ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2024 06:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 272 раз

немесе италияндық инвесторлар шымкенттік бизнесмендермен серіктестікке дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» деп айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау жолында Шымкент қаласының әкімдігі ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Бұған дейін қытайлық және түркиялық инвесторлардың қатысуымен ірі инвестициялық жобалар іске асырыла бастағанын хабарлаған едік. Енді Шымкентке инвестиция құйып, өнеркәсіпті дамытуға Италиядан келген инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Міне, осылайша Шымкенттің әртүрлі шет мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастығының көкжиегі кеңейіп келеді.

yntymaq

Тарқатып айтар болсақ, жақында Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Италияның Милан қаласының индустриаландыру қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана, Шымкент креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Жанна Байтелиева, қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының жетекшілері, «Shymkent» ӘКК» өкілдері, қолөнершілер мен кәсіпкерлер қатысты.

Бауыржан Берікұлы алдымен Кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы шаралар туралы қысқаша баяндап, Италия мен Қазақстанның арасындағы іскерлік байланысқа тоқталып өтті.
«Италия Қазақстанның экспорт бойынша басты серіктесінің бірі саналады. 2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 14 млрд долларға жуықтады, оның ішінде Қазақстаннан Италияға экспорт көлемі 12,9 млрд долларды құрады. Қазақстанда Италияның қатысуымен 251 компания тіркелсе, соның екеуі Шымкентте жұмыс істеп тұр», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.
Шымкент қаласының креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Ж.Байтелиева осы кездесуді ұйымдастыруға көмектескені үшін Палата өкілдеріне алғысын білдірді.
«Креативті индустрия қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы және «Shymkent» ӘКК» АҚ басшылығы арасында меморандум түзіліп, өзара әріптестік орнаған. Бүгінгі кездесу сол әріптестіктің бір көрінісі. Шымкенттік кәсіпкерлерге енді шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Сол үшін сонау Милан қаласынан қонақ шақырып отырмыз», – деді ол.
Бұдан кейін Милан индустриаландыру қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана сөз алып, өз қаласының мүмкіндіктері мен жетістіктері туралы баяндап берді.
«Қазақстанның экономикалық әлеуеті туралы таныспыз. Барлық саласы, оның ішінде тоқыма, жеңіл өнеркәсіп салалары да қарқынды дамып келеді. Осыған орай, біз сіздерді тікелей әріптес болуға шақырамыз. Мысалы, сіздерде креативті индустрияда қолданылатын былғары илеуге қажетті тері, мата тоқитын жіп, мақта сияқты шикізаттар жеткілікті. Ендеше, сол теріні шетелде емес, өздеріңізде де өңдеп, былғары шығаруға қажет техникаларды, құрылғыларды жеткізіп бере аламыз. Осылайша дайын өнім шығарудың толық циклі өздеріңізде болады», – деді Урсу Лилиана.
Жиын барысында тараптар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдіріп, өзара әріптестікті нығайту бойынша жан-жақты мәселелерді талқылады. Соның ішінде миландық іскер топ өкілінің жергілікті «Azala Cotton» компанияның тоқыма жіптерін сатып алуға қызығушылық танытуы жергілікті өнім өндірушілер үшін үлкен қолдау болмақ. Өз кезегінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Италияда шымкенттік музейлердің көрмесін ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді.
Инвестиция тарту, туризм саласын дамыту бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға қойған басты талаптарының бірі. Бұл жөнінде
Президент өзінің өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын.
«Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді» десе, креативті индустрия жайында «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен, дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деп айтқан еді.
