"Ақбілек" - Шымкентте жазылған роман Избранное

Пятница, 30 Январь 2015 05:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5066 раз

«Ақбiлек» – Шымкентте жазылµан роман

2c8326f216a87e16345c165c09674d78Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романын Шымкент қаласында жазылғанын біреу білсе, біреу білмейді.  Жазушы қазақ халқының күрделі кезеңдерін шығарма арқауына өзек етеді. Сол дәуірдегі ауыр шақ романда түйінделеді. Содан болар, Шымқалада жазылған тарихи шығарманың біз үшін орны ерекше.

Қазақ прозасының классигі, қазақ әдебиетіндегі роман негізін салушы Жүсіпбекті Қызылтау-Баянауыл елі «Оймауыттың Түсіпбегі» атаған. Алайда классик жазушының қысқаша ғұмырбаяны мен шығармаларын ғана білеміз. Ал, оның отбасы, өскен ортасы, өмір жолы сырт қалып келді. Кеңес дәуірінде қаламгерді іздеп, шығармаларын насихаттайтын адам болған жоқ.
Дерек көздеріне сүйенсек, 1926-1929 жылдар аралығында Ж. Аймауытов Шымкентте педагогикалық техникумда ұстаздық қызмет атқарыпты. (Кейбір деректерде директор болғаны айтылады). Көрнекті жазушы жұмысымен қатар, қысқа уақыт ішінде әйгілі романды жазып шығады. Қазақ тарихы мен тағылымы, ұлт руханияты шығармада жан-жақты баяндалады.

“Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар деп басталатын «Ақбілек» романы оқырманды  әп-сәтте баурап алады.  Жазушы екі жарым ай бойы роман жазады. Қартқожадан үлкендігі екі есе еңбекке Аймауытов бар ынтасын қояды. Романның жазылуы жайында  МәшҺүр Жүсiп Көпеев пен Жүсіпбек Аймауытовтың өзара жазысқан хаттарынан да аңғаруға болады.
«Таңертең сағат сегiзде тұрамын да, шай iшiп, қызметке – бала оқытуға кетемiн. Күнiне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемiн, тамақ iшемiн. Одан кейiн ұйықтаймын. Сағат алты-жетiлерде оянамын. Сөйтем де, жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгi сағат екi-үшке дейiн отырып қаламын. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Мiне, екi жарым айдай көрген өмiрiм – осы». Бұдан кейiн автор сөз еткен романының соңғы нүктесiн қойып, «баспаға жiберiп отырмын» дейдi. 
Оқытушылық қызмет атқарып, тарихи шығарманы дүниеге әкелген жазушы Шымкенттегі бұрынғы Пушкин көшесіндегі (қазіргі С. Тұрысов көшесі) №9 үйде тұрады. 1900 жылы қам кесектен салынған үй ол кезде ағарту училищесі болған екен. Алайда жазушы қолжазбаларының кітап болып басылғанын көре алмады. 1930 жылы Ж. Аймауытов жасырын «Алаш-Орда» ұйымына қатысушы ретінде қамауға алынады. Кейін ату жазасына кесіледі.
1991 жылы 1 қарашада қаламыздағы №64 қазақ орта мектебіне жазушының аты-жөні беріледі. Білім ордасының ашылуына қызы Муза Аймауытова келіп қатысады. Мектептің бұрынғы директоры, зейнеткер-ұстаз Зәуре Садақбаева Муза Жүсіпбекқызының өз үйіне тоқтағанын айтады.
– Кездесуден кейін Музаны жазушы тұрған үйге алып келдік. Әр адам үшін туған үйдің орны ерекше ғой. Көз алдына әке бейнесі келді ме, әлде балалық шағы түсті ме, ол өксіп жылады. Біз оны жұбата алмадық. Тарихи шығарма жазылған үйде қаншама сырдың жатқаны Музаға ғана аян еді...», – дейді Зәуре апай.
ОҚО саяси қуғын-сүргін мұражайының қызметкері Дариға Жарқынбайқызының айтуынша Жүсіпбектің ұлы Бектұр ақсақал қаламызға 1996 жылы келіпті. Сексен жастағы қария ол кезде Ресейдің Кемеров облысындағы Праков қаласында тұрады екен. Қалаға келген сәтінде ол көпқабатты үйлердің арасында  өзі тұрған  ескі үйге келіп, аялдайды. Ұзақ қарап, ауыр күрсінеді. Кенет қария үй қабырғасына басын қойып, егіледі. Сол үйде тұрғанын, әкесі екеуі Қошқаратаның суына барып шомылатынын айтып, еске алады. Бектұр Аймауытовтың айтуына қарағанда қуғын-сүргін зардабынан жүрегі шайлыққан ол бертінге дейін өзгеге де, өз балаларына да ұлтымыз «татар» деп, шынайы ата-тегін жасырып келіпті. Бектұр қария 2006 жылы елге оралады. Алматыдағы «Ардагерлер» үйінде тұрып, 92-ге келгенде қайтыс болды.
szh.kz-111– Жүсіпбек – тума талант. Оның жазушылар арасында шеберлігі бөлек. Шындығы сол, шығармашылықтың шыңына шыққан роман әлі күнге сиясы кеппегендей әсер қалдырады.  Ақбілектің ауыр да, аянышты халі халықтың трагедиясы болатын. Ақбілек арқылы жазушы қазақ қызының, қазақ қоғамының қиын да, күрделі өмір жолын, уақыт бедерін шебер суреттеді. Кейіпкерлерін есте қалатындай сомдады. Кескін, сөз мақамы өзгеше.  Бір сөзбен айтқанда романның жаңалығы көп болды. Тарихи шығарманың қаламызда жазылуы тектен тек болмаса керек, – дейді М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабеков роман жайлы.
Өкінішке қарай, жазушының үйі көпқабатты үйлердің тасасында ескерусіз қалады. Кейін қарашаңырақтың орнына дәмхана мен тұрғын үй салынады. Қазір С. Тұрысов атымен аталатын көшеде «Ақбілек» романы жазылған үйдің жұрнағы да жоқ. Белгілі ғалым, қаламгер Құлбек Ергөбек «Жүсіпбек тұрған «Ақбілек» туған үй еді» мақаласында кеңінен ой толғайды.
– Бәлкім бұл үйдің қалай салынғанын, Ж. Аймауытовтың тұсында, кейін оған кімдердің келіп-кететінін анықтау қиын шығар. Алайда, үйді тарихыландыру қажет. Тіпті ол құлап, жер бетінен жойылып кетсе де, орны жойылмауы тиіс. Бұл үйде 1926-1929 жылдар арасында отбасымен Жүсіпбек Аймауытовтың тұрғаны тарихи шындық, – дейді Қ. Ергөбек.
Қазақ прозасының классигі тұрған үйді сол қалпында сақтау мүмкін болмағандығы өкінішті-ақ. Әйтсе де, мұндай дәстүр орыс халқында берік сақталған. Ақын-жазушысын құрметтеп, айрықша ардақ тұтады. Мәселен, орыс ақыны Марина Цветаеваның үйі мұражайға айналған. Қазір ақынның үйі Мәскеудегі әсем ғимараттың бірі. Ал «Ақбілек» романы жазылған тарихи орынды сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу парызымыз?!

Последнее изменение Вторник, 03 Февраль 2015 14:22
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.