Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде денсаулық сақтау саласының мамандарына құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын барысында бірқатар еңбегі ерен жандарға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің наградасы, қала әкімі және мәслихаттың арнайы алғыс хаттары табысталып, ыстық ықыласқа бөленді. Ақ халаттыларды кәсіби мерекемен құттықтаған қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қоғамда медицина қызметкерлерінің орны әрқашан маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
–Халықтың саулығын жақсартуда, сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз орасан. Кез келген төтенше жағдайда, қауіпті індетпен күресте, апат кезінде алдыңғы шепте қызмет ететін медицина мамандарының еңбегі ерлікке тең. Қаламыздың денсаулық сақтау саласында атқарып жатқан өнегелі істеріңіз жемісті болсын. Сіздердің ерең еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымды білдіремін, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Бүгінде Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 37 жеке меншік медициналық орталық бар. Стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3 533 төсек-орында және 25 жеке меншік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетіп жатыр. Ресми деректерге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 15 256 адамды құрайды, оның 4 760-сы дәрігер, 10 496-ы орта медицина қызметкерлері. Жиында сөз алған қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов халықтың денсаулығын сақтауда медицина саласында қызмет етіп жатқан техникалық, санитарлық қызметкерлердің де үлесі зор екенін атап өтті.
–Емдеу саласы сағаттың механизімі іспеттес. Медицина бағытында қызмет жасап жүрген әр маманның өзіндік орны бар. Мәселен, жедел жәрдем қызметі көлігі жүргізушісінің қолында бір адамның өмірі тұрады. Тағы бір техникалық қызметкердің өзі ісінің білікті маманы болуы күрделі оталардың сәтті шығуына алып келеді. Сондықтан да медицина саласында қызмет етіп жүрген санитарлар мен техникалық қызметкерлер, оның ішінде жүргізушілер, кіші медициналық персоналдар мен барша дәрігерді қалалық мәслихаттың депутаттары атынан кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді Б.Нарымбетов.
Шымкенттің денсаулық сақтау саласының жеткен жетістіктері зор. Қаладағы медициналық ұйымдарда 2022 жылы ересектер үшін онкогематология, нейрохирургия бөлімшелер ашылған. Онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды. Шымкент қаласы бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық төсек-орын көбейтіліп, диабеттік табан бөлімшесі ашылды. Салтанатты жиында осылай деген қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мұндай жетістіктің артында білікті мамандар тұрғанын тілге тиек етті.
–Шымкенттің денсаулық сақтау саласы білікті мамандарымен үздік. Қаламызда кардиология мен онкологияны емдеу ісі өзге өңірлерге қарағанда жақсы дамыған. Ол да білікті дәрігерлеріміздің жемісті еңбегінің нәтижесі. Биыл Шымкент қаласының жедел жәрдем дәрігерлері Қазақстан бойынша үздік атанды. Үшінші мегаполистегі жедел жәрдем станциясының командасы, жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық сайысында біліктіліктерін дәлелдеп, бас жүлдеге ие болды, – деп атап өтті қаланың бас дәрігері.
Мерекелік кеште аянбай еңбек еткен 80-ге жуық медициналық қызметкер мен ардагер дәрігерлер марапатталды.
Маржан ДӘУРЕНҚЫЗЫ