МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ САПАЛЫ ӘРІ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ Избранное

Среда, 21 Август 2024 05:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 204 раз

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы базасында қала халқымен кездесіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің жұмыс сапары аясында халықпен кездесулер, азаматтарды жеке қабылдау және БАҚ өкілдеріне баспасөз-брифинг өткізілді.

medisina

 

Т.Сұлтанғазиев қала тұрғындарымен кездесуде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін күшейту, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін нығайту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту, кадр саясаты бағытындағы жұмыстардан хабардар етті.
Атап айтқанда, ол елімізде ең көп сұранысқа ие 5 мамандыққа терапевтер, гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, хирургтар және рентгенологтар кіретінін атап өтті. Бірінші вице-министрдің айтуынша, соңғы 3 жылда қалалар мен ауылдардағы дәрігерлердің тапшылығы азайып келеді. Өткен жылы медицина қызметкерлерінің тапшылығы 4800 адамды құрады, оның 3700-і қалаға және 1100-і ауылдық жерлерге тиесілі.
–Біз дәрігерлердің тапшылығы 2022 жылмен салыстырғанда 23 пайызға азайғанын және бұл көрсеткіштің жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көріп отырмыз, – деді Сұлтанғазиев.
Қазіргі уақытта халыққа медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау жүйесінде жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта елімізде 21 нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілген болатын.
Биыл наурыз айынан бастап елімізде «Бір күндік клиника» жобасы ашылған еді. Шымкент қаласындағы перинаталдық орталықта да осы жоба іске асырылды. Жаңа жүйе жүкті әйелдерді толығымен ультра-дыбыстық зерттеулерден өткізуді бір күнде, бір жерден қамтамасыз етуді мақсат еткен.
Сондай-ақ, Тимур Сламжанұлы денсаулық сақтау саласындағы медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын нығайту, кадрлық тапшылықты азайту үшін қосымша ынталандыру шаралары, тағы басқа өзгерістерге тоқталды.
Жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков 2024 жылы 7 айда атқарылған жұмыстарды және цифрландыру бағытындағы оң өзгерістерді баяндады.
Халықпен кездесуден кейін Тимур Сұлтанғазиев жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін өткізді. Онда МӘМС жүйесін жақсарту, емханаларды медициналық техникамен жарақтандыру, емханаларда кезектер санын азайту және тағы басқа мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
Одан әрі қарай бірінші вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.