198 арыз бітімгершілікпен шешілген Избранное

Пятница, 10 Февраль 2017 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3788 раз

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалындағы брифингте мәлімдеді.

sharipov sot

Н.Шәріпов шара барысында 2016 жылы сот жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат бере отырып, биыл қылмыстық істердің азайғандығын, ал, бас бостандығынан айыру 22%-дан 24%-ға өскендігін атап өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа және соған байланысты қолданылып жатқан жазаларға тоқталды. Мысалы, oсындай айыппен былтыр 81 адамға қылмыстық іс қозғалып, оларға бас бостандығынан айыру және еселенген тәртіптегі айыппұл салу жазасы қолданылған. 2016 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстық істер бойынша 270 млн 918030 теңге айыппұл салынған. Қараша айына дейін оның 93 пайызы төленген.

Брифинг барысында бұдан басқа қасақана жасалатын алаяқтық және абайсызда орын алатын жол апатының өршіп тұрғанын айтты. Одан кейін Елбасының бес басымдықтан тұратын «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығы мен өзектілігін айта келе, медиативтік немесе партисипативтік рәсімдерді қолдану арқылы келісімге келтіруде қол жеткізген жетістіктерді атап кетті. 

– Сот дауларын шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиация заңын қолдануға байланысты жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр. Есепті мерзімде бітімгершілікпен 198, медиация тәртібімен 1567 арыз шешімін тапқан. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен облыстық Ассамблея хатшылығының қолдауымен облыс әкімі жанындағы Қоғамдық келісім мекемесінде Республикада бірінші болып, медиация кабинетін аштық және бұл бастама еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тапты, – деді Нұрсерік Шәріпов.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.