Олар – тыныштық сақшылары

Пятница, 29 Апрель 2016 06:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4236 раз

Шымкенттіктердің қауіпсіз өмір сүруі үшін қаланың әрбір бұрышына бейнебақылау камералары орнатылған. Олар жол бойындағы, тіпті аулалардағы тәртіпті бақылайды. Ал соның барлығын Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығының қызметкерлері кірпік қақпай, реттеп отырады. Жаяу жүргіншіден бастап, көлік тізгіндеген азаматтардың әрбір қимыл-қозғалысы назардан тыс қалмайды. Осындай қырағылықтың арқасында қаланың кез келген бұрышында қандай да қылмыстық оқиғаның немесе тәртіп бұзушылықтың орын алғанын лезде біліп отырады. Міне, жуырда Жедел басқару орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Осы ретте орталықтың жұмысымен танысуды жөн көрдік.

102 желiсiне – шұғыл хабарламалар

 MG 0059

Шымкент ҚІІБ-ның Жедел басқару орталығының бастығы Қайрат Әбдіжәлілұлы өзі бастап, қызметкерлерімен таныстырып өтті. Олардың барлығы да арнайы құрылғының алдында тоқтаусыз келіп жатқан хабарламаларды қабылдауда. Ең алдымен Жедел басқару орталығының құрамындағы 102 желісіне келіп түсетін хабарламаларды қабылдайтын топпен таныстырды. Онда 4 қызметкер жұмыс істейді. Арасында екі қыз-келіншек те бар. Құлаққаптарын киген олар телефон тұтқасын көтеріп, қоңырау шалған азаматтардың қандай мәселемен және қай жерден хабарласып тұрғандарын жіті жазып алуда. Жұмыс барысы болған соң, оларға кедергі келтірмедік. Қандай да бір жағдайға ұшыраған кезде 102 шұғыл нөмірін теруді білеміз. Міне, сол кезде біздің қоңырауымызды осындағы қызметкерлер көтеріп, тиісті орындарға хабар береді. Мұнда 75 категория бойынша хабарламалар келіп түседі. Осындағы төрт қызметкердің бірі – Сүлеймен Ахметәлиев көп ретте отбасылық дау-жанжал, қоғамдық тәртіптің бұзылуы, көлікті дұрыс немесе тиісті орынға қоймау секілді көптеген хабарламалардың келіп түсетінін айтады. Әсіресе, түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзушылар бойынша жиі хабарлайды. Бірақ, бұрыш-бұрышта бейнекамера барын және орталықтағы қызметкерлердің әр қимылын бақылап отырғанын енді біліп жүрер.

100 монитор орналасқан орталықта жұмыс қызу

 MG 0051

Мұнан соң, жедел басқару орталығы қызметкерлері отырған үлкен залға кірдік. Бір қарағанда жоғарғы оқу орындарындағы аудиторияға ұқсайды. Үлкен аумақты алып жатқан орталықта 8 қызметкер отыр. Әрқайсысының алдында бір монитордан. Онда қаланың көшелері мен қиылыстары анық көрінеді. Бәрі құдды алақандағыдай дерсіз. Пульт басында отыратын тәртіп сақшылары камераны айналдырып қарап, көшенің жан-жағын түгел шолып шығады. Тіпті, алыстағы адамдарды жақындатып, олардың бет-бейнесін анық көруге мүмкіндік бар. Оған қоса, қарсы беттегі қабырғаның ортасында алып монитор ілінсе, ал оның айналасын қоршай орналасқан тағы көптеген теледидарларды көруге болады. Қайрат Оспановтың айтуынша, мұнда 100 монитор бар. Қаладағы төрт ауданның аға инспекторларына 102 желісіне келіп түскен хабарламалар жолданады. Аға иснпекторлар өз аудандарындағы учаскелік полицейлерге рация арқылы хабарлап, оқиға орнын және оның сипатын айтады. Абай ауданы қаланың ең үлкен және халқы көп ауданы болғандықтан, мұнда түрлі оқиғалар көптеп орын алады. Осы ауданның аға инспекторы Төлеген Баубековтың қолы рациядан, ал көзі монитордан босар емес. Десек те, жұмыс барысын таныстыру үшін қысқаша әңігемеге тарттық.
– Шымкент қаласының аумағы күннен-күнге кеңейіп, өсіп келеді. Сондықтан, тәртіпті қадағалауға үлкен мән берілуде. Мәселен, маған 102 арнасынан хабарлама келіп түседі. Мен өз кезегімде учаскелік полицейлерге рация көмегімен оқиға туралы хабарлаймын. Онда автоэкипаж бен жедел тергеу тобын жіберемін. Егер ауыр қылмыс болса, басшы құрамға хабар беріледі, – дейді Т. Баубеков.
Аға инспектордың бізбен сөйлесіп бола бергені сол, «Қатын көпір» шағынауданындағы дүкен алдында А. есімді жігітті дүкен иесі мен тағы өзге де азаматтың соққыға жыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Т.Баубеков бұл оқиға туралы лезде учаскелік полицейге хабар берді. Сағатқа қарағанымызда бұл оқиға 15 сағат 50 минутта орын алған екен. Яғни, барлық мәлімет компьютерге тіркелген. Күн сайын орын алған мәліметтердің компьютерде 30 күн сақталатыны тағы бар.

