АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ НЕЛІКТЕН 11 ЖАСТАН БАСТАП ЕГІЛЕДІ? Избранное

Понедельник, 30 Сентябрь 2024 08:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 169 раз

Соңғы жылдары елімізде жатыр мойны обырына шалдыққан әйелдер саны артып келеді. Онколог-дәрігерлердің мәліметінше, ол дерт сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр екен. Оған кеселдің «жасарып», қыз балалар арасында анықталып жатқан жағдайлар жиі кездесіп жүр. Қоғамда онкология десе, қорықпайтын адам жоқ. Сондықтан бүгінде мұның алдын алудың бірден-бір жолы – екпе. Ал жатыр мойны қатерлі ісігін тудырушы негізгі фактор – адам папиллома вирусы. 2024 жылдың күз айынан бастап елімізде 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады бастады. «Адам папиллома вирусы» дегенеміз не, ол неліктен 11 жастан асқан қыздарға егіледі? Осы сауалдарға жауап берсем.

Адам папиллома вирусы – адамның терісін және шырышты  қабаттарын зақымдайтын вирус түрі.  Қазіргі  таңда  аталған вирустың 200 астам түрі анықталып, тіркелген. Вирустар 14-тен астам түрі жоғарғы онкогенді қауіп тудырады. Бұл вирус көбіне терінің шырышты қабаттарында дамитындықтан, обырмен асқыну қауіпі жоғары. Әсіресе, жатыр мойнының обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйел адамның папиллома вирусын жұқтыруымен байланысты.

Әлемдік медицинада тәжірибе көрсеткендей, жаппай АПВ қарсы екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі - 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің басталғанға дейін жаппай егу мақсатында таңдалды. Ең дұрысы, әйел заты жыныстық қатынасқа бармай тұрып вакцинаны алуы керек. Жалпы адам папиллома вирусы тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар мен жыныс жолдары арқылы жұғады. Әсіресе, вирус ылғалды ортада тез таралуға бейім. Бала туу кезінде, вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде берілетін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан қоғамдық орындарда сауна, монша, спорт залдары, дәретханалар, бассейндерге барғанда сақтық шараларын ұстанып, өзіңізді ұқыпты ұстағаныңыз абзал.

Екпенің қауіптілігі жайында алып-қашпа әңгімелер бар. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде АПВ-на қарсы егілген вакциналардың ешқайсысы жағымсыз реакциялар тудырмаған.

Вакцина 2006 жылдан бері әлем бойынша 100 млн аса адам алған, 270 млн доза вакцина қолданылған. ТМД елдері бойынша адам папиллома вирусына қарсы екпе Армения, Грузия, Молдава, Түркіменстан, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінде күнтізбеге енгізіліп, қолданылауда. Әлемнің 135 елі АПВ қарсы екпені күнтізбеге енгізген. АПВ белгілері көбінесе клиникалық көріністері байқалмауы мүмкін. Көп жағдайларда дерт скрингингтің тексерулер кезінде анықталып, ем-дом кеш жүргендіктен, өлім-жітімге соқтырады. Аурудан қорғанудың жоғарыда атап өткендей бірден-бір жолы – вакцинациялау. Вирусына  қарсы егу тегін жүргізіледі. Аталған екпе ата-ананың рұқсат қағазына қол қойылғаннан кейін ғана салынады.

Ұлт саулығы әйел адамының денсаулығына тікелей байланады. Сол себепті қатерлі дерттің алдын алу үшін екпе салдырып, тиісті шараларда белсенді болған абзал.

А.ҚЫЛЫШБАЕВА, Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.