120 балл – мектеп рейтингiн жаңартты

Пятница, 19 Июнь 2015 10:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4261 раз
20150617031654Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта мектебі ҰБТ нәтижесі бойынша білім ордасының рейтингін жаңартты. Осы мектептің түлегі Ұлжалғас Медетова білім сынағының қорытындысы бойынша 120 баллға ие болды. Бұл мектеп ұжымы үшін үлкен жетістік ретінде бағаланып отыр.
 
Сөйтіп, мектеп тарихында болмаған көрсеткішті Ұлжалғас Медетова жаңартты. Дегенмен түлектердің жоғары білім деңгейін көрсетуге мектеп директоры Құрбанәлі Кенжебаев бастаған ұстаздардың еткен еңбегі мен төккен тері аз болған жоқ. Атап айтқанда, Г. Піржанова, П. Әлжанов, Г. Нахипова, Н. Дүйсенбаев, Н. Шанетова, А. Айманов, А. Катенова, А. Мамытова секілді ұстаздар шәкірттерінің озық шығуына көп еңбек сіңірді.
 
– Шәкірттеріміз біз ойлағандай жоғары жетістікке жетіп жатса, бұл мектебіміздің, ондағы ұстаздар қауымының да абыройлы жетістігі. Оқушылар бар уақытын тестке дайындыққа жұмсады. Ақылы түрде ешқандай курстарға барған жоқ. Оларды өз мұғалімдеріміз дайындады. Сынақ нәтижесі бойынша мектептің орташа балы 90-ға тең болды.  Өйткені 5 оқушымыз 100-ден аса балл жинады, – дейді Қ. Кенжебаев.
 
Айтпақшы, Құрбанәлі Кенжебаевтың №68 мектебінің директоры қызметіне кіріскеніне енді бір жылға жуықтапты. Қысқа уақыт ішінде жаңа басшы өзінің іскерлігін байқатып үлгерді. Өткен жылы №68 мектеп оқушылардың білім көрсеткіші бойынша қаладағы білім ордаларының арасында төменгі орыннан көрінген еді. Биыл мақсатқа жету оңай болған жоқ, бірақ жетістікке қол жеткізгенде қиындықтың бәрі артта қалатыны белгілі жәйт. Ал, 120 баллдың иегері Ұлжалғас Медетова ҰБТ сұрақтарынан еш қиналмағанын айтады.
 
– Мен қалайда 125 балл жинаймын деп мақсат қойдым, – дейді ол. – Ешқандай қобалжу болған жоқ. Өз күшіме, біліміме сендім. Алайда 125 емес 120 балл жинадым. Бұл көрсеткішке де ризамын. – Ал, сұрақтар бойынша еш қиын болған жоқ. Дайындығым жақсы болғандықтан, ондағы есептер, тапсырмаларды тез орындап шықтым. Егер ерінбей дайындалсаң, оқысаң, кітаптарды ақтарып, қайталап шықсаң, жоғары баллға қол жеткізуге болатынына көзім жетті. Бәрінен де ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтағаным үшін қуанамын.
 
Енді Ұлжалғас өзі қалаған менеджмент мамандығы бойынша оқуға түсуге құжат тапсырмақ.
 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.