Шымкенттiң кереметi

Среда, 24 Февраль 2016 06:05 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4522 раз

♦ «Отырар» кiтапханасында бүгiнде 350 мыңнан астам кiтап қоры бар ♦

otrar kirapkhana-1

Шымкент қаласындағы облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебеп кітапханасының табалдырығынан аттағаннан-ақ ерекше бір жылылық шуағы сезіледі. Өйткені, білім мен ғылымның кені, рухани мекен, құтты орда бұл.  Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта алғаш боп қабырғасы қаланған, сәні мен салтанаты келіскен еңселі ғимараттың ішінде «ізденемін», «оқимын» деген талапты жанға керектінің бәрі бар. Кітапхана директорының орынбасары Асылзат Арыстанова 2014 жылдың 30 қазанынан бері қала, облыс тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқандарын жеткізді. Сөйтті де әр бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар ету үшін жол бастады.

1824 жылдары басылып шыққан

otrar kirapkhana-3Өңіріміздегі 423 кітапханаға ғылыми-әдістемелік көмек көрсететін бұл орталық кітапхана қорында бүгінде 350 мыңнан астам кітап қоры мен 14 бөлім бар. Мерзімді басылымдар секторында 1935 жылдан бергі құнды өлкетану мұрағаты мен газет-журналдардың тігінділері сақталған. Ал кітап қорын сақтау бөлімі арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл бөлімдегі кітаптар қысы-жазы 18 градус жылылықта тұрады. Кітаптар күн көзінен, ылғалдан сақтандырылған. 

– Кітаптар дымқыл жерде тұрса, бүлінеді. Сондықтан да ерекше күтімді қажет етеді, ал біздің кітап қорын сақтау бөлімінде олардың еркін «тыныс алуы» үшін барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді Асылзат Арыстанова. Ал кітап қорын толықтыру бөлімі қызметкерлері облыс көлеміндегі 423 кітапханаға мемлекеттік тапсырыспен түскен кітаптарды таратумен қоса кітапхана қорына түрлі жолмен түскен кітаптарды қабылдаумен айналысады.
«Сирек қор бөліміне» кіргенімізде кез келген жанның үйінен табылып, қолына түсе бермейтін, яғни, сирек кездесетін үш мыңнан астам кітап сөреде тізіліп тұр. Мұндағы ең көне кітаптың бірі 1824 жылдары баспадан шыққан. Олар арнайы шыны сөрелерде орнатылған, сондай-ақ, электронды нұсқада да оқуға оқырмандардың мүмкіндігі бар. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға, ізденушілерге қомақты, салмақты дүниелер ұсыну үшін құнды кітаптарды жан-жақтан жинақтап жатыр. Облыс көлемінде үйді-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын қолға алған.
– Әр үйдің кебежесінде, сандығында ата-бабасынан мұраға қалған көне кітаптар сақталуы мүмкін. Бірақ бізде көп адамдардың түйсігінде «ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл кітаптарды беріп жіберсек, ата-бабамыздың әруағына қиянат жасағандай боламыз» деген ой тұрады. Сол себепті де кей азаматтар сандықтың түбінде жата бергенін жөн көреді. Тілін түсінбегесін ешкім парақтамайды. Жарамсыз күйге түссе ешкімге қажеті болмай қалады. Бізге өткізсе, кітапты шынымен жауып, қасына кімнің тапсырғанын жазып қоямыз. Арнайы температурада сақталады. Ізгі шараға қолдау көрсетіп, парсы, шағатай, араб тілдеріндегі кітаптарды әкеліп беріп жатқандар бар, – дейді сирек кітаптар қорының бөлім меңгерушісі Жәмила Қожанқызы. Бұдан бөлек өткен жылы 21 сирек кітап пен 92 газет сандық форматқа көшірілген. Электрондық мәліметтер базасының қоры да жыл сайын өсіп келеді екен. 2014 жылы 3 мыңнан астам мәлімет болса, былтыр 5 мыңнан астам мәлімет енгізіліпті.

