Кәсіпкер кедергіге кезіксе...

Среда, 26 Февраль 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 262 раз

Шымкент қаласы «Қайнар» бизнес орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен бизнес өкілдері арасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен жобаларын сүйемелдеу бойынша меморандумға қол қойылды.

 DSC9067

Осы шараға орай Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев журналистерге берген сұхбатында былай деді: «Қазақстанда бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғау, жобаларын жүзеге асыруда кедергілерді жою мақсатында арнайы шаралар қабылданды. Біздің осы жобамызға сәйкес егер кәсіпкер қандай да бір әкімшілік кедергілерге тап болса немесе уәкілетті орган өкілдерінен қысым көрсе біздің департаментке хабарлассын.

Біз соған қарай тиісті шаралар қабылдап, жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыратын боламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің осынау бастамасы аясында Шымкент қаласында жалпы сомасы 55 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба қорғалды. Ал тұтас республикаға келсек, 12 триллион теңгені құрайтын 412 жобаның сәтті іске асырылуын сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган өз міндеттемесіне алды.

Меморандумға қол қоюдағы мақсат—тек бизнестің құқығын қорғау ғана емес, сонымен қатар, кәсіпкерлерге де бизнесті әділ әрі адал жүргізуге жауапкершілік жүктеледі».
Департамент өкілінің айтуынша, соңғы 3 жыл аралығында Шымкент қаласы бойынша елуден астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Және бизнес өкілдері көп жағдайда әкімшілік кедергілердің ішінде жер алу, құжаттарын ресімдеуге қатысты проблемаларға кезігіп жататыны сөз болды.

Іс-шара барысында 4 компания, атап айтқанда: желатин және тері бұйымдарын жасаушы «Ongud group co.ltd» ЖШС, аяқ киім өндіруші «Закиржан 2019» ЖШС, ионалмасушы шайыр шығарушы «Казхимпром Реагент» ЖШС және дайын тоқыма бұйымдарын өндіруші «Kz group jnd» ЖШС жемқорлыққа қарсы департаментпен өзара байланысты кұшейту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойды.

Сонымен бірге жиында «Shymkent» СТК, «Kazakh Invest» ҰК АҚ және Кәсіпкерлер палатасының өкілдері сөз сөйлеп, іскер азаматтарды, компания басшыларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Мәселен, Шымкент қаласы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Д.Дәрменнің мәлімдеуінше, былтыр шаһардағы бизнес өкілдері тарапынан 220 өтініш келіп түссе, соның 193-і қаралып, 75-і оң шешілген. Жалпы бизнесмендердің қорғалған құқығы ақшалай есептегенде 854 млн. теңгені құрады.

Кәсіпкерлер палатаға көбінесе негізсіз төлемдерге байланысты шағымдарын арқалап келген. Осыған орай бүгінде аталмыш ұйымда арнайы сайт іске қосылған. Сол арқылы кәсіпкер проблемасының қалай шешіліп жатқанын күнделікті сайттан көріп, бақылап отыруға мүмкіндігі бар.

Ал «Kazakh Invest» ҰК АҚ-ның аймақтық директоры и.Копайлов Шымкент республикада ғана емес, Орталық Азияда да инвестициялық орталыққа айналуы тиіс деген пікір білдірді. Оның пікірінше, бұл мақсатқа жету үшін мегаполистің толық мүмкіндігі бар көрінеді. И.Капойловтың сөзіне сенсек, қазірдің өзінде шаһарда әрқайсысы 1 млрд. теңгеге бағаланған 15 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда