ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫМДА СӨЗІМ ҚАЛСА

Среда, 14 Сентябрь 2022 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1006 раз

Асанбай Асқаров ел басқарған азамат қана емес, ғалым, тарихшы, қоғамтанушы-зерттеуші. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Асанбай Асқарұлы – «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және көптеген тағы басқа да кітаптардың авторы. Жазушының қаламынан туындаған жыр жолдарын ұсынамыз.

 

ҚАРА НАН

Интернатта қара нанды жеп едім,
Бірақ оны қара екен демедім.
Аш кезіңде татқан дәмің бір басқа
Оның дәмін әлі ұмытпай келемін.
Түрмеде де неше түрлі бар адам.
Қорегіміз-бидай ботқа, қара нан.
Тойып жесек арманымыз болмайды,
Сол арманға жетпей жүрміз қалаған.
Шәй дегені атала су, жоқ шара,
Аш болсаң да өзіңді-өзің тоқ сана.
Қажымаған, қайғырмаған, сыр берме,
Жыламағын, мейлі ұрып-соқса да.
Қиналамын бұл Алланың ісіне,
Түбіне мен жете алмаймын түсіне.
Осы жерде аман-есен жүргенім,
Деп ойлаймын қара нанның күші деп.

БІР АУЫЗ СӨЗ

Бір ауыз сөз қиялымды тербейді,
Бір ауыз сөз дертіңді де емдейді,
Бір ауыз сөз оқ боп тесіп жүректі
Екінші рет тұрмастай боп жерлейді.
Бір ауыз сөз бойыңа күш береді,
Бір ауыз сөз адамзатқа керегі
Бір ауыз сөз күшің қандай керемет,
Мән-мағынаң неткен сенің көп еді.
Бір ауыз сөз маған демеу болатын,
Бір ауыз сөз мені ақтай алатын.
Бір-ақ ауыз жылы сөзді алдымнан
Күтіп жүрмін таусылардай тағатым.
Бір ауыз сөз азық болар жаныма,
Бір ауыз сөз жетпей жатыр тағы да.
Қайта айтамын, күтіп жүрмін сағына
Бір ауыз сөз айналардай бағыма.

***
О, Тағдыр, енді қай жаққа,
Қай жаққа мені бастадың.
Мезгілсіз мынау бей уақытта
Келеді қайда тастағың?!
Бақ-дәулет бастан қашты ма,
Әп-сетте ... осы қас-қағым.
Айналып барып, астыма,
Астыма түсті аспаным.
Дөңгелеп дүние,
Жер беті
Бара ма көшіп ...
Білмеймін ...
Көремін қайтып ел бетін,
Өзімді енді кім деймін?
Кім деймін енді өзімді,
Кімге айтам ақтық сөзімді,
Амалсыз торда жатырмын,
Сабыр ғып жанға төзімді.
Төзімім жетсе шыдаймын,
Жәрдем бер маған, Құдайым,
Ақтығымды әбден дәлелдеп
Құласам бір-ақ құлайын!

ӨЗ БЕТІМШЕ ӨШПЕСПІН

«- Өз бетімше өшпеспін,
Өшпеймін мен өмірден.
Жоғарыдан келмесе ,
Зорлық-тажал!»,-дедім мен.
Безетұғын өмірден
Айырылғам жоқ сенімнен.
Жасыратын сырым жоқ
Өсірген баулып елімнен.
«- Қанатымды қайырып,
Мұқата алмас көрінген.
Туған елден айырып,
Әкетпейсің»- дедім мен.
Қарайтын кім бар оныма,
Тастады салып торына
Кесепатты бұл жала
Кездесті білем сорыма...

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Уланудың алдын алыңыз Ұрпақтары ұлықтады »