Жаһандық жылыну немесе Жер - Ананың дабылы Избранное

Пятница, 31 Июль 2015 06:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7264 раз

Климаттағы өзгерiстер, ғаламдық жылыну қазiр бүкiл дүниежүзi бойынша ең талқыланатын тақырыптың бiрi. Қазақстандық қоғамның дамуына ауа райының ғаламдық өзгерiстерi қаншалықты әсер етеді? Елімізде экологиялық мәселелердiң бәрiн халықаралық стандартқа сәйкестендiру мәселесi де осы ғаламдық климатқа байланысты. Қазақстанда 2011 жылы Экологиялық кодекс қабылданды. Сонымен қатар, Киото хаттамасына сәйкес, қазiрдiң өзiнде бiрқатар жобалар iске асырылды. Мұның бәрi экологияның жақсаруына оң әсер етуші факторлар.

jahandik jilinu 31

Климаттың өзгеруi – ядролық қаруды қолдану немесе соғыстар емес. Ол одан да алапат қауiп. Мұндайда қазақ «Алла зiлзаладан, топан судан сақтасын» дейдi. Бiрақ осы өзгерiстердiң ауқымы мен олардың салдарлары қалай болатынын әлi күнге дейiн дәлме-дәл тап басып айту қиын. Температураның өзгеруi – бұл жаңалық емес, осы өзгерiстiң жылдамдығы қандай болмақ? Мiне, жаңалық осы.
Қазiр жер шары бұрынғыға қарағанда 1,1 градусқа жылыған. Егер жер шары 3-4 градусқа қызса, онда апат болатынын, мамандар шiмiрiкпей-ақ айтып жүр. Шынында да алдағы жүзжылдықта адам баласының салғырттығынан жердегi тiршiлiк иелерiнiң жартысы жойылып кетпек пе?
 Әлемдiк экологияның өзгеруiне бiрден-бiр себеп — мұздықтардың еруi. Жер шарының екi полюсi де мұздықтарға оранып жатқанымен, табиғаттың бұл тылсымдығы бұзылуы мүмкін бе?
Қазiр әлем ғалымдары күннiң шамадан тыс қызуы салдарынан полюстiк мұздардың тез ерiп бара жатқандығын айтумен келедi. Мәселен, Арктиканың мұздықтары еруiн жарты ғасыр бұрын бастаған.
Жаһандық жылыну бүкiл планетаға ортақ қауiп болғандықтан дүниежүзi елдерiнiң ғалымдары жиi бас қосып, осы мәселенi шешудiң жолдарын қарастыруда. Ең бастысы — мұздықтардың еру процесiн тоқтату. Грендландия мұздары ерiп кетсе, мұхит деңгейi 7 метрге көтерiледi. Мұндай жағдай орын алғанда Мальдив сияқты теңiз деңгейiнен бiр метрге ғана жоғары орналасқан елдер су астында қалары сөзсiз. Ал, Антарктида мен Арктика мұздығы ерiсе мұхит суы 60-70 метрге жоғарылайды. Бұл кезде атом бомбасының зардаптары түкке тұрғысыз болып қалады. Егер осы апат болып жатса жер бетiнiң өсiмдiктер мен жануарлар әлемi түгелдей өзгерiп, су тапшылығынан 3 млрд. адамның өмiрi қыл үстiнде қалады. Жаһандық жылыну – дүниежүзi елдерiнiң басына төнген қатерлi қауiп.

Мұзарттарды қалай аман сақтаймыз?

