Шымкентте шетелдiк цирк өнерпаздарын тамашалауға болады

Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4692 раз
Соңғы уақытта «Оңтүстік Цирктің» тың ізденістері мен жетістіктері аз айтылып жүрген жоқ. Еліміздегі үшінші цирк саналатын жас ұжым мәдениетіміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүр. Мұнда ерекше қойылымдар, түрлі акциялар мен мерекелік бағдармалар жиі ұйымдастырылады. Әсіресе, цирктің жылжымалы өнер көрсететін тобы тың жаңалықтың бірі болды. Қызықты заманауи қойылымдар мен керемет трюктер үлкен-кішіні бей-жай қалдырмайды.
989e78d02441e945e40a438b66bd3e02«Оңтүстік Цирк»  бір мезгілде 1200 көрерменге қызмет көрсетеді.  2011 жылдың 17 желтоқсанында ашылған ғимарат қаламыздағы сәулетті нысандардың бірі. «Оңтүстік Цирктің» директоры Арман Алиевтің айтуынша, «Джунгли» қойылымы ТМД елдері ішінде алғаш рет цирктік спектакль ретінде қойылып, цирк өнерін басқа қырынан танытты. Астана, Алматы цирктерімен өзара әріптестік байланыс орнату жөніндегі меморандум түзіп, бірнеше  рет тәжірибе алмасу мен гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өнер ұжымы Тараз, Қарағанды қалалары мен өңіріміздің облыстағы балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған  отбасының балаларына  шығармашылық бағдарламаларын ұсынып, қуанышқа бөледі.  Бүгінде  өнер ұжымында  цирк оркестрі жұмыс істейді.

– Шығармашылық ұжымымыз күндіз-түні дайындық үстінде. Екі манеждің бос қалған күні жоқ. Цирк өнерпаздары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақстан-Шымкент» телеарнасымен бірге «Күш атасын танымас» телебағдарламасын дайындады. Бағдарлама қатысушыларына акробаттық нөмірлерді мінсіз орындап шығуға үйретті. «Оңтүстік Цирк» мекемесі Астана күні мерекесіне орай өтетін «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне қатысу үшін арнайы шақырту алды. 2012 жылы осы халықаралық фестивалге Оңтүстік Цирк ұжымы қатысып, «Факир» нөмірімен 3 орынды иеленген болатын. Биыл ҚХР Шаньдун провинциясы, Өзбекстан Республикасының цирк директорлары мен «Оңтүстік Цирк» үш ел арасында жаңа бағдарлама дайындау бойынша келісімге қол қойылды. Осының нәтижесінде «Цирк картасы» идеясын құру жұмысы бастамасын тапты, – дейді «Оңтүстік Цирктің»  директоры Арман Алиев.
DSC 0183Ал, әртістер кішкентай көрермен үшін  шеберлігін шыңдау мақсатында аянбай еңбек етеді. Жас көрермендер үшін қойылымдарын жаңа нөмірмен толықтыруда. Әсіресе, 9 жастағы Диана Миралиева мен Марк Мұстафиннің  өнеріне таңданбайтын жан жоқ. Жас өнерпаздар әуеде жүрексінбей, шеңбер нөмірін шебер орындайды. Өткен жылы цирк режиссері Жорабек Мұсабаев, балетмейстер Нилуфар Халықбердиева, цирк әртісі Сергей Мустафин ҚР «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Иә, аз уақыттың ішінде «Оңтүстік Цирк» Қазақстаннан бөлек, Ресей, Польша, Қытай,  Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен іскерлік-достық қарым-қатынас орнатты. Қазақстандағы цирктердің алғашқысы болып Украина цирктерімен меморандум жасау  цирк жұмысын әрі қарай жандандыра түсті. Алдағы уақытта цирк басшылығы Әзірбайжан, Грузия, Үндістан  цирктерімен  шығармашылық байланыс орнатуды көздеп отыр. Оңтүстік Цирктің бес жылдығына  орай, Шымкент Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһардың бірі болғандықтан «Ұлы Жібек жолы» деген атпен халықаралық цирк фестивалін ұйымдастыру жоспарлануда.
 
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:40
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.