«Қазақтың келiнi болғанымды мақтан тұтамын»

Пятница, 16 Январь 2015 04:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5784 раз

MrtynwenkoҚазақ әндерін әуелеткен Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская аға буынның есінде. Кезінде ана тілімізде ән шырқап, домбыра тартқан «Үш Татьянаны» жұрт сүйіп тыңдады. Олар тек қазақша ән айтып қана қойған жоқ. Осы тілде емін-еркін сөйледі. Құрылған топ қазақ өнеріне өзгеше леп әкелді. Олардың өнерге алғашқы қадамы «Тамаша» ойын-сауық отауында кесілді. Кейін елдің ықыласына бөленген әншілер отыз жылға жуық сахнаға шыққан жоқ. Қазір әйгілі топтың өкілдері қайда жүр? Жуырда шымкенттік Татьяна Мартыненкомен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Татьяна Владимирқызы, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен және жетекшілік етуімен Қазақстан Халқы Ассамблеясына биыл 20 жыл толып отыр. Татулықтың тұғыры болған ассамблея жайында не айтасыз?

– Қазақ қашан да бауырмал халық. Қай ұлтқа болсын,  туысындай төрінен орын береді. Сондықтан өңіріміздегі этнос өкілдері өзін «басқа ұлтпын» деп ойламайды. «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті» деп Елбасымыз айтқандай елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің тегіне, тіліне шектеу жоқ. Әр ұлттың өз тілін, тарихын оқып білуге, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік жасалған. Мұның бәрі ұлттардың этносаралық келісімі мен теңдігіне негізделген Елбасымыздың мемлекеттік саясатының арқасы екенін жақсы білемін. Биылғы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында мерекелік шараларға қатысуға шақырту алдық. Президент әкімшілігінің ұсынысымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай  «Үш Татьяна» концерт беруді жоспарлап отыр.

– Кезінде үш Татьянаның әнін сүйсініп тыңдамаған жан болмаған шығар?! Қазір қайдасыздар?

– Бүгінде Татьяна Бурмистрова дәрігер болғанымен, ұлттық өнерімізді дәріптейтін орталықтың жетекшісі қызметін атқарады. Ал, екінші Татьяна Ресейде музыка пәнінің мұғалімі. Өзім Шымкентте «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет етемін. Біздің көрінбей кеткенімізге көпшілік өнерді тастады деп ойлайды. Қазіргі таңда уақытымды балалар тәрбиесіне арнап жүрмін. Кейде барлық шаруаны ысырып қойып, шығармашылықты ойлайтын кезім де болады. Бірақ, өнерді емес, отбасын таңдадым. Жанұямды бәрінен жоғары қойдым. Жолдасым – тірегім болса, балаларым жүрегім ғой...

– Әлі күнге республика жұртшылығы үш Татьянаны жақсы біледі. Сіздердің бас қосып, сахнадан көрінулеріңізге кім ықпал жасады?

– Біздің өмірімізді өнер тоғыстырды. Шындығында үшеуміздің «Татьяна» болуымыз бір ғанибет болды. Алғаш Бурмистрованы теледидардан көріп жүрдім. Шынымды айтсам, телеарнаға түсіп, ән айтамын деген мақсат болған жоқ.  Мен өнер иелері Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сынды жұлдыздарды тәрбиелеген Шымкенттегі Мәдениет және өнер институтында оқитынмын. Оқу орнындағы танымал «Фараби сазы» ансамблінің мүшесі едім. Институт басшылығы телеарна басшылығымен шығармашылық байланыста болатын. Бір күні «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсетуге шақырту алдым. Сол концертте Татьяналармен танысып, үшеуміз сахнаға бірге шықтық.
Кейін мерекелік концерттерде ән шырқап жүрдік. Ресми шаралардың бәрі үш Татьянаның қатысуынсыз өтпейтін. Кеңестік дәуір болғанымен, өнер мен мәдениетке жанашырлық басым болатын. Алайда 5-6 жылдан соң, әрқайсысымыз өз жолымызбен кеттік. Себебі, үшеуміз де, кәсіби әнші емес едік.

– Біріңіз Алматыда, біріңіз Шымкентте, енді біріңіз Мәскеудесіздер. Жиі хабар алысып тұрасыздар ма?

– Таня Полтавская күйеуге шығып, Мәскеуге кетті. Елден жырақта болған соң, 20 жылдай хабарсыз кеттік. Ал, Татьяна Бурмистровамен жақын араластым. Кейін онымен де  байланыс үзілді. Сөйтіп біраз уақыт хабарсыз қалдық.

– Есіміңіз елге танылған тұста, қазақ отбасына келін болып түстіңіз. Сізді жолдасыңыздың отбасы қалай қабылдады?

