Уәлибек Әбдiрайымов, «Шаншар» театрының директоры: Оңтүстік – қазақы қалжыңға бай өлке

Среда, 10 Февраль 2016 08:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6124 раз

Көрерменнің уақытын ұрламаған жөн

photo1– Уәлибек аға, әзіл-сықақ театрларын алсақ, көбінесе Астана, Алматыға барып концерт беретін – Оңтүстіктің театрлары. Шымкенттік өнер ұжымдарының ерекшелігі неде?
– Олардың ерекшелігі – қазақы қалжыңдарында. Себебі, мұнда әзілді түсінеді. Оңтүстікте 3 миллионға жуық халық тұрса, оның 2,5 миллионы қазақша сөйлейді. Тілдік қор өте жоғары. Сондықтан мұнда театрлардың ашылуы да заңды құбылыс.
– Шымкентте халықаралық «Әзіл әлемі» фестивалі өтті. Осы жөнінде айтсаңыз. Жалғасын таба ма?
– Орта Азия көлемінде ұйымдастырылған бұл фестивальге Ресейден, Армениядан, Қарақалпақстаннан, Қырғызстаннан әзілкештер келген болатын. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін дүние. Осындай фестиваль өткізу менің арманым болатын. Оның жүзеге асуына бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырза көп көмегін тигізді. Мойындау керек, республика бойынша әзілдің отаны Шымкент деп есептелінеді. Мақсатымыз – қазақтың әзілін, қалжыңын әлемдік деңгейге шығару болатын. Болашақта да бұл жоба жалғасын табады деген сенімдемін. «Әзіл әлемі» халықаралық дәрежеде болғандықтан, оны да жыл сайын өткізе беруге болмайды. Халыққа әжуа болып кетесің.
– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері қазақтың әзіл-қалжыңына көп сын айтылуда. Осы жөнінде не дейсіз?
– Сатираның жазбашасы болсын, көркем сатира болсын, әзіл арзандап бара жатқан жоқ. Театр ұжымдарының көбейгені жақсы. Дегенмен, әзілдің құнарын сақтауға көңіл бөлуді ұмытпайық. Нағыз әзіл тілдің дамыған жерінде болады. Ол үшін қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді ойлауымыз қажет. Ата-бабамыз үш нәрсені аманатқа қалдырды: жерді, тілді, дәстүр мен дінді. Біз сол аманатқа қиянат жасамауымыз керек. Қысқасы, әзіл түзелуі үшін, тіл түзелуі керек деп ойлаймын.
– Ер адамның әйел болып киінуі, қазіргі таңда қаптап кеткен жөнсіз әйел образдарына сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл өте дұрыс сұрақ. Актер өз ыңғайына келген рөлді сомдайды. Мысалы, Жүсіпке батырдың рөлін берсем, бәрі жабылып қарсылық білдірер еді. Адамның бәрі де батырдың рөлін ойнай берсе, болмайды ғой. Станиславский әдісі деген бар, қандай рөл сомдаса да, шеберлігіне қарай алып шығу керек. Ал жапатармағай әйел боп киініп, сол рөлді ойнағысы келетіндерге айтарым – ойна, егер қолыңнан келсе! Қолыңнан келмесе, оны мазақ етудің қажеті жоқ. Көрерменнің уақытын ұрламаған жөн. Бізде Нұржан Құлшынбаев әйел рөлін керемет алып шығады. Мен бірінші қыздарға берем ол рөлдерді, бірақ, кейде сәтті ойнай алмай жататыны да бар. «Өнер қырандары» театрында Мадияр деген жігіт кемпірдің рөлін керемет сомдайды. Рөлді беретін кезде режиссер болып, тіптен көркемдік кеңес болып ойлану керек.

Шынайы сын – театрға қолдау

– «Шаншар» қойылымдары арасынан көңіліңізден шықпағандары бар ма?
– Жалпы, мен «Шаншарды» теледидардан көргім келмейді. Ұяламын (күлді). Болмайтын нәрсемен халықты күлдіріп тұрғандай боламын. Актерларда кейде асыра сілтеу деген болады. Сол өтірік ойнауды көріп тұрғандай сезінемін. Сол үшін де көп көре бермеймін. Мен басқалар үшін емес, өзім үшін, өзімнің монологтарым үшін ұяламын. Мысалы, бізде бұрын «О дүниедегі оқиға» деген интермедиа болды. Былай қарағанда өте әдемі, жұрттың бәрі күледі, бірақ діни жағынан өте сауатсыз шықты. Басқаның жазған дүниесіне емес, өзімнің жазғаным болғандықтан сыни көзқараспен қараймын.
– Қазіргі «Шаншардың» танымалдығы, әлеуеті қаншалықты деп ойлайсыз?
– Оны көрерменнен сұрау керек. Менен сұраса, театр қалай ашылды, солай еңбектеніп келе жатырмыз деп айтар едім. Тек заманға қарай даму болады. Себебі эстрадалық жанр өзгеріп тұруы керек. Сондықтан сол жанрға ілесіп келе жатырмыз деп ойлаймын. Мысалы, Жүсіптің Майкл Джексон болып билегені, менің рэп айтқаным – заманға қарай қойылған дүние. Бір айтарым, «Шаншар» ешқашан бірінші орын болған емес. Олай айтуға болмайды. Себебі әркімнің өз көрермені бар. Біреу «Терісқақпайды» жақсы көруі мүмкін, біреу «Тақия мен мафияны», біреу «Тамашаны» әлі күнге дейін ұнатады, енді біреу «Бауыржан-шоуды» іздейді. Әр театрдың өзіндік орны бар.
– Халық неге жұлдыздардан мінсіздікті талап етеді?
– Маған көп адам келеді, «Шаншармен» шығып, жұлдыз болсақ деп. Біз «Шаншарды» жұлдыз болу үшін емес, өнерімізді өрістету үшін, қазақы қалжыңның тынысын кеңейту мақсатында аштық. Жұлдыз деген сөзді тек әртістерге ғана айтады. Бірақ, басқа саланың, мысалы, сантехникті алайық, олар да өз ісінің шеберлері. Оларға да сұраныс көп. Неге соларды, неге таксисттерді айтпаймыз жұлдыз деп? Менің Әлішер деген көлік жөндейтін жолдасым бар. Машинаның тілін керемет біледі. Қолынан келсе, көмекті аямайды. Ол ешқандай да жұлдыз емес. Әртістердің арасында да дәл сондай қарапайымдары бар. Уақыты болса, тойыңызға келеді, уақыты болмаса, кешірім сұрайды.
– Сіз өзіңізді «жұлдызбын» деп санайсыз ба?
– Менің қаншалықты жұлдыз екенімді жанымдағы әріптестерімнен сұрағаныңыз жөн-ау. Егер маған сұраныс көп болса, демек, жақсы жұмыс істеп жүргенім. Бірде «Шаншардың» сәтті қойылымдарының біріне белгілі сатирик ағаларымыз Ғаббас
Қабышев пен Үмбетбай Уайдинді
шақырдық. Сонда Ғаббас ағамыз: «Қойылымдарың өте керемет болды. Осыған менменсіп, тоқтап қалмаңдар, ізденіңдер», – деп ағалық ақылын айтты. Осы сөзден де нәтиже шығаруға тырысамыз. Жалпы, «Шаншар» арқылы танылды деген де қате ұғым. Кейде жұртшылық «Заттыбекті таныттыңыз» деп айтып жатады, қайта Заттыбектің арқасында менің атым шықты. Бәлкім, Заттыбек «Бауыржан-шоудан» шыққанда сол театрдың аты тіпті аспандап, көтеріліп қалар ма еді? Анығында, Заттыбекті, Жұбанышты сахнаға әні керемет болған соң, шығаратын едім.

Кино түсiру жоспарымызда бар

– Сіздер «Шаншарда» рөлді қалай таңдайсыздар?
– Актердің икеміне, шеберлігіне қарай береміз Бізде әртістердің бәрі Жүсіпке еріп ойнайды. Ол дұрыс-бұрысын мұқият айтады, көрсетеді. Қытай сатиригінің «Орындық сату» интермедиасын қазақшалап жазып шықтым. Ондағы рөл
Ғалымжан Қалыбаевқа арналғандай болды. Болмаса оны
Дәурен де ойнап көрді, Нұржан да көрді. Бірақ ақыр аяғында
Ғалымжан ғана сәтті алып шықты. Сосын мен «Әуежайда» деген интермедианы
Ғалымжан мен Гүлнұрға арнап жаздым. Қойылымдарды өзіміз жазғандықтан, актерлардың шеберлігіне қарап та құбылтамыз.
– Отбасыңыз жөнінде бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз.
– Көп адам сұрап жатады, балаларыңыз өнер жолын қуды ма деп. Үшінші балам сахнаға шығып, «Жайдарманға» қатысқысы келген. Бірақ оған көп еңбектену керек. Мен балама кәсіби әртіс болу үшін ізденіс керек, дайындығың болмаса, өнерге келмей-ақ қой, адам ретінде бұзылып кетесің дедім. Қазір екі ұлым үйленген. Келіндеріміз қолда, бір немерем бар. Төртінші балам былтыр мектеп бітірді. Жұрт қатарлы барға риза, жоққа сабыр етіп өмір сүріп келе жатырмыз.
– Қызық-думанның ортасында жүресіз. Бастан кешкен бір қызықты оқиғаңызды айтып берсеңіз...
– Студент болдық. Жатақханада жатқанымызда мұрнымызға еттің иісі келді. Қарнымыз аш. Бөлмеде үш жігіт тұрдық. Мен, Шәмшиддин Керимов және Ерлан Әбутанов. Сонымен біреуіміз есікті қарауылдап, біреуіміз ас үйді қарауылдап тұрдық. Ерлан шапшаң еді, ешкім жоқта соның қолына сүлгі беріп, қазанға қарай тарт дедік. Ол зып еткізіп көтеріп келді. Жарықты сөндіріп, шанышқымен жейік десек, ет ілінбейді. Қарасақ, шашты әсемдейтін бигуди екен. Осылайша, ұрлық жасаймыз деп өзіміз алданып қалғанымыз бар.
– Дәл қазір нені армандайсыз?
– Арман өте көп. «Армансыз жігіт дәрменсіз» дейді ғой. Өнер өлмесін деп армандаймын. Бабалар мұрасына қиянат жасалмаса екен деп армандаймын. Үлкен ақсақалдар айтатын, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» деп. Сол секілді қазақтың қадірі қашпасын деп армандаймын.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Тағы кино түсірсем ба деген ойдамын. Бұл кино «Өгізбайдың отбасы» жайында болмақ. Сол қойылымның жалғасы емес, соған ұқсас мазмұнмен шығарылады. Мұнда шалдың 9 емес, 3 ұлы болады. Ауылдың қарапайым қызықтары баяндалады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмаржан АБИБУЛЛАҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 10 Февраль 2016 10:24
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.