×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Үшінші мегаполис: жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктер Избранное

Среда, 08 Февраль 2017 06:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6558 раз

Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және қаланың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары бойынша жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Қала әкімінің есепті кездесуіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Жиында әсіресе, инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық, білім беру, жұмыспен қамту, абаттандыру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, тұрғындар қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқыға салып, қаланың келбеті мен мәдениетін қалыптастыру бағытында өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

DSC 5892

Кәсіпкерлік саласында бетбұрыс бар

Ел аумағында жер көлемі жөнінен бірінші, халық саны бойынша екінші орынды иеленетін Шымкент қаласы соңғы бесжылдықта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу мен жаңғырудың жаңа кезеңін өткеруде. Бас Жоспарға сәйкес, қала шекарасы 2,9 пайызға ұлғайды. Соңғы санақтың қорытындысы бойынша қазір мұнда 910 мыңның үстінде адам тұрады. Осы орайда, жиналған көпшілік қауымға алдымен, LED-экран арқылы қаланың өткен жылдағы табысты жетістіктері сараланған бейнефильм ұсынылды.

Қаланың 2016 жылғы бюджеті 111 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі, қалада инженерлік жүйелер өзекті болғандықтан, осы саланы дамытуға бағытталды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есепті баяндамасында кәсіпкерлік саласындағы оңды өзгерістерді атап өтті. Нақты айтқанда, бүгінде 136 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдарғы мемлекеттің қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. Өткен жылда өндірістік кәсіпорындар 326 миллиард 970 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқан. 

«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

wthats

Есепті мерзімде қала бой-ынша 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Бас жоспарды іске асыру мақсатында қала аумағының 5 жеріне егжей-тегжей жоспарлау жобалары жасақталды.

Қаланың сәулеттік келбетіне ықпал ететін ірі кешенді жобаларды іске асыру үшін қала құрылысы кеңесі жұмыс істеуде. Өткен жылы кеңестің 4 отырысы ұйымдастырылып, 55 жоба талқыланыпты.

Жылдың басты жемісті қызметі ретінде «Shymkent City» инвестициялық жобасының құрылыс жұмыстары басталды. «Тұран» шағынауданының егжей-тегжей жобасына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылғы бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 388 миллион теңге қаржы бөлінді. Жоспарланған аймақ көлемі 407,7 гектарды құрайды. Яғни, бұл болашақта 70 мыңға жуық тұрғынға лайықталған заманауи талапқа сай көпқабатты тұрғын үйлер мен көрікті демалыс орындарын, аллеялар мен ойын-сауық сауда орталықтарын салуға мүмкіндік береді.DSC 5800

Жалпы, 2016 жылы қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 246,7 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан.

«Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 3 777 пәтерлі 64 көп қабатты тұрғын үйдің және 68 пәтерлі 2 жатақхананың құрылысы жүргізілген. Бүгінге дейін 1 370 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті.

wthats-2

Алты жолақты көлік жолы салынады

Жиында алғаш болып жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Молдасейітов қала әкімінің өткен жылдағы атқарған жұмыс нәтижесін оң бағалап, сын-ескертпелерін де жеткізді. Қала аумағын ирригациялық жүйелермен қамтудың қажеттілігін тілге тиек еткен Қайрат Хұсейінұлы, сонымен қатар, көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң бақылауға алуға шақырды. Өткен жылда тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша депутаттық сауал ретінде жолданған 86 өтініш-арыздың қала әкімдігі тарапынан толығымен өз шешімін тапқанын да атап өтті.

Мұнан кейін «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Әділхан Сұлтанбеков «Фронт офис» ғимаратының пайдалануға берілуін қала әкімдігінің өткен жылдағы жемісті қызметіне балады. 

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қолға алынған шаралар бойынша қала тұрғыны Ахметбек Мұстафаның қойған сауалына қала әкімі аптаның әр сенбі және жексенбі күндері жәрмеңкелер ұйымдастырылатынын, тұрақты бақылаудың нәтижесінде, Оңтүстік өңірі ел аумағында ең төменгі бағаны «ұстап тұрғанын» жеткізді.

Ал қала тұрғыны Серік Дүйсековті әлдеқашан қазақша атауын алған «Пахтакор», «Шорсе», «Попова» сынды көше атаулары қоғамдық жолаушы тасымалдау қызметі саласында бір жүйеге келмей отырғаны қынжылтты. Яғни, ол әрбір аялдаманы байырғы атымен атайтын жолаушылар көлігі бақылаушыларының әрекетіне тыйым салуды ұсынды. 

DSC 6049

Қала тұрғыны Танабек Мәдібековтің жұмыссыздықтың алдын алу бағытында қала аумағында ірі зауыттар салу қажеттілігі бойынша қойған сауалына облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы өзі жауап берді.

– Қазіргі таңда, өндіріске тың серпін беру мақсатында өңірде 11 индустральды және 1 еркін экономикалық аймақ құрылған. Осындағы қызметін сәтті үйлестіре білген кәсіпорындардың өнімі бүгінде шетелдерге де экспортталуда. Мәселен, «Шымкент цемент» кәсіпорнының жоғары сапалы өнімі Астанадағы «ЭКСПО» қалашығының құрылысын толығымен қамтып келеді. Шымкентте тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынбақ. Облыс орталығында күні кеше ғана ұйымдастырылған қазақ-түрік инвесторларының форумы да өз кезегінде, өңірдегі кәсіпкерлік саласының өркендеуіне тың бастама болады деген сенім бар, – деді облыс әкімі.

Көне Шымкенттің келбетін танытқан «Ескі қалашықтың» бүгінгі ахуалы да қала тұрғыны М. Миргасимовтың тарапынан сауал ретінде жолданды. 

– Қаланың кешегі тіршілігінен сыр шертетін ескі қалашықтың орнын қайта жаңғырту – «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасында» айқын белгіленген. Жоспарлы жұмыстардың аясында, Қонаев көшесін онан әрі жалғастыра отырып, Ташкент тасжолына дейін жалғау қарастырылуда. Яғни, «Түркістан» моншасы мен «Ескі қалашықтың» бірқатар тұрғын үй ғимараттары сүріліп, жол құрылысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, Байтұрсынов көшесінің бойы да 18 метрге дейінгі қашықтыққа ұлғайтылып, 6 жолақты көлік жолы салынады. Ондағы жол бойындағы 900 түп ағаш тамырымен қоса алынып, қаланың өзге де аумақтарына қайта отырғызылады, – деді қала әкімі Ғ. Рахматоллаұлы.

DSC 5692

Қала бюджеті 33 миллиард теңгеге артқан

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қаланың келешегі кемел боларына сенім білдіріп, шаһарды шырайландыру бағытында алда атқарылуы тиіс жоспарларға тоқталды. Cондай-ақ аймақ басшысы Елбасының биылғы Жолдауынан туындаған жаңа міндеттер мен тапсырмаларды орындауда бірлік биігінен табылып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

– ҚР Президентінің белгілеген тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта өңірдегі өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мейлінше ден қойылады. Бұл туралы Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да кеңінен айтты. Сол себепті, кіші және орта бизнес субекьтілерінің қатарын ұлғайтуға күш салуға тиіспіз. Бұл тұрғыда, кәсіпкерлік саласындағы тексерулерді азайту бағытында барлық жағдай жасалады. Тек соңғы бір жыл уақыт мерзімінде қала бюджеті 33 миллиард теңгеге артты. Мектеп жасына дейінгі 53 мың бүлдіршіннің 82 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Биыл жеке меншік иелігіндегі мекемелер санын ұлғайтудың нәтижесінде, бұл көрсеткіш 100 пайызға толығымен орындалуы тиіс. Мен қызмет бабымен шетелдерде жиі боламын. Дамыған елдерде тұрғындар өзі тұратын елдің немесе қаланың тағдырына бейжай қарамайды. Атқарушы билікпен күш біріктіре отырып, қаланың дамуы жолында қоян-қолтық жұмыс істейді. Бізде де сол тәжірибені, үрдісті қолға алатын кез келді. Әрбір тұрғын қаланың гүлденуіне үлес қосқаны жөн. Білесіздер, қоршаған ортаны көріктендіру мақсатында өңірімізде алғаш рет «Шатқал» бағдарламасы бастау алды. Бұның тиімділігі, кейінгі жасқа берер ұлағаты орасан зор. Қала таза болса көңіліміз де таза болады. Осыған үлкен-кіші демей бәріміз де атсалысуымыз керек, – деді облыс әкімі Ж. Түймебаев.

Последнее изменение Среда, 08 Февраль 2017 10:03