қырағы полицей – үшемнiң анасы!

 MG 0071

Жедел басқару орталығында қызметкерлер тәуліктік кезекшілікке түседі. Яғни, жұмыс күні таңғы сағат 8-де басталып, келесі күні осы уақытта аяқталады. Мұнда да қыз-келіншектер жұмыс істейді. Олар отбасындағы қым-қуыт тіршіліктің де, жұмыс орнындағы қауырт қызметтің бабын тапқан. Солардың бірі – бейнебақылау инспекторы, аға лейтенант Динара Искакова. Мамандығы заңгер. Осында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Динара отбасын құрып, бала сүйген бақытты ана. Оның 3,5 жасқа келген әп-әдемі үшем қыздары бар.
– Біздің жұмысымыз бір қарағанда оңай көрінер. Бірақ монитордан көз алмай, әрбір қимыл-қозғалысты бақылап отыру біз үшін үлкен жауапкершілік. Қаланың қай тұсында не болып жатқанын монитор арқылы көріп отырамыз. Әр кадрды қалт жібермеуге тырысамыз, – дейді күлімдеп.

Нәтиже қандай?

Шымкент қаласында сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 67 қылмыс пен 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық деректері ашылған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 242 сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған. Заманауи талаптарға сай бұл камералардың 220-сы 360 градусты қамтып, айналасындағы аумақты да қамтуға мүмкіндігі бар. Жедел басқару орталығының кезекшілері полицейлермен тығыз онлайн байланыста. Орталық қызметкерлерінің қырағы жұмысының арқасында түрлі қылмыстарды, іздеуде жүрген күдіктілерді және басқа да жедел ақпараттарды полицейлерге хабарлап, орын алған қылмыстардың ізін суытпай ашуға септігін тигізуде. Сонымен қатар, қала бойынша, ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция полкының 17 стационарлық бекеті жұмыс істеуде. Олар да Жедел басқару орталығымен біріктірілген 120 сыртқы бейнебақылау камераларын қадағалап отырады.
Биыл жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарда жасалған 67 қылмыс анықталды. Оның ішінде 37-сі бөтеннің мүлкін ұрлау, 5-уі тонау, 4-уі бұзақылық, ал 3-уі автокөлік ұрлығы және оннан астам басқа да қылмыстардың беті ашылды. Сонымен қатар, 13 мың 600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп отыр. Оның ішінде 548-і бұзақылық, 282-сі қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, 7470-сі жеке және қоғамдық автокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзу деректері және 5 мыңнан астам басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар.
Шымкент қалалық Жедел басқару орталығы 2006 жылы жұмысын бастаған. 10 жылдан бері қала ішінде тәртіп нығайған. Сондықтан, барша тұрғындарға айтарымыз, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбаңыздар. Ешкім көрмейді демеңіздер. Шымкентте аула ішінде де камералар орнатылған. Сіздерді жан-жақтан бейнекамера бақылап тұр!

Последнее изменение Пятница, 29 Апрель 2016 08:45
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.