Жеңiс сыйлаған күй

Пятница, 15 Май 2015 03:10 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4935 раз

Қалалық Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің домбыра сыныбының оқушылары жеңіспен оралды. Олар Түркия мемлекетінің Анталия қаласындағы  өнер фестиваліне қатысып қайтты. 3-10 мамыр аралығында өткен халықаралық  байқауда жерлестеріміз де бақ сынаған болатын.


20150504 1823152Оқушылар  ұлттық аспаптар бойынша халық күйлері «Кербез қыз»,  «Келіншек», «Тепеңкөк», «Кеңес» Құрманғазының «Ілме» және Қыздарбектің күйі «Сылқым қызды» қазылар алқасына ұсынды. Қазақтың қара домбырасына тіл бітірген жас өнерпаздардың өнері халықаралық сарапшылардың назарын аударды. Жібектей есілген әуен, қалықтаған саз оларды баурап алып, таң-тамаша қалдырады.  
Осыған дейін де еліміздегі республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрген оқушылардың өнері жоғары бағаланады.
Қорытындысында Айару Жандәулетқызы (жетекшісі Күлпан Өрікбай) 1 орынды жеңіп алады. Ал, Әмірхан Нұргелді (ұстазы Балжан Сапарова), Мұхаммеджан Айдарұлы 3 дәрежелі дипломмен және ұстаздары фестиваль комитетінің Алғыс хатымен марапатталады. Түркия елінен жеңіспен оралған шәкірттер мен ұстаздарының  қуанышында шек жоқ.
– Бұл – біздің саз мектебінің үлкен жеңісі. «Астана Старс» ұйымдастыру алқасының ұйымдастыруымен оқушыларымыз Түркия мемлекетіндегі «Анталия көктемі» атты өнер фестивалінде білім ордасының абыр-ойын тағы бір асқақтатты. Осындай жас жеткіншектеріміздің жетістігін әрқашан мақтан етеміз, – дейді Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің директоры Темірғали Қуандықов.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.