Ал, Қазақстан кәрi құрлықтың қақ ортасында орналасқан, ендеше бiзге келер ешбiр қатер жоқ дей алмаймыз. Бiздiң елiмiздегi ауа температурасы да бiрте-бiрте көтерiлiп келедi. Онсыз да шөлейттi аймақ баябан шөлге, ал суы мол ылғалды жерлер шөлейтке айнала бастайды. Соңғы он жыл шамасында Iле Алатауының солтүстiк беткейiндегi мұздықтардың жартысына жуығы ерiп кеткен. Эколог-климатологтардың айтуынша, ХХI ғасырда асқақтаған Алатауымызда адам көзiн сүйсiндiрер мұздық қалмайды. Бұл деректер “2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы” атты мемлекеттiк бағдарламада көрсетiліпті. Мың жылдан берi қатталған мұздықтар ерiсе, тау шыңдарының ойыстарында алып көлдер пайда болып, тасқындар көбеюі мүмкін. Мәселен, 1963 жылы Iле Алатауындағы мұздықтардың еруi салдарынан Есiк көлiнен алапат сел басталып, етектегi елдiң есiн алған. Бұл оқиғадан кейiн тау басында мұздықтардан пайда болған “Ақкөл” көлi қалды. Ендi мұздықтар ери қалған жағдайда Ақкөлдi арнасынан асырады, өз кезегiнде ол Есiк көлiне тағы бiр сарқуы мүмкiн. Жаһандық жылыну процесiнен Iле Алатауынан бастау алатын өзендердiң суы соңғы жылдары 16%-ға кемiптi.
Қазақстанда су тапшы. Елiмiз шетелден келетiн тұщы су көздерiнiң есебiнен өмiр сүрiп келедi, яғни Қытай, Қырғызстан, Түркiменстаннан бастау алатын өзен суларын пайдаланамыз. Жалпы алғанда, Қазақстан халқы ерiген мұздықтардан құралған өзендердiң суын асқа жаратып отыр, ал елiмiздiң территориясының басым көпшiлiгi шөлейттi зонаға жатады.
Әлде де болса дүниежүзiнiң эколог ғалымдарының бас қатырып жүргенi бiр ғана сауал – жылыну процесiн қалай тоқтату керек?
Болашақ қауiптiң алдын алуға жанталасқан Швейцарияда қазiр Альпi тауларының мыңжылдық мұздықтарының еру процесiн баяулату үшiн мұз бетiн полиэтилендi жабындымен жаппай қаптап, адам ойына келмейтiн iстердi атқаруда..
Бiз қайтемiз?! Ұшар басындағы ақ қар, көк мұздары жылдам ерiп, күн өткен сайын аласарып бара жатқан мұзарттарымызды аман сақтау үшiн сиқырлы жабындылармен жабамыз ба? Бiздегi таулардың мұздықтары ғана емес, дүние жүзiндегi мұздықтардың барлығы дерлiк ерiп жатыр. Гималай, Кавказ, Альпi, Памир, Тянь-Шань, Анд тауларында да мұздықтар азайып барады. Сондықтан болашақта миллиондаған адам ауызсусыз қалуы мүмкiн. Бiр ғана Гималай тауынан бастау алатын өзендер Қытай мен Үндiстанды ауызсумен қамтамасыз етiп отыр. Сол сияқты елiмiз де мұздықтардан айырылса, ауызсусыз қалады. Бұл – бiр. Екiншiден, сел қаупi төнедi. Қалада жаңбыр жауса, тауға қар түседi. Ал, егер мұздықтар ерiп кетсе, бiрден сел ағады. Алапаттың алдын алу үшiн өсiмдiк әлемiн мейлiнше көбейте түсу керек дейдi мамандар. 2020 жылға дейiн ауаны ластайтын парниктi газдардың шамасын 40 пайызға кемiтсе жетiп жатыр. Иә, айтар ауызға оңай болғанымен, өркениет дамыған сайын, Жер-ананың бауыры ластана бермек.

Улы газ жылынуға жол ашты

Қазақстанда астық өндiрiсi, ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп сияқты салаларды ауа райының ғаламдық өзгерiстерiне бейiмдеу механизмдерi жасалуда. Мәселен, суды үнемдеу, күн сәулесiн пайдаланатын электр көздерiн дамыту, ауыл шаруашылығы саласында ыстыққа шыдамды дақылдарды өсiру, өсiмдiк түрлерiн аудандастыру қажет болады. Айтпақшы, шағын электростансалар парниктiк газдардың азаюына әсер етедi. Бес шағын электростанса жылына 3,5 тонна СО2 қалдығын азайтуға мүмкiндiк бередi екен. Оңтүстiк Қазақстан облысы қазір фермерлiк шаруашылық фотоэлектрлi қондырғыны пайдаланып та жатыр.
Экологтар  улы газдарды тек планктондар мен өсiмдiктер ғана сiңiре алады дейді. Осы себептi әрбiр тал шөп, әрбiр ағашты сақтау қажет. Содан кейiн энергетиканың балама көздерiн пайдалануды жолға қоюға тиiспiз. Әр адам қолынан келгенше экологияның жақсаруына үлес қоса алады. Бұл жұмысты қарапайым ғана ағаш егуден бастау керек.
Ғалымдардың пiкiрiнше, өнеркәсiптерден бөлiнетiн улы газдар ғаламдық жылынуға жол ашты. Ауа райын зерттеушi ғалымдардың көбi климаттың жиi өзгеруiне атмосферада парниктi газ концентраттарының артуын себеп санайды. Сондай-ақ, электростанциялардың, қоғамдық көлiктердiң көбеюi мен зауыттар түтiнi де себепкер дейдi олар. Жалпы, ауаның ластануына кез келген адам өз үлесiн қосып келедi десек өтiрiк емес. Демек, адам баласы түйiнiн шешуге тиiс тағы бiр мәселе – қалдықтарды тиiмдi пайдалану. ХХ ғасырға дейiнгi кезеңде тек органикалық қалдықтар ғана болған. loopy.by сайтының мәлiмдеуiнше, бүгiнде жер бетiн мекендеген адам баласының өзi жылына 2,1 трлн. тоннаға жуық қалдық «өндiредi». Оның 40 пайызы бөтелке, пакет, қорап, қалта сияқты тұрмыстық қалдықтардан тұрады.
«Қоқыс дағдарысына» бiзден өзге елдерде аса мән берiлiп отыр. Атап айтсақ, Италияның Неапол қаласы тұрғындарының бұл мәселенi шешумен айналысқанына қазiрдiң өзiнде 15 жылдай уақыт болған. Тiптi, қоқыспен күреспегенi үшiн Италия үкiметi отставкаға кеткен. Соған қарағанда алдағы уақытта «қоқыс дағдарысы» әлем елдерi бойынша саяси дағдарысқа әкеп соғуы ықтимал. Зерттеушi мамандар дамыған алпауыт елдердiң бiрi Қытай да алдағы жылдар еншiсiнде қоқыстан көз аша алмауы мүмкiн деседi.
Мұхиттар деңгейiнiң көтерiлуi ғаламдық жылынудың индикаторы болып отыр. Әлем бойынша соңғы онжылдықтан ауа райы күрт өзгердi. Сiрескен мұздар қалай еридi? Ол ауа температурасының тым артып-төмендеуiнен.
Бұл жаһандық жылынудың симптомдары.  Зерттеушiлердiң болжамынша, алып мұздардың еруi келер ғасыр еншiсiне тиесiлi болатын. Бiрақ мұздар келер уақытты күтпей, қазiрдiң өзiнде-ақ су болып ерiп кетудiң алдында тұр.

Атмосфераны ең көп ластайтын – АҚШ пен Қытай

Атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын екi ел бар. Ол – АҚШ пен Қытай. Ал, бұл екi ел ғаламдық көмiр қышқыл газының таралуын азайту жөнiндегi Киото хаттамасына қол қоймаған. Бiрақ Копенгаген жиынында Бейжiң мен Вашингтон өз еркiмен көмiр қышқыл газының таралуын азайтуға ниеттенiп отырғандығын жариялады. Мәселен, АҚШ үкiметi 2020 жылға дейiн газ эмиссиясын шығару деңгейiн 17 пайызға қысқартуға уәде еттi. Ал, Қытай болса газ эмиссиясын шығару деңгейiн 2020 жылға дейiн 40-45 пайызға қысқартуға сөз бердi. Алайда, көптеген сарапшылар Бейжiң мен Вашингтонның болжамына күмән келтiрiп отыр.
Еуропа Одағының болжамына сәйкес, осы мәселеге қатысты айтарлықтай өзгерiстердiң болуы үшiн 2020 жылға дейiн дамушы елдерге шамамен 150 миллиард доллар бөлiнуi тиiс. Бұл ғаламдық экономикалық рецессияның салдарын жоюға тырысып жатқан батыс елдерi үшiн қиындық туғызбақ.
Миланда өткен БҰҰ конференциясында АҚШ нелiктен Киото келiсiмiне қол қоймады? Себебi, оның көкейiн тесiп бара жатқан мұнай мәселесi. Жыл сайын өндiрiлетiн әлемдiк мұнайдың көбiн тұтынатын да осы ел. Ғаламдық апаттың алдын алу үшiн түзiлген Киото келiсiмiнде парниктiк эффектiнiң 55%-ын туғызып отырған 55 ел қол қою керек болса, АҚШ пен Ресей олай етуден бас тартты. Себебi, Киото келiсiмiне қол қойған елдер ауаны ластайтын көмiр қышқыл газын 92%-ға қысқартуға мәжбүр болады екен.
Жалпы, мамандар жер климатына қатысты 2085 жылға дейiн екi сценарийлi болжамды ұстанып отыр. Бiрiншiсi, ол бiздiң тiлмен айтқанда қатты климат 4-5 градусқа көтерiлуi мүмкiн. Екiншiсi, жұмсақ климат – ол 1,5 градусқа жылынады. Алла сақтасын деймiз, бiрақ алғашқы болжамның адамзатқа қаупi көп.
Ал, жылы кезеңнiң ұзақтығының артуының да оң әсерi бар. Мәселен, бидай өнiмiнiң сапасы артады. Дәннiң сапасында белок құрамы көбейедi. Оған түнгi және күндiзгi температура айырмашылығының өсуi оң әсер бередi. Мал шаруашылығында қысқы жағдай жұмсарады. Қысқы жайылымның аумағы ұлғаяды. Кейбiр жерлерде жайылым өсiмдiктерiнiң өнiмдiлiгi жоғарылайды. Мүмкiн Оңтүстiк Қазақстан облысында тропиктiк өсiмдiктер өсiруге болатын шығар. Қалай десек те климат жылынуының пайдасынан зияны көп.

Айгүл ЖАРЫЛҚАСЫН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.