланысы бар болуы қажет. Бұл талаптарға сай болмаған жағдайда баланың тілдік дамуы төмендей береді. Сондықтан да логопед, дефектолог сынды мамандарға сұраныс жоғары, – дейді Салтанат Букешова.
Әдетте, жасөспірім жастағы балаларды рок, джаз немесе классикалық жанрдағы әндер қызықтыруы екіталай. Олар көбіне күлкілі әрі көңілді әндерге елітіп өседі. Дегенмен баланың көзқарасы мен дүниетанымын дамытып, қалыптастыруда есті, мағыналы әндерді тыңдату да маңызды екенін естен шығармағанымыз абзал. Сөздің де киесі болады. Бірақ бұнымен санасып жатқан әннің авторлары да әншілер де жоқ. Ал, оның дұрыс емес екендігін біле тұра тыйым салатын ата-ана тағы жоқ. Түптеп келгенде бала ата-анадан нені көрді, соны қайталайды. Шындығы сол. Қазіргі танымал әндердің сөзінде мән жоқ. Мысал ретінде бір әуенді алсақ, барлығы тындап жүрген, тыңдарманы көп ән. Сөзіне мән берейікші: «Кетті ляқты ол тыңдамай неге», «Тууу..» деген сөзі ууу, Ішіп алып қуууу»... 6-7 жасар балғындардың өзі осыны ыңылдап айтып жүр. Ал енді осы әндердің мағынасы қандай?.. Міне, сұрақ. Сұрақ болғанда да жауабы жоқ сұрақ. Ән деген жәй ғана көңіл көтеру үшін айтылмаса керек-ті. Әр нәрседе мағына болуы керек. Осындай мәнсіз әуенді тындайтын жастар өнер атаулыдан жеріп кетпесіне кім кепіл?!
Ал енді есті де, ескі әндермен салыстырайықшы. Ел-жұрт қосыла шырқайтын Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің сөзі қандай керемет десеңізші?..
«Қайда жүрсем Атамекен
Көкейіңде жатады екен,
Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен!» Рухты көтеретін, жүректі шымырлатар ән! Қазақстан деген мемлекет сенің сүйікті Отаның, арқа тірер тірегің екендігін ұқтырады. Өзіңнің сол ұлы елдің бір перзенті екеніңді сезініп, тұла бойыңды қуаныш кернейді. Немесе Шәмші Қалдаяқов әндері. Әлемдік сахнада шырқасаң да айқындала түседі. Сөзі ойлы, ән ғажап! Тындағанда патриоттық сезімің оянып, кеудеңе жылы сезім ұялайды.
Ал, сіздің балаңыз қандай ән тыңдап жүр?!

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.