Өмiрiнiң мәнi – зергерлiк

Среда, 10 Февраль 2016 09:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5010 раз

Қазақ халқының зергерлік өнері ерте заманнан бастау алып, бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Керісінше, шебердің қолынан шыққан бұйымдар жоғары бағаланып, ерекше сұранысқа ие. Сондай зергерлердің бірі – шымкенттік Бағлан Желдібаев. Оның қолынан шыққан әрбір әшекей – әсіресе, қыз-келіншектердің сән-салтанатын арттыруда.

IMG-20160129-WA0026Сұхбат алу үшін Бағлан Желдібаевтың шеберханасына арнайы бардық. Әдеттегідей, әшекей бұйымдардың бірі – жүзікті жасап отыр екен. Алғашында сұрықсыз көрінген күміс жүзіктің аяқталғанда қаншалықты әсем бұйымға айналатынын бар ынтасымен түсіндірді. Сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, тұмарша, сақина, бесбілезік, белбеу, қапсырма және көптеген әшекейлер жерлесіміз Бағлан Желдібаевтың қолынан шыққан. Ол бұл өнердің қыр-сырына 90 жылдары қызығып, үйрене бастайды. Сөйтіп, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжіне оқуға түсті. Ұстазы Әшірбек Желдібаевтың бағыт-бағдарының арқасында күміс, қола секілді металдарға жан бітіріп, небір керемет дүниелерді жасайды. Қазір осы оқу орнында дәріс береді. Өнердің осы түріне баулып жүрген шәкірттері де аз емес. Олар– Дәурен Бекназаров, Бақытжан Үсенбеков, Бексұлтан Серікбай және Жандос Әуесбек сынды жас шеберлер. Бағлан Желдібаевқа түрлі тапсырыстар түседі. Әсіресе, шетелде тұратын қазақтарға қолөнер бұйымдарын ерекше ыждаһаттылықпен жасайды. Өйткені, тапсырыс берушілердің айтуынша, ол жақта қазақтың ұлттық нақышында жасалынған зергерлік әшекейлерге деген сұраныс көп.
– Жуырда ғана шетелде тұратын қандасымыз тұмарша тапсырыс берген. Сырға, сақина да жасап бер деп қолқа салды. Бұдан бөлек, құда-құдағиларына жүзік жасататындар да бар. «Сатып алғаннан, қайталанбайтын үлгіде жасатқымыз келеді» дейтіндер бар. Дайын болған бұйымды тапсырыс беруші қуанып, алғысын айтып әкетіп жатса, төбем көкке жеткендей болады. Бұл менің еңбегімнің бағаланғаны. Жұмысым көңілімнен шығып жатса, балаша қуанатыным бар. Бар өнерімді салып жасайтын, жүректен шыққан әшекейлер ғой, – дейді шебер.
Бағлан Желдібаевтың осыдан бірнеше жыл бұрын күмістен жасаған ер-тоқымының әдемілігі сонша, оны қалаған азамат 8 мың долларға бағалап сатып алыпты. Қазір әншілерден тапсырыстар түсе бастаған. Олар сырға, білезік, бесбілезік, алқамен қатар, асыл тастармен көмкерілген белдік тапсырыс береді екен. Орайы келгенде айта өтейік, шеберді бір ғана нәрсе қынжылтады. Қазір қолөнер бұйымдарын арзан бағада алғысы келетіндер аз емес. Оның айтуынша, қандай да бір затты жасап шығару үшін көздің майын тауысатын ұсақ-түйек жұмыстары өте көп. Оған қоса күміс пен асыл тастардың бағасы да қымбат. Әсем әшекейдің арзан бағаланбайтыны да содан.
Зергердің ұлы Жандос әкесінің ізімен темірден түйін түйюді үйреніп жүр. Ол да Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің мүсін факультетін бітірген. Бағланның жары Бақыт та осы оқу ордасын тәмамдапты. Үш перзентті тәрбиелеп отырған өнерлі отбасы өздерін бақытты санайды. Бағлан Желдібаев болашақта өзінің жолын қуған ұлы мен шәкірттерінен мол үміт күтеді.

 IMG-20160129-WA0028  IMG-20160129-WA0031

Последнее изменение Среда, 10 Февраль 2016 09:15
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.