Мәди Биғалиев, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрiгерi: Денсаулығына салғырт қарайтындардың көптiгi алаңдатады

Пятница, 19 Июнь 2015 10:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4761 раз
pochkii«Адам жанының арашасы, алтын қолды хирург»... Шымкенттіктер қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиевті осылай атайды. Ал, елдің елеулісі, халықтың қалаулысы атанған жоғары санатты дәрігердің жетістіктері – бір төбе. Әсіресе, қиын сәтте қолынан қандауыры түспейтін оның науқас үшін шешім қабылдап, тәуекелге баруы ерлікпен пара-пар. Уақытпен санас-пайтын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Мәди Қожаұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкентте бүйрек пен бауыр алмастыру отасын жолға қойды. Талай жанға араша болып, өмір сыйлады. Талай сырқаттың денсаулығын түзеді. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында бас дәрігер «Алтын қандауыр» сыйлығына ие болды. Біз М. Биғалиевті құттықтап, аурухананың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.
 
– Мәди Қожаұлы, «Алтын қандауыр» сыйлығыңыз құтты болсын! Кәсіби дәрігерге, халық қалаулысына марапат бұрынғыдан да жауапкершілікті жүктейтін шығар...
 
– Рахмет! Кәсіби маман болсаң да, сыйлықтың жауапкершілікті арттыратыны рас. Ауруға араша түсу, сырқатынан айықтыру біздің борышымыз. Сол себепті, басшы болғаныммен, хирургиялық жұмысымды тастаған жоқпын. Бұл марапатты мекеменің үлкен жетістігі деп білемін.
 
– Ауруханада мамандар мен заманауи құрал-жабдықтар жеткілікті ме?
 
– Әрине жеткілікті. Бүгінде бізде жоғары дәрежелі тәжірибелі мамандар бар. Ауруханада бауырға, өңешке, неврологиялық, урологиялық ауруларға ота жасалады. Қазір біз ангиографиялық кешеннің арқасында бас сүйекті кеспей, тамыр арқылы ота жасауға қол жеткіздік. Ауруханада 158 дәрігер, 393 мейірбике жұмыс істейді. Науқастарды емдеу үшін жаңа заманауи аппарат, құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, мамандар «Innova 313 IQ GE-2» ангиографында рентгенангиографиялық емдік шаралар жасалады. Мамандар Литваның Каунас қаласындағы «Наука здровья» университетінде, Мәскеу, Ленинград, Минск қалаларында біліктілігін арттырып келді. «SteaIth Station S7» нейронавияциялық кешен алынғалы 40 рет бас миына ота жасалды. Сонымен қатар, жұлынға жасалатын оталардың транспедикулярлық кейджермен фиксациялау сияқты жаңа тәсілдері енгізілді. Мұнда HIA типтік зертханасы жұмыс істейді.
 
– Трансплантациялық қызмет қалай дамуда?
 
– Бүгінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында трансплантациялық қызмет қарқынды түрде дамып келеді. Екі жыл ішінде 46 бүйрек, екі бауыр ауыстыру отасы жасалды. Осындай оталардың 14-і өзіміздің хирургтердің қатысуымен өтті. Биыл бауырға екінші ота 5 мамырда жасалды. Туыстық сипаттағы операцияда 53 жастағы әйел баласына бауырының тең жартысын бөліп берді. Қазір науқастар отандық медицинаның озық технологиясы мен білікті мамандардың арқасында аяққа тұрды. Бауырын алмастырған сырқаттың жағдайы жақсы. Бірақ әлі де өңірде 90-нан аса науқас бауыр алмастыру отасына зәру. Өзі сау, әрі туысқан адамның бауырын алу, ол да үлкен операция. Жалпы, бауырдың жетпіс пайызына дейін алуға болады. Сондықтан донордың операциясы 100 пайыз дұрыс шығуы керек. Өйткені, сау адам өзінің бауырын беріп жатқан соң отадан кейін асқынуларға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, бауырға кішкентай отаның өзі оңай соқпайды. Әсіресе, бауыр трансплантациясында қан тамырларын ауыстырып жалғау жүректің қан тамырларына қарағанда күрделі. Өйткені, ондағы қан тамырлары өте нәзік әрі жіңішке. Трансплантация – негізінен командалық еңбектің жемісі.
 
– Донор тапшылығы жоқ па?
 
– Медицинада мүшесін берген адамды донор дейді, ал алушы науқасты реципиент деп атайды. Менің айтарым, кез келген адам донор бола алмайды. Баласы әкесіне, шешесі қызына яғни туыстар ғана донор болады.
 
– Хирург ретінде қанша рет ота жасадыңыз?
 
– Санаған емеспін. Шамамен 10 мыңға жуық болуы керек. Менің ойымша, мәселе отаның санында емес, сапасында. Өйткені, ота ойдағыдай өтсе, уақыттың қалай өткенін, қалжырап шаршағаныңды сезбейсің.
 
