Жүргiзушiлерге жол көрсетiп...

Среда, 13 Апрель 2016 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4408 раз

Соңғы кезде Шымкенттің көше қиылыстарында жол тәртібін реттеушілерді жиі байқайтын болдық. Өйткені, қалада көлік көп. Ресми деректерге жүгінсек, 200 мыңнан астам көлік бар екен. Көз алдыңызға көлік нөпірі көп көше қиылысында жарық сөніп, бағдаршамның істен шыққанын елестетіңіз. Мұндай кезде жол тәртібін реттеуші көмекке келеді. Сондай үлгілі маманның бірі – Шымкент қаласы жол-патрульдік полициясының сержанты Артықбек Сабизов.

IMG-20160406-WA0015   IMG-20160406-WA0018

Артықбек Жақыпбекұлы жас та болса, көше қиылысындағы тәртіпті реттеуде ерекше шеберлігімен және шапшаңдығымен көзге түскен маман. Жол тәртібін реттеп жүргеніне екі жылдың жүзі болған. Ал жалпы, Ішкі Істер органында 4 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғаш еңбек жолын қаламыздағы патрульдік полициядан бастаған. Артықбектің айтуынша, қаланың кейбір аумақтарында түрлі себептерге байланысты жарық жиі сөнеді. Соның салдарынан жол ережесін реттеуде маңызды үлес қосатын бағдаршамдар да істен шығады. Әсіресе, қаланың орталық көшелерінде – Тәуке хан мен Байтұрсынов, Түркістан мен Қонаев және Иляев көшелері мен Қонаев даңғылындағы қиылыстарда көлік ағыны өте көп. Тіпті бағдаршамда көрсетілген уақыт ішінде қиылыстан өтіп үлгермейтін кездер де аз емес.  

– Алғаш рет Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы жол қозғалысын реттеп, тапсырманы сәтті орындадым. Өз тәжірибесімен бөлісіп, білгенін үйретуден жалықпаған әріптесім Ернар Молдабековке алғысым мол. Темір тұлпарды тізгіндегендер кейде тәртіпке бағынғысы келмей, өтіп кетуге тырысады. Мұндайда оларға біздің экипаж мүшелері заң аясында шара қолданады. Жол-патрульдік полициясының барлық қызметкерлері жол тәртібін реттей білуі тиіс деп ойлаймын. Барлық жағдайға дайын болып, тез шешім қабылдау – біздің міндетіміз, – дейді А. Жақыпбекұлы.
Артықбек өз әріптестерін мақтан тұтады. Солардың ішінде Ақыл Садықов пен Нұрлан Атахановтың жол тәртібін реттеудегі шеберліктерін ерекше атап өтті. Өйткені, жол тәртібін реттемес бұрын жол ережесін де үздік білу шарт. Артықбектің айтуына қарағанда, жол реттеушісінің жұмысында қауіпті сәттердің болатыны бар. Әсіресе, жауын-шашынды күндері және түнгі уақытта аса сақ болу керектігін айтады.

Шымкентте жол реттеушісіне арналған ескертікштің барын аға ұрпақ жақсы біледі. Ол 2004 жылы халық арасында «дядя Сережа» атанып кеткен ҰОС-ның ардагері және старшина Сайдакбар Сатыбалдиевке арнап орнатылды. Ол ОҚО МАИ-ның жол қозғалысын реттеу бөлімінде 25 жыл қызмет етті. Осы уақыт аралығында ол СССР-дің ең үздік реттеушісі атанды. Тіпті, Мәскеуге барған кезінде үлкен көлік кептелісін жас сержант санаулы минуттарда реттеп берген екен.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.