Сөздiң дәмi мен мәнiн кетiрмейiк

Пятница, 18 Сентябрь 2015 08:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5261 раз

Тіл мәдениетін жетілдіру Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру міндеттерінде белгіленген.

Қазіргі уақытта мемлекеттік стандарт бойынша тілдің барлық салалары теориялық тұрғыдан меңгерілген, бірақ, ауызекі сөйлеуіне, тіл мәдениетіне жете мән берілмеген. Міне, осының әсерінен кейбiреулер сөз мағынасына терең үңілмей, ойын еркін жеткізе алмай жаргон сөздерді пайдаланатындығы жасырын емес. Осының салдары, айналып келгенде, тіл мәдениетіне нұқсан келтіруде. Атап айтсақ, жарнама агенттіктерінде, қоғамдық көліктерде, той-жиындарда, әлеуметтік желілерде, мекемелерде «тіл тазалығының сақталмауы, яғни шұбарлануы» кең  етек алып бара жатыр.
Сөз мәдениеті жалпы ұлт мәдениетінің айнасы іспетті. Сондықтан адамдар сөйлеуге аса жауапкершілікпен қараулары керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, халқымыздың, соның ішінде шымкенттіктердің күнделікті қарым-қатынаста немесе тұрмыста қолданатын тілі осы талаптарға сай келе бермейді. Бізді соңғы кезде әсіресе жастардың тіл тазалығы қатты алаңдатады. Сөз арасында «уже, еще, сразу, если, тема, например, так, остановка, воовще та, ну, давай, звандаймын, мен Казиевада тұрамын, садике баламды алып бардым» «тормозы ұстап қалды», «зависать етіп қалды», «құлаққа лапша ілу», «маяк тастау», «гудок тастау» деген секілді орысша сөздер көп араласады. Міне жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқыны ағылып, жастардың көзін тұмандандырып, санасын уландырып барады. Осыларға төтеп беретін қазақы тіл, ұлттық салт-дәстүр. Бүгінгі жастардың арасында тіл байлығының нашарлығынан дейміз бе, әйтеуір бір сүреңсіз, нәрсіз сөздер өршіп тұр. Оған өздерінше «жаргон ғой» – деп, айдар тағып әлде қандай болатынын қайтесің.
Қазір кез келген адам әлеуметтік желі мен ұялы телефонға тәуелді болып қалған заман. Олар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етеді. Бір-бірімізбен ауызша сөйлесуді ұмыттық. Twitter, Facebook, «Агент», «ВКонтакте» желілерінде сағаттап отырамыз. «Тірі» сөздердің орнына «смайлик» арқылы сөйлесуді әдетке айналдырып алдық. Жасөспірімдер жаргон сөздерді көп қолданады әрі бір тілде таза сөйлей алмайды. Орыс тілінде сөйлесе қазақ сөздерін, ал қазақ тілінде сөйлесе, керісінше орыс сөзін араластырады. Бір-бірімен хат жазысқанда қысқа қайырады. Мысалы: «нестеп», «отқам», «норм», «ок» және де «тартыл», «че там», «привет», «қуайық». Осыған орай «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, сөздің дәмі мен мәнін кетірмейік.
 

Макия АЛИМБЕТОВА,
Шымкент қаласы әкімдігінің
тілдерді оқыту орталығының
оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.