– Ең қиыны не?
– Әрбір науқас күрделі сөзжұмбақ секілді. Әрбір операция – соның шешілу жолдары сияқты. Дұрыс шешім табу ақыл-санаңа, күш-жігеріңе байланысты. Бастысы, қолыңда адам тағдыры тұр. Ең ауыры...өмірі қыл үстінде тұрған науқас. Нәтиже шықпаса, көңілің құлазиды. Хирург жаналғыш емес қой. Ол да ет пен сүйектен жаратылған адам. Сырқатты ажал аузынан арашалауға мүмкіндік болмағанда туыстарына жеткізу қиынның қиыны.
 
– Өте күрделі, бірақ сәтті шыққан отаңыз есіңізде ме?
 
– Әрине есімде. Ол оқиғаны әлі ұмытқаным жоқ. Бірнеше жыл бұрын түн жарымында шақырту алдым. 17 жастағы өрімдей жігітке оқ тиіп жараланып, ауруханамызға түсіпті. Өмір мен өлім арасында жатқан науқасқа 1,5 жарым сағат ішінде 5 рет ота жасадық. Науқастың асқазанының жартысын, сол жақ бүйрегін, тоқ, ащы ішегінің жартысын алып тастадық. Сондай сәтте өзімнің болғаным дұрыс болды деп ойлаймын. Әйтпесе жігіттің тірі қалуы мүмкін бе?! Отадан соң, оны сырттай өз бақылауымда ұстадым. Кейін бозбаланың жағдайы жақсарды. Алматыдағы ҚазҰУ-ге тапсырып, оқуға түсті.
 
– Мәди Қожаұлы, медицина саласына өміріңізді арнаған білікті дәрігерсіз. Сізді денсаулық сақтау саласында қандай мәселе алаңдатады?
 
– Мен адамдардың салғырттығына алаңдаймын. Олар ауруы қатты асқынғанда, жанына батқанда ғана ауруханаға келеді. Мұндай жағдайда кейбір науқастар дертінен айығып кетсе, енді бірі өмірімен қоштасып жатады. Қазір жергілікті емханаларда азаматтардың тегін кешенді медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасалған. Өкініштісі сол, осы мүмкіндікті халық дұрыс пайдаланбайды. Бізге күн сайын әртүрлі аурулар келеді. Сонда олардың кешенді тексеруден өтпегенін аңғарамын. Егер әрбір азамат жыл сайын тексеруден өтсе, кез келген ауруды дер кезінде емдеуге, алдын алуға болар еді. Бірақ денсаулығын күтуге ықыласты адамның қатары аз.
 
– Көпшіліктің электронды порталға реніші басым. Кезек күтіп жүресің дейді. Бұл жайында не айтасыз?
 
– Портал – жоспарлы түрде емделетін көмектің түрі. Порталға адамды жоспарлы емдеуге қояды. Жоспарлы емдеу, науқасқа өзінің емделуін күтуге мүмкіндігі бар. Ал қатты ауырған адам порталға қойылмайды. Біздің дәрігерлеріміз бен сырқаттарымыз осыны түсінбейді. Өміріне қауіп төнгенде, қан қысымы жоғары, соқырішек болған тағы басқа жағдайларда науқастың медициналық көмек алуға құқы бар.
 
– Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қандай мәселелерді көтердіңіз?
 
– Өзім 7 округтің әлеуметтік жағдайына бір кісідей атсалысамын. Жол, елді мекендерді жарықтандыру, көпқабатты үйлердің жөндеуден өткізілуін, балабақша қажеттіліктерін алға тартып, дер кезінде билікке жеткіземіз. Биыл өзім жұмыс істейтін жедел медициналық жәрдем ауруханасының кеңейтіліп, халықаралық талаптарға сай жабдықталуына атсалыссам деп жүрмін. Қабылдау бөлімінде небәрі 4 кабина мен 2 кереует бар. Күн сайын 120-150 адамды осы жерден күтіп аламыз. Ал, медбикелер науқасты әрі-бері тасып, әуреге түседі. Егер қабылдау бөлімі стандартқа сай болса, науқасқа дер кезінде жедел жәрдем көрсетуге мүмкіндік кеңейер еді. Биыл аурухана жанынан қала және облыс тұрғындарына жаңадан қабылдау-диагностикалық және ота жасау корпустары салынады. Онда бауыр-бүйрек алмастыру қызметін дамыту, HIA типтік зертханасы жұмысын жандандыру, нейрохиругиялық, жарақаттық қызметтерін дамыту қолға алынады.
 
– Балаларыңыз да дәрігер ме?
 
– Үш перзентім бар. Үлкен ұлым Талғат кеденде жұмыс істейді. Кіші ұлым-заңгер. Қызым Диана – кордиолог. Жұбайым Сәуле Әбдуәліқызы – невролог дәрігер.
 
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Құттыбике НҰРҒАБЫЛ 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.