«Алтын адам» – Шымкентте

Среда, 10 Август 2016 06:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6643 раз

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жоба – «Ұлттық музей сенің қалаңда» мәдени саяхаты Шымкент қаласына келді. Қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның брендіне айналған құнды жәдігерлердің бірегейі «Алтын адамды» тамашалады. Ғасырлар бойы қалпын бұзбаған асыл мирасқа үлкен-кішінің қызығушылығы ерекше. Таңғы сағат 9-да басталған көрме адамға лық толды. Түнгі 12-ге дейін жалғасатын көрмеге келушілердің қатары толастаған жоқ.

DSC 4656ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Пердехан Мұсырманқұл жоба жайында әңгімелеп, «Алтын адам» ескерткішінің тарихына тоқталды. 

– «Алтын қалған жарқыраған» деп ақиық ақын Мұқағали жырға қосқан «Алтын адам» туралы аңыз да, ақиқат та көп. 1970 жылдары «Алтын адамның» табылуы Қазақстан үшін ғана емес, төрткүл әлем үшін жаңалық болды. Тәуелсіздіктің символы болған жәдігер Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылғаны белгілі. Алтын адам ескерткіш – мүсін емес, алтын киімді адам. Ғалымдардың болжамынша, алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-тай болуы керек деп болжайды. Бірақ қазақ даласындағы талай аласапыран уақыттарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен.

«Алтын адам» киімі 4 мыңға жуық әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар бейнелерінде жасалған. Ал бас киімнің төбесі шошақ, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, оң қолында екі жүзігі бар. Оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен безендірілген. Бүгінде «Алтын адам» – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді. 

DSC 4731

– Қазақстанның әр өңірінен, айталық, Шілікті, Аралтөбе секілді қорымдарынан табылған Алтын адамға ұқсас жәдігерлердің саны алтыға жеткен екен. Алайда бұл жәдігерлерді екінші, үшінші Алтын адам деп айтуға болмайды. Елімізде бір ғана Алтын адам бар. Ол Есік қорғанына табылған ханзаданың мүрдесі. Алтын адамның түпнұсқасы және бағалы металдар музейімізде сақталған, – дейді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Пердехан Мұсырманқұл. 

DSC 4674

Елбасымыз Н. Назарбаевтың жарлығымен ҚР Ұлттық музейі 2014 жылы 2 шілдеде ашылған болатын. Құнды жәдігерлерімізді дәріптейтін мекеме 2 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Музей Орта Азияда баламасы жоқ, архитектуралық құрылымы бойынша әлемдегі ондыққа кіреді.
– Алғашқыда мәдени саяхатты ұйымдастырғанда, халық қалай қабылдайды деп қобалжыдық. Бірақ жобамызға аймақтардағы тұрғындардың қызығушылығы жоғары болады. Әсіресе Шымкентте еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін көрмеден табылды. Еліміздегі телеарналардың жаңалықтарынан көрген балалардың белсенділігі тіпті таңғалдырды. 5 жастағы Марғұлан таңертең көрмеге атасымен келсе, кешке әжесімен «Алтын адамды» бірге тамашалады. Тіпті қарияларымыздың таңданысында шек жоқ. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік нышанға айналған «Алтын адамды» жақыннан көріп, серпіліп қалды, – дейді ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Әсия Қаражігітова.

DSC 4713

Көрмеде шымкенттіктер Алтын адамды тамашалап, мәдени құндылығымыздың қыр-сырына қанықты. Кітаптан ғана парақтайтын тарихқа өздері куә болды.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт мұндай «Алтын адамның» басқа ұлтта жоқ екенін айтып, «тарихи оқиға» деп баға берді. Көрмеге келушілер музей қызметкерлеріне сауалдар қойып, естелікке суретке түсті. Мәдени саяхат Шымкентке дейін Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында ұйымдастырылған болатын. Жыл соңына дейін «Алтын адам» жәдігері еліміздегі облыстар мен қалаларды аралайды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.