Зергерлік өнер халық қазынасының сарқылмас байлығы

Понедельник, 15 Июль 2024 11:57 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2249 раз

Зергерлік өнер – қазақ қолөнерінің бір түрі. Өнердің бұл түрі Ұлы дала елінің сән-салтанатын, байлығын, биік талғамын көрсетеді. Қазақта «Зергер адам – зерделі адам» деген жақсы мақал бар.
Зергерлік – жалпы адамзатты, оның ішінде жас жеткіншектерді сұлулық пен әсемдікке құштарлыққа, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейтін өнер. Өйткені, зергердің қолынан шыққан бұйымдардың бәрі – сәндік, әсемдік заттары.

Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Әсіресе, соның ішінде түрі мен мән-мазмұны жағынан аса бай болып келеді. Осы зергерлік өнердің шоқтығы биік тұр деуге болады. Өйткені мамандар оның күрделі әрі қиын сала екенін айтады. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.

Қазақстан аумағында техникалық және көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде-ақ пайда болған. Елімізде жүргізілген археологиялық қазбалар көне зергерлер шеберлігінің жоғары деңгейде болғандығына дәлел болады. Мысалы, қалыптау, нақыштама, түйірлеу, әшекейлеу техникасында жасалған әйгілі Шілікті бұйымдары (б.з.д. VII-V ғғ.), аң стилінде жасалған, алтын пластиналармен әшекейленген Есік жауынгерінің киімі (б.з.д IV-III ғғ.). Аң стиліндегі үздік үлгілерді мұра қылып қалдырған көне берелдік шеберлер де өз өнерлерімен (б.з.д. IV-III ғғ.) таңқалдырады. Жетісудан жануарлар - таутеке, ілбісін, қабан, бейнесі бедерленген мыс қазандар мен ғибадат бұйымдары (б.з.б. V-IV ғғ.), әйелдердің алтын бас киімі (Қарғалы қазынасы, б.з.б ІІ- б.з. ІІ ғғ), жарқырауық тас орнатылған сырғалар (Ақтас-1 қорымы, б.з. ІІ-V ғғ.) табылған. Ерте көшпенділердің зергерлік өнері жоғары деңгейге дейін жетті. Ерте көшпенділер дәуірінің зергерлері шеберліктерімен және терең қиял-түйсіктерімен таңқалдырды. Олар дайындаған сәндік бұйымдар ғажап болды. Сонымен қатар, олар көшпенділердің дүниетанымдарының көрінісі де болып табылады. Ежелгі көшпенділер тек киімді ғана емес, өздерінің аттарын, қаруларын, тұрмыстық заттарын да сәндеген. Зергерлік бұйымдарға құштарлық барлық жерлерде де болды. Олардың ішіндегі ең сәнділері, әрине патша зираттарынан табылды.

Қазақ зергерлері қашан да металдың сұлулығын баса көрсетудің шеберлері болған. Зергерлік бұйымдарды жасауда қолданылған негізгі материалдар алтын мен күміс болған. Бұл металдардың табиғи иілгіш қасиеттері мен төмен температурада балқуы зергерлік істе өңдеудің әр алуан техникалық тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік берді. Уақыт өте келе зергерлік бұйымдарды дайындау технологиясы күрделене түскеніне қарамастан, оларды сәндік безендіру тәсілдері де көбейді, ал зергерлік өнердегі қолмен өңдеудің негізгі тәсілдері елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Сонымен қатар, қазақ зергерлері туындыларында еуропалық зергерлік ісіндегідей шикізаттың құндылығы, пішіндердің күрделілігі мен техникалық тәсілдердің алуандығы емес, ең алдымен өрнектеп сәндеу ерекше мәнге ие бола бастады. Тастардың пішіні, орналасуы, үйлесілімділігі, композициясы – барлығы дуалы мән-мағынаға ие болды. Тіпті, күмісті таңдаудың өзі кездейсоқтық емес, көне нанымдарға сәйкес ол емдік және қорғаушы қасиеттерге ие. Әрлеу үшін жартылай асыл тастар: көгілдір ақық, маржан, ақық, нефриттер жиі пайдаланылды. Бірақ, отбасына береке, бақыт пен тыныштық, ал өз иесінің денсаулығын мықты етер және көз тиюден сақтайтын тас – ақық ең таңдаулы болды және осы күнге дейін солай болып қала бермек.

Қазақ зергерлік бұйымдарының тағы бір ерекшелігі – олардың барлығының дерлік белгілі бір киім үлгісімен байланысты болуы және жас ерекшеліктерімен шектелгені. Мұндағы әйелдердің әшекейлері мен олардың әйелдің жасына қарай өзгеру динамикасы қызығушылық туғызды.

Дәстүрлі әйел әшекейлерінің көптеген үлгілерін шынайы көркемдігі мен өзіндік айшықтары ерекшелейді. Олар ұлттық киімнің басқа ерекшеліктерімен (материал, сыртқы киімнің үлгісі, бас киімдер мен аяқ киімдердің пішіндері мен оларды кию тәсілдері) бірге біріңғай ансамбль құрай отырып, оған көркемдік пен ұлттық нақыш беріп тұрады. Қазақ әйелінің өмірінде зергерлік әшекейлер маңызды рөл атқарды. Оларда адамның сұлулыққа деген мәңгі ынтызарлығы, бақытқа деген үміті, бәле-жаладан, аурудан қорғай алатын табиғаттың ғажайып күшіне деген сенімі бейнеленді. Көне зергерлік бұйымдарға қарай отырып, бойжеткеннің күлкісін, қоңыраудың сыңғырын, ананың бесік жырын естуге болады. Бұл тамаша төл жауһарлардың барлығы немесе әрқайсысы қазақтың шексіз даласының тынысын білдіретіндей.

Раушан ТҰРАНОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің
кіші ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.