101: Тәуекелшіл. Шыдамды. Батыл.

Пятница, 08 Апрель 2016 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3860 раз

DSC 0093

Халқымыз өртті «тілсіз жауға» бекер теңемейді. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Ал өрттің қай уақытта орын алатынын ешкім білмейді. Сол себепті өрт сөндіру қызметі қауіпті мамандықтың бірі саналады. Біз қаламыздағы №1 өрт сөндіру бөлімінің  қызметкерлерімен жүздесіп, біраз жайтқа көз жеткіздік. Сонымен қауіпті қызметтің сыры мен қырын саралап көрейік.

Бес минуттың iшiнде...

DSC 0108

Біз Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі орналасқан ғимаратқа келдік. Біз барғанда жігіттердің төтенше оқиғадан оралған беті екен. Тәуке хан бойындағы №31 «Салтанат» балабақшасынан өрт шығып, құтқарушылар дер кезінде ауыздықтапты. Абырой болғанда жапа шеккен адам жоқ.
Шымкентте мамандандырылған өртке қарсы қызметтің 9 бөлімі бар. Мұнда 98 қызметкер еңбек етеді. Өрт оқиғасы болмаса да, жауынгерлердің әр минуты санаулы. Жұмыс кестелері де тығыз. Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктерімен өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде... тиісті нүктеге келіп жетуі керек. Өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнында-ғы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру.
Олардың күнделікті өмірі спортпен біте қайнасып кеткен. Тәулік бойы жедел-құтқару шараларында жаттығады. Сонымен қатар, жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдайды. Теорияны тәжірибемен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережесін пысықтап, техникалық құрал-жабдықтарды төтенше жағдайға дайындап отырады. Яғни шұғыл шақыртуға жігіттер тап-тұйнақтай әзір болып шықты.
– Өрт сөндіру бөлімінің қызметі 4 ауысымнан тұрады. Әр ауысымның тағайындалған жетекшісі бар. Жауынгерлерді «тілсіз жаумен» шабуылға жол бастайтын – осы ауысым жетекшілері. Жұмыс таңғы сегізде басталып, бір тәулікке жалғасады. Мұнда жігіттер өрт туралы дабыл қағылғанда құрал-жабдықтарын сайлап, аттануға дайын тұрады, – деді №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азамат Булдурынов жұмыс барысын түсіндіріп.
Бұл бөлімге Әл-Фараби ауданындағы ғимараттар мен тұрғын үйлер қарайды. Аумақта 310 мың халық тұрады. Ал көпқабатты үйлер саны – 30. «Нұрсәт» шағынауданындағы, Қонаев даңғылы бойындағы 9-12 қабатты үйлер мен ірі нысандарыдың қауіпсіздігіне осы бөлімнің өрт сөндірушілері жауапты. Егер оқыстан зәулім үйлерде өрт болса, жауынгерлер оны тез арада сөндірудің тетігін жақсы біледі. Өйткені жігіттерде обьектілердің жоспарлары бар. Ғимараттың материалы, жертөле жолдары, кіру есігі, айналасындағы гидранттар сияқты маңызды ақпараттар көрсетілген. Мұндай жоспардың бәрі диспетчердің қабинетінде сақталады.
– Өрт көбіне адамдардың бейқамдығынан шығып жатады. Қанша рет тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырғанымызбен мән бермейтіні өкінішті. Сондай салғырттықтың соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Төтенше жағдайлар көбіне тұрғын үйлерде орын алады. Ал өрт көбіне қыс, күз айларында жиі болады, – дейді өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұралы Сапарбаев. Бөлім бастығының айтуынша, 2015 жылы қалада 688 төтенше оқиға тіркелген. 7 адам құтқарылып, 426 адам қауіпсіз жерге шығарылыпты. Биыл жыл басынан бері 88 өрт оқиғасы орын алған.

Өрт сөндiрушiлерге жол бер, жүргiзушi!

