СӨЗБЕН СУРЕТ САЛУДЫҢ ЗЕРГЕРІ Избранное

Среда, 29 Май 2024 05:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 814 раз

Қарауылбек Қазиевтің есімі әсіресе Оңтүстіктегі оқырман қауымға жақсы таныс. Ол 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық радио комитетінің бас редакторы қызметін атқарған. Әдебиетке 60-жылдары келген жазушы 45 жыл ғана өмір сүрді. Өмірден ерте өткен талантты жазушының артында аз да болса сапалы мұра қалды. Тірі болғанда биыл 85-ке толар еді. Осы айтулы датаға орай Шымкентте Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы «Сөзбен сурет салудың зергері» атты еске алу кешін өткізді.

Sozben

 

Кітапхана фойесінде жазушының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. «Біз абитуриент едік», «Кемпірқосақ», «Иманжапырақ», «Ақ бантик», «Көктемгі күн күркіреуі», орыс тілінде «Подснежник» сияқты кітаптарынан жазушының жаны табиғатқа жақын болғанын байқауға болады.
Әдебиет әлемінде ерекше қолтаңбасымен танылған дарынды жазушының өмірі мен шығармашылығын еске алуға дос-жарандары, шәкірттері, балалары, мектеп оқушылары келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, еске алу кешінің басты мақсаты – Қ.Қазиевтің өнегелі өмірі мен шығармаларын оқырманға насихаттау.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сатыбалды Дулати жазушымен қызметтес болған өмірінен тың деректер айтты.
– КСРО заманында мектеп оқушылары да түрлі жұмыстарға араласатын. Қарауылбек ағамыз репортаж жасауға ауыл мектептерінің бірінде қой бағуға жіберілетін сынып жайлы материал жасаған еді. Сол оқушыларға бауыр басып, жағдайларын біліп тұруға уәде берген екен. Бір күні оқушыларды тасымалдайтын автобус жол апатына түсіп, барлық жолаушы мерт болады. Қаралы хабарды республиканың ешқандай ақпарат құралы таратпайды. Сол кездің саясаты бойынша мұндай жаңалықтар таратылмайтын. Қарауылбек ағамыз дикторлық қызметін пайдаланып, қайғылы хабарды радио арқылы бүкіл республикаға жариялап, өз басын құрбандыққа шалуға дейін барып еді,– деп Сатыбалды Дулати ұстазының, досының ерлігін еске алды.
Кеш барысында көпшілік алдында «Алақай» өнер мектебінің домбырашылары күй орындап, Қ.Қазиев атындағы № 75 мектеп-гимназиясының оқушылары әдеби композиция қойды.

Абылайхан ОРАЗӘЛИЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.