— Жастайымнан қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, бірге өстім. Қазақ тілін жақсы білгендіктен болар, әңгімемнен ерекшелік те байқалмайды. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білемін. Әрі қазақтың қыз-жігіттерімен жақсы араласамын. Анам: «Сен қазаққа тұрмысқа шығасың-ау. Орыс жігіттері көз салмайды саған» деп әзілдейтін.
Сол кездері насихат бригадалары (агитбригада) болатын. Сол агитбригада, полит бригадалармен бірге ауылдарда концерт қоятынбыз. Күйеуім Сәкен облыстық комсомол комитетінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін. Танысып, араласып  жүріп отау құрдық. Бірақ анам қазақ отбасына келін болуыма  қарсы болды. Мен: «Сол жігітке тұрмысқа шықпасам, мүлдем күйеуге тимеймін» – деп тұрып алдым. Анамның келісімімен, Сайрам ауданы, «Ленин жолы» совхозына келін болып түстім. Ауылда өсіп, сүйіп қосылған соң, отбасының заңына бағынасың. Түтініңді түзу түтетуге тырысасың. Соған қарамастан «әртіс қыз келін болып жарыта ма» деп сынағандар көп болды. Біз үйленген алғашқы жылдары енем мен анамның сөйлескенін көрсеңіз ғой… Комедия деуге болады. Анам қазақша, енем орысша білмейді. Үлкен ұлым Тимурды екі апасы бір-бірін  ыммен түсініп жүріп тәрбиеледі. Өсе келе ұлым апаларына аудармашы болды. Екі ұлым да қазақ мектебінде білім алды. Ал, қызым Диана орыс мектебінде оқиды.

– Отбасында ұлттық мерекелерді қалай атап өтесіздер?

– Біздің отбасымызда ерекше жағдай қалыптасқан. Дінге, дәстүрге байланысты қарама-қайшы көзқарас болған емес. Діни сенімге түсіністікпен қараймыз. Мен өз дәстүрімнен айныған жоқпын. Дінімді де өзгертпедім. Ал жолдасым мұсылман дінін ұстанады. Сондықтан жанұямызда ұлттық мерекелер де, христиандардың мерекелері де атаусыз қалмайды.

– Қаламыздағы беделді балабақшаның бірі – «Болашақты» басқарып отырсыз. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне атсалысады екенсіз...

– Тәрбие тіл арқылы бойға сіңіріледі ғой. Бойымнан қазақылықтың иісі шығып тұрғандықтан ба, қазақ тіліне бүйрегімнің бұрып тұратыны рас. Жас ұрпақты елінің патриоты ретінде тәрбиелеп, мемлекеттік тіл ана тілін үйретуге ден қойғанмын. Біздің балабақшамызда 4 жасқа дейін бүлдіршіндеріміз ұлт ерекшелігіне қарамастан бірге тәрбиеленеді. Кейін ата-анасының таңдауына қарай топтарға қабылданады. Егер балаларды қазақылықтан арылмай, ұлттық санада тәрбие берсек, тіліміздің мәртебесі артып, бейбітшілігіміз бен татулығымыз нығая түспей ме? Мен қазақстандық болғаныма қуанамын. Қазақтың келіні болғанымды мақтан тұтамын.

– 2013 жылы Алматыда концерт бердіңіздер. Араға отыз жыл салып, сахнаға шығу қиын болмады ма?

– Бірде Татьяна Бурмистрова хабарласты. «Халықпен қауышайық деген бұрыннан арманым еді. Көпшілік Татьяналар қайда жүр? Неге көрінбейді? Сіз олармен байланыстасыз ба? деп жиі сұрайды. Елдің аманатын аяқсыз қалдырмайық,-деді. Мен алғашқыда құптай қоймадым. Көптеген жылдардан соң, сахнаға шығу оңай емес қой... Әйтсе де, Бурмистрованың өтінішін үн-түнсіз қалдыра алмадым. Сөйтіп біз отыз жылдан соң қайта кездестік. Басқосуда мәскеулік Татьяна Полтавская өзін хан көтерген халық пен қасиетті жерді ұмытпағанын айтты. Осы шақыртуды отыз жыл бойы күтіпті. Өзі дәріс беретін оқу орнында қазақтың өнері мен мәдинетін насихаттауда жалықпайтынын айтып, көңілімізді толқытты. Қазақ даласын сағынғаны сондай, әңгімесі таусылар емес. Ал, концертіміз керемет өтті. Залда ине шаншар бос орын болмады. Бір ғажабы, көбісі 80 жылдардың көрермендері... Құшағымыз гүлге толды сол күні... Көрерменнің шексіз ықыласы мен құрметі көңілімізге қанат бітірді...

– Өнеріңізді отбасына айырбастағаныңызға өкінбейсіз бе?  

— Әрине, өкінбеймін. Бұл туралы ойланған да, өкінген де емеспін. Әнші болсаң өміріңді өнер жолына сарп етуің керек қой. Сондықтан ән әлеміне оралуды ойламаймын. Бірақ сахнадан алыстасам да, өнерден алыстағаным жоқ. Қонаққа барғанда, қонақ күткенде ән саламын. Өзім кәсіби аккордеониспін. Аспаптың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындағым келеді. Қазіргі кезеңдегідей «минусовка-плюсовкамен» ән орындағанды ұнатпаймын. Сол себепті, үлкен сахнадан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Ал, кеш ұйымдастырып, қатысуға шақырып жатса, қарсылығым жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.