Осы ретте инвестицияға тоқталсақ, мегаполисте бұл салада үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде шаһарда үш ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Айталық, Орта Азияда ең ірі саналатын жылыжай кешінінің құрылысы. Мұнда өндірілетін өнімдер келешекте еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша стратегиялық мақсатын орындайды. Одан өзге маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып, соның есебінен баға шарықтап кететін. Енді жергілікті нарықта отандық өнімдер жеткілікті дәрежеде болғандықтан өнім тапшылығы туындамай, нәтижесінде сұраныс бағаны өсірмейтін болады. Оның үстіне қала іргесінде сауда-логистикалық орталығы жобасы қолға алынып, соның аясында заманауи қоймалар салынып жатыр. Болашақта сырттан келетін, өзімізде өндірілген өнімдер сол қоймаларда сақталып маусымаралық кезеңде ішкі нарықта ауыл шаруашылығы өнімдеріне ешқандай тапшылық тудырмайды. Екінші, ірі жобаның бірі – кока-кола өндірісі. Осы күнге дейін алкоголсіз сусын Алматыдан тасымалданып келді. Осы сусынды шығарушы шетелдік компания қала іргесінен үлкен зауыт ашып, кока-кола Шымкенттен шыға бастады. Бүгінгі таңда жергілікті нарықтың өзінде бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Жыл сайын еліміздің оңтүстік өңірінде тұратын халық мыңдаған литр кока-кола тұтынады. Енді шымкенттік сусын сол жергілікті нарықты өзі қамтамасыз ететін болады. Бұл кәсіпорын да Қазақстан экономикасына үлкен пайда әкеліп отыр. Оның ең басты табысы – жергілікті жердің азаматтарын жұмыспен қамтуы. Себебі, осы өндіріс орны ашылғалы оған шаһардан қаншама жергілікті маман мен қарапайым жұмысшылар еңбекке тартылды. Үшінші, тағы бір маңызды жоба ретінде жуырда ғана тұсауы кесілген керамогранит зауытын айта аламыз. Бұл инвестициялық жобаның бір артықшылығы, шетелдік компания кәсіпорынды бастан-аяқ салып, іске қосуға өз қаражаты есебінен инвестиция шығарды. Ал, ол дегеніміз миллиардтаған ақшалар. Елімізге келіп жатқан көптеген инвесторлар тікелей қаражат құя бермейді. Сондықтан отандық қаржы капиталының үлесі іске қосылады. Ал, керамогранит өндірісі жобасына шетелдік инвестор жеке өзі қаражат жұмсап отыр. Бұл көптеген жайтты аңғартады. Ең біріншіден, елімізде саяси тұрақтылықтың барын білдіреді. Себебі, инвесторлар саяси тұрақсыз елдерге ешқашан қаражат салмайды. Екіншіден, тұрақты экономикалық өсім мен инвесторларға жасалған жайлы жағдайды көрсетеді. Осы жағынан келгенде Шымкентте инвесторларға өте үлкен қолдаулар мен жәрдемдер беріледі. Бүгінгі таңда қалада индустриалды аймақтар бірінен-кейін бірі салынып жатыр. Ол жерде сондай-ақ, осы күнде көптеген жаңа зауыттар бой көтеріп келеді. Мемлекет тарапынан индустриалды аймақтарға инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдар тегін тартылады. Әрбір зауыттың алдына дейін жеткізіледі. Сонымен бірге, индустриалды аймақтан зауыт ашқан инвесторға салық жағынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған.
Италияндық іскер топ өкілі айтып өткендей, расында да мегаполис жеңіл өнеркәсіпті дамытып, еліміздің ең ірі орталығына айнала алады. Өйткені, оған барлық мүмкіндік бар. Ең басты керегі шикізат десек, ол іргедегі Түркістан облысында өндіріледі. Онсыз да шетелге өнімін саудалап жатқан түркістандық кәсіпкерлердің «ақ алтыны» Шымкенттің фабрикаларында терең өңделсе, одан дайын тауар шығарып бағасын өсірген Қазақстан экономикасы тек ұтатыны сөзсіз. Оның үстіне шаһарда тек жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығаруға арналған арнайы экономикалық аймақ бар. Сол жерде елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелге де экспортталып жатқан небір кілем, шұлық, мата басқа да тоқыма бұйымдары шығарылады. Яғни, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға Шымкентте өндірістік негіз қалыптасқан, сондай-ақ, жұмыс қолы да жеткілікті, әрі тиісті мамандардан да анау айтқандай тапшылық жоқ. Себебі, қаладағы кәсіпорындар жергілікті жоғары оқу орындарымен, техникалық колледждермен арнайы келісімшарт түзіп, сол бойынша дуальді оқыту жүйесі негізінде студенттерді заманауи қондырғыларда жұмыс істеуге үйретіп жүр. Жақсы нәтиже көрсеткен шәкірттер келешекте оқуды аяқтаған соң сол кәсіпорындарда жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері мол. Осы жетістіктерге қарап, мегаполистің негізгі капиталға инвестиция тарту, экономикалық тиімділігі жоғары бірлескен жобаларды іске асыру жағынан әлеуеті өте жоғары деп айта аламыз. Бұл тұрғыда Президент тапсырмалары Шымқалада орнықты жүзеге асырылып келеді.

 

Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Последнее изменение Пятница, 11 Октябрь 2024 06:51
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.