«Құпия материалдар» фильмiнiң жалғасы түсiрiлдi

Пятница, 29 Январь 2016 06:45 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5021 раз

90 жылдары баршамыз бұл фильмді көгілдір экран алдында тапжылмай отырып көрген едік. Фильмнің оқиға желісі қызықты әрі тылсым күштерге толы болатын. Жуырда ғана «Құпия материалдар» («Секретные материалы») қайта түсіріліп, фильмнің жаңа маусымы басталды. Оның Қазақстанда қашан көрсетілетіні әзірге белгісіз. Бірақ, АҚШ пен Ресейдің киносүйер қауымы осы аптада тамашалап, бағасын беруде. Сонымен, фильмнің жалғасы қандай, ондағы актерлер құрамы өзгерді ме? Премьерадан соң қандай пікірлер айтылуда?

43 mainКиноның жаңа сюжетінде өзімізге белгілі кейіпкерлер Фокс Малдер (Дэвид Духовны) мен Дана Скалли (Джиллиан Андерсон) Федералды тергеу Бюросында бұрынғыдай бірлесіп жұмыс істемейді. Әрқайсысының жеке өмірі, тағдыры болғанымен, арада баласы бар. Құпия материалдарға қатысты әдепкі жұмысына оралу туралы ойланбайды да. Бұрынғы федералды агенттердің бір сарынды өмірін тележүргізуші Тэд О’Мэйлидің жаңалығы күрт өзгертеді. Ол АҚШ-тың әлемге қатысты астыртын әрекетін ашқаны жайлы мәлімдейді. Оның айтуынша, Ақ үй өзге планеталықтарға олардың жаңа технологияларын біліп алмақ ниетімен бірнеше жылдар бойы тәжірибе жасап, бүкіл дүниежүзінде лаңкестік жасауға дайындалып жүр еді.
АҚШ-та түсірілген «Құпия материалдарда» Дэвид Духовны мен Джиллиан Андерсоннан өзге Митч Пиледжи, Уильям Б. Дэвис, Аннабет
Гиш, Шейла Ларкен, Аннет Махендру секілді актерлер түскен. Фильмнің режиссері – Крис Картер. Ал сценариін Крис Картер, Дэрин
Морган және Глен Морган жазған. Айта кетейік, фильм көрермендер тарапынан сынға ұшыраса да, бірі балалық, енді бірі жастық шағын еске алып, ерекше күй кешіпті.
Қазір фильмнің оныншы маусымы көрсетілуде. Алғаш рет экранға 1993 жылы шыққан еді. Бүгінгі күнге дейін режиссер Крис Картер «Құпия материалдардың» желісі бойынша, екі толық метражды фильм түсіріп, («Құпия материалдар: Болашақ үшін күрес» және «Құпия материалдар: Сенгім келеді») жұртшылық назарына ұсынды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.