Ардагерлер мен балаларды қуантты

Пятница, 08 Апрель 2016 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4124 раз

Оңтүстік Қазақстан облысының судьялар қауымдастығы табиғаты әсем Төле би ауданында орналасқан «Алматау»  демалыс аймағында ежелгі мереке – Наурыз мейрамына арналған іс-шара өткізді.

marapattau rasimi

Жарқын мерекені атап өтуге облыс соттары үш жылдан бері қамқорлыққа алып келе жатқан Сайрамдағы №4 балалар үйінің 97 тәрбиеленушісі мен облыстың сот жүйесінің ардагерлері шақырылды. Салтанатты іс-шара облыстық соттың судьялары мен мамандарының қатысуымен ұйымдастырылған флешмобпен басталып, көтеріңкі көңіл күймен жалғасты. Облыстық соттың төрағасы Н. Шәріпов құттықтау сөзінде: «Ардагерлеріміз бен үш жылдан бері өзіміз қамқорлыққа алып келе жатқан Сайрамдағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін құрметті қонақ етіп шақырып, бес мың жылдық тарихы бар, Наурыз мейрамын тойлап отырмыз. Наурыз – береке-бірліктің, татулықтың мерекесі. Шын жүрегіммен Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, өмірлеріңізге шаттық тілеймін», – деді.
Мерекелік бағдарламада облыстық және аудандық соттардың судьялары мен мамандарынан құралған 9 команда өздерінің ұлттық өнерлерін көрсетіп, 5 номинация бойынша бақ сынасты. Өз кезегінде балалар да судьяларды өздерінің шығармашылық өнерлерімен қуантып, халық әндері мен билерін орындады. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушісі К.Жәнел, «Үздік ұлттық би» номинациясы бойынша облыстың мамандандырылған соттарының қызметкерлерінен құралған «Бәйтерек» командасы, «Үздік сахналық қойылым» номинациясы бойынша Түркістан, Кентау қалалық және Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандық соттарының судьялары мен мамандарынан құралған «Түркістан» командасы марапатталды. «Үздік ұжым» номинациясы бойынша Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының «Тұран» командасы жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік топ» номинациясы бойынша диплом мен үй кинотеатры Сайрамдағы №4 балалар үйінің командасына берілді. Жеңімпаздар облыстық соттың төрағасы Н. Шәріповтың қолынан диплом мен бағалы сыйлықтар алды.

Дидар АЙБОЛАТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.