Баспалдақты бүлдірген жігіт жұрт алдында кешірім сұрады Избранное

Пятница, 24 Июль 2015 12:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4277 раз
777oIMG-20150724-WA0002Бүгінгі Шымкент күн өткен сайын шырайланып, көркіне көрік қосып келеді. Миллионға жуық тұрғыны бар шаһарда қазіргі таңда көпшілік демалатын үлкенді-кішілі 17 саябақ бар. Сондай-ақ, рухани тағылым алатын мәдени кешендер де жетерлік. Десе де, сол орындарды ластап, бүлдіріп, қоғамның ортақ игілігіне залалын келтіріп жатқандар да жоқ емес.
 
Мәселен, шілде айының 22-сі күні сағат түнгі 22.00 шамасында той серуеніне шыққан бір топ жастар қаладағы Бәйдібек би ескерткішінің сатыларына зақым келтірген. Осы орайда бұзақы әрекеттің алдын алу және оны болдырмау мақсатында бүгін аталған орында БАҚ өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
 
Белгілі болғандай, ескерткіш маңындағы құрылысы жүріп жатқан нысанның күзетшісі келеңсіз оқиғаны байқап, полицияға хабарлаған. Нәтижесінде ОҚО Ішкі істер департаментінің бастығы А. Оспановтың тапсырмасымен жедел топ құрылып, тәртіп сақшылары іздеу шараларын жүргізген.
 
– Анықталған мәліметтер бойынша, сол күні жастар жол талғамайтын «ТойотаЛенд Крузер 200» автокөлігімен баспалдақтардың үстімен жүріп өтіп, ескерткіштің алдына тоқтаған. Оның жанында 20 минуттай аялдап, суретке түскен. Полиция қызметкерлерінің жедел жүргізген жұмыстарының арқасында Бәйдібек би көшесінің бойындағы сауда дүкендері, жанар-жағармай құю бекеттерінің бейнекамералары бақылауға алынып, сол арқылы күдікті анықталды. Қазір жүргізуші өз кінәсін мойындап, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша іс қозғалды, – дейді Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі  Асылхан Қалаубаев.
 
Тәртіп сақшысының айтуынша, қазір бұзақылық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Енді сараптама жұмыстары толық аяқталса, көлік жүргізушісі 2000 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
 
Айта кетерлігі, ескерткіш маңындағы жиынға бұзақылық жасаған кінәлі азаматтың өзі де келді. Ол жүзін төмен қаратып, жұрт алдында істеген ісін мойындап, өкінді, кешірім сұрады... Ел алдында жауап берген ол енді заң алдында да жауап береді. Бұл жайт өзгелерге де үлкен сабақ болатыны анық. Бұзақылық әрекет жасаған азамат 1992 жылы туылған, орта білімі бар, жұмыссыз. Осы жиынға қатысқан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қаланың ең көрікті орнына нұқсан келтірген тәртіпсізді тезге салды, ағалық ақылын да айтты.  
 
–  Қаламыз көркейіп, өсіп-өркендеп жатыр. Тұрғындардың игілігі үшін қаншама сәулетті ғимараттар мен демалыс кешендері бой көтеруде. Бірақ, мынадай жайттың орын алғаны өте өкінішті. Мемлекет тарапынан жастарға үлкен жағдай жасап жатқанда, бұлай мәдениетсіздік көрсетуге болмайды.  Құрметті ата-аналар мен қала тұрғындары, мұндай тәртіпсіздікке баршамыз бірге қарсы тұруымыз керек, – деді Ж. Мәуленқұлов.
 
Айта кетейік, қазір ескерткіш маңындағы бүлінген баспалдақтар қайта қалпына келтірілді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың шешімімен таяу арада аталған орынға бірнеше бейнекамера орнатылмақ.
 
Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Пятница, 24 Июль 2015 13:20
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.