Біліктілік – ең басты талап

Среда, 08 Февраль 2017 08:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4449 раз

Облыстық ауруханасының мәжіліс залында «Оңтүстік Қазақстан облысындағы мейірбикелік қызметтің жағдайы, өзекті мәселелері мен алға қойған мақсаттары» атты конференция өтті. Конференцияға өңірдің бас мейірбикелер, аудандық медициналық ұйымдардағы хирургия, анестезиология және реанимация, босандыру, балалар, терапия бөлімінің аға мейірбикелері және зертханалардың аға зертханашылары қатысты.

20170203 170711

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Мұхан Егізбаевтың бастамасымен қолға алынған шара медициналық ұйымдардағы орта буын қызметкерлерінің ұйымдастыру жұмысын жандандыру, тәжірибелік білім деңгейлерін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатын көздейді.

Облыс орталығына аудандық емханалар мен аурухананың 200-ге тарта қызметкері жиналды. Метрология басқармасынан, медицинаның басқа да салаларынан шақырылған оқытушылар теориялық бағытта сабақ өтсе, практика жүзінде мейірбикелер облыстық клиникалық ауруханадағы медициналық қызметтің жай-жапсарымен танысты. Біліктілікті арттыру сабақтары науқасты емдеумен ғана шектелмей, лабораториялық зерттеу жұмыстарына және тазалық ісіне де жоғары мән берілу керектігі түсіндірілді.

–Медбикенің біліктілігі төмен болса, ол дәрігердің еңбегін жоққа шығарады. Себебі, дерттен айығудың 80%-ы медбикелерге байланысты. Олар дәрігер тағайындаған емдік шараларды жүргізіп, науқаспен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан, ең әуелі мейірбикелар мен лаборанттардың біліктілігін жоғарылату қажет, – дейді М.Егізбаев.

20170203 170410

Шетелдерде мұндай тәжірибе жолға қойылған. Біздің елде де медицина саласының мамандары 5 жылда бір рет біліктілігін арттырып отыруы қажет. Әйтсе де, бұған дейін ауыл-аудандарда кадр жетіспеушілі, қаражат тапшылығына байланысты мейірбикенің біліктілігін арттыру мәселесі кейінгі орынға шегеріле беретін. Медициналық технологияның жаңа түрлері облыстың барлық емханасы мен ауруханасында табылғанымен оларды пайдалану жағы кенжелеп тұратын. Мейірбикелер жаңа әдіс-тәсілдерді меңгере алса, қызмет көрсету сапасы да ілгерілеп, бір техника бірнеше маманның жұмысын жеңілдетері сөзсіз. Ал кадр тапшылығына байланысты мәселені шешуге болатынын М. Егізбаев журналистерге берген сұхбатында айтып өтті.

– Бір ғана Мақтаарал ауданында 8 бас дәрігер, 8 емхана, аурухана бар. Олар тікелей облыстық департаментке қарайды. Тіпті, кейбір аймақтарда «сізді басқа дәрігер қарауы керек» деп, науқасты емхана мен ауруханалардың арасында сабылып жүруге мәжбүр етеді. Егер аудандағы емханалар мен ауруханалар біріктірілсе, онда ең әуелі медициналық техниканың жетіспеуіне қатысты мәселе оң шешімін тауып, кадрлық тапшылықтың да алдын алған болар едік, – дейді департамент басшысы.

М.Егізбаев мұндай оқу-әдістемелік сабақтарды алдағы уақытта жалғастыруға ниетті екенін жасырмады. Облыстан 150-ге жуық медицина саласының мамандары бұған дейін де Түркия еліне барып тәжірибе жинақтап қайтқан. 

– Жақында ғана біз «Қазақстан – Түркия инвестициялық форумында» бірлескен меморандумға қол қойдық. Сол келісімнің аясында дәрі-дәрмек өндіру, жаңа медициналық техника мен технологияны игеру, тәжірибе алмасып, білім арттыру мақсатында іскерлік байланысты жалғастыратын боламыз. Түрік делегациясы наурыз айына қарай Шымкент қаласында халықаралық медициналық форумын ұйымдастыруға ниет білдіріп отыр. Содан кейін біздің мамандарды медициналық білімін жетілдіру үшін Түркия елінде өтетін оқу-әдістемелік сабақтарына жіберу жоспарымыз бар, – дейді Мұхан Егізбаев.

Ия, заман талабына қарай маманға да талап күшейіп келеді.

Последнее изменение Среда, 08 Февраль 2017 08:59
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.