Оқырман игiлiгi үшiн...

otrar kirapkhana-4«Кітап қорын қайтсек арттырамыз?» деген сауал әрбір кітапхана қызметкерін мазалайды. Сол себепті олар әртүрлі акциялар мен іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Қайбір жылы өткізілген «Кітап қазынасы – Отырарға» атты акция аясында Түркістан ауданы 7 мың дана, Отырар ауданы 2 мың дана кітап сыйға тартыпты. Ал облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы – 700 дана, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева – 107 дана, «Атамұра» баспасы – 115 дана, ақын Баян Бекетова – 60 дана кітап тарту етсе, ақын Әбілда Аймақ ағамыз өмірден озарынан 1-2 апта бұрын 456 кітабын осы кітапханаға тапсырып кетіпті.
– Тек мемлекеттік тапсырысқа иек артпай, осындай шын жанашыр оқырмандарымыздың арқасында кітап қорымыз молайып жатқан жайы бар. Әрине, үйде сөреде шаң басып тұрғаннан гөрі, көптің қажетіне жарағанын құп көретіндердің қатары артып келе жатқаны қуантады, – дейді кітапхана директоры Закира Парымбекова.
Кітапханада оқырмандардың қызығушылығы мен танымдық қабілетін арттыратын түрлі клубтар жұмыс істейді. Айталық, «Ғасырлар мұрасы», «Жас түлек», «Дидарласу», «Шамшырақ», Libclab «Әлем әдебиеті», тағы басқа. Әр клуб мүшелерінің өзіндік ұстанымы, ұраны бар. Олар жиі бас қосып, оқыған кітаптарын бірге талқылайды, іс-шараларға белсенді қатысады. – Бұлардың ішінде «Оқырмандар отауы» әдеби бірлестігінің жөні бөлек. Өйткені биыл бұл бірлестіктің құрылғанына 11 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында олардың қатысуымен әдебиетке құштар қаншама талантты жастың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Мархабат Байғұт, Мекемтас Мырзахметов, Еркінбек Тұрысов, Бақытжан Алдияр, Нұрбибі Омар, Зылиқа Жантасова, тағы басқа ақын-жазушылар, оқытушылар мен журналистер оқырмандар арасынан жиі табылады, – дейді көпшілік іс-шаралар секторының меңгерушісі Әйгерім Алдабергенова.

Кәсiбiн сүйген кiтапханашылар

otrar kirapkhana-2«Отырар» кітапханасында бүгінде 90-нан астам қызметкер бар. Оның 53-і кітапханашы. Білім мен тәрбиенің, ғылым мен өнердің белгілі сатыға дамуына және оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп келеді олар. Нәтижелі жұмыстарының арқасында былтырғы жылы кітапханаға келушілердің саны 133 мыңнан асқан.
Тәуелсіздіктен кейінгі қиын-қыстау кезде ауылдық жердегі кітапханалар бірінен-кейін бірі жабылып жатты. Бірақ кітапханашылар кітап қорын талан-таражға түсірмеді. Үйлерінің төрінен оқырманға орын ұсынды. Тиын-тебен сұрамады. Олар өйткені өз мамандықтарын сүйетін еді. Ел еңсесін тіктегеннен кейін кітапханалар қайта есігін ашты. Кітапханашылар озық ойлы, мәдениетті оқырман тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін салуда.
Сананы тұрмыс билеп, күйбең тірліктің көшіне ілесе бермей, бір сәт болсын, өзіңіздің рухани дамуыңызға да күш жұмсаңыз. Кең де жарық, жылы да шуақты мекенде отырып, кітап пен газет-журналды парақтағанға не жетсін?! Ол үшін жеке куәлігіңізді алып орталық кітапханаға барсаңыз болғаны.

Другие материалы в этой категории: « НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН? «Қазақ елi» қалай түсірілді? »