DSC 0123

Біз радио байланыс бөліміне бас сұқтық. Диспетчер Ақмарал Мамытханова келіп түскен қоңырауларды қабылдайды. Ол уақыттың өте шектеулі екенін, өрт болған үйдің мекен-жайын, биіктігін, ішіндегі адамдар санын рациямен бөлімге хабарлайды. Ал кейбір адамдар өрт сөндірушілерді дер кезінде келмеді деп кінәлайды. Көлікте суы жоқ деп жазғыратындар қаншама?! Жол кептелісі де өрт сөндірушілерге кедергісін келтіреді. Әсіресе, мамандар жеңіл көліктегі жүргізушілердің жол бермейтінін айтады. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге шлагбаум қойып, кіреберісті бетонмен бекітіп тастайды екен. Тіпті кейбір тұрғындар көліктерін есік тұсына немесе гидранттардың үстіне қаңтарып қойып, өрт сөндіруші машинаның кіруіне, су тасуына қиындық келтіреді.
– Біздің әр минутымыз қымбат. 2 минутта өрттен қаншама нәрсені құтқарып қалуға болады ғой. Көліктеріміздің өртке сусыз баруы мүмкін емес. Бұрын су мөлшері автокөліктерде 2 тонна 180 литр болса, ал қазіргі техникаларға 8 тонна су сыяды, – дейді Азамат Булдурынов.
Ал су өрт кезінде он минуттың ішінде таусылады. Су бітпей тұрып, екінші көліктегілер жақын маңдағы гидрантты тауып, су жеткізуі тиіс. Өкінішке қарай, гидрантты бөгеп тұрған машина иесіне хабарласқанша мамандар біраз уақытты жоғалтатын көрінеді.

Жаңа техниканың қауқары мықты

DSC 0156

№1 Өрт сөндіру бөлімінде 14 техника бар. Оның жетеуі – негізгі, екеуі – арнайы, бесеуі – қосымша көлік. Негізгі техникалардың бірі температуралық белсендірілген суы бар көпмақсатты автомобиль деп аталады. Жоғары температура мен қою түтін кезінде техника су тамшыларының көлемін кішірейтіп, ауаға майда қоспаны шашады екен. Сол сәтте сулы тұман пайда болып, температура түсіп, түтін сейіледі.
– Жаңа технологияның тағы бір жетістігі, бөлімдегі райдер тыныс алу аппараты. Мұнда тыныс алу аппаратының 55, компрессордың екі данасы бар. Онда сығымдалған ауа бір сағатқа жетеді. Өрт кезінде талай адам драйдердің көмегімен аман қалды, – дейді газ-түтіннен қорғау қыметінің аға шебері
Талғат Сейілов.
Бөлім басшысының айтуынша, өрт сөндірушілерге қойылатын талап жоғары. Қызметке кіріспес бұрын талапкерлер норматив тапсырып, психологиялық тест пен полиграф сынды сынақтардан сүрінбеуі керек. Жыл сайын медициналық тексеруден өтіп, ауысымға түсетін құрамды бөлімше дәрігері күн сайын бақылап отырады.

Автобаспалдақ жеткiлiктi, бiрақ...

Дегенмен өрт сөндіру бөлімінде мәселелер де бар болып шықты. Соның бірі ең биік қабатты тұрғын үйлер екен. Автобаспалдақ 33 метрге жеткенімен, 16 қабатты қамти алмайды. Ал кездейсоқ төтенше оқиға орын алса... Не болатыны белгісіз...
Сонымен қатар, өрт сөндіру бөлімінің мамандары еліміздегі болып жатқан табиғи апаттарға да қол ұшын созып жүр. Өткен жылы жауынгерлер Қарағанды облысында болып, халықты қауіпсіз жерге көшіріп, табиғи апаттың алдын алды. Таяуда өрт сөндіру бөлімінің 5 техникасы Солтүстік Қазақстан облысына жол тартты. Былтыр желтоқсан айында төтенше жағдайлар министрлігінің шешімімен «Достық» шағынауданында өрт сөндіру бөлімі ашылып, жеке құрам ұйымдастырылып 140 қызметкер жұмысқа алынды. Биыл облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың бастамасымен әкімшілік-іскерлік орталық жанынан өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталады.
Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Күнделікті жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз араларында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Шымқаланың батыл қызметкерлерімен қоштасып тұрып, біз де «өрт болмасын» деп тіледік.

Последнее изменение Пятница, 08 Апрель 2016